Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр (53-бөлім)

Қобыланды · С. Ділманов нұсқасы · 2 мин оқу

Құртқа:

—Жан ата, бұлты балаңның,
Тілегі қабыл болмай ма
Зарланған ғаріп адамның.
Жалғызың жауға кеткенде,
Амандығын білерсің.
Белгісі еді бұл берген
Сорлы ғаріп анамның.
Ақ зарбап пен Қыдырбай
Зарланып бұлтқа қарады.
Көтеріліп бұлт тарап
Жайына кетіп барады.
Келуіне қарамай
Айғырын сойып ақыртып,
Бурасын сойып бақыртып,
Қойдан қошқар шалады.
«Жалғызым аман келеді» деп
Халқына хабар салады.
Төребай, Әбіш, Әлидей
Ел бастаған қарттары
Бәрі де келіп қалады.
Қыз келіншек, бозбала
Толды орда маңына.
Ат таппаған кедейі
Қыдырбайдан сұрады,
Алдынан шығып баруға,
Қарсылап ерді алуға.
—Менен несін сұрайсың
Жылқыға бар да ала бер,
Жарағанын мініңдер,
Бүгінгі күн аяман,
Кемпір менен шал қалсын,
Есті білген жастарың
Алдынан шығып барыңдар.
Адасып жүрме, ау халқым,
Сайымға көріс әуелі,
Қобылан мұны кектемес,
Қадірлі қымбат қонағы,
Құрметтесең Сайымды
Оның да, халқым, шетте емес.
Қарлыға менен Қарлығаш
Аққұртқаға келеді.
—Шықсақ қайтеді алдынан
Қыз-келіншек ертіп.
Құртқа мақұл көреді:
—Қарлығажан, сен бар,—деп,
Мен шықпай-ақ қояйын.
Атам менен енемнің
Қасында бірге болайын,
Ұят болар менің баруым.
«Мақұл» деді Қарлығаш,
Екі жүздей қыз-келіншек
Атқа мініп жүреді,
Бозбаласы бір бөлек
Жүрді қаптап алдынан.

Шақырды Құртқа қасына
Қарлыға мен Қарлығаш,
Езуін тартып күледі.
—Аңдамай қалма, батырлар,
Ілгері барың екеуің.
Екі қыз бар бұл топта,
Біреуі болар қарындас,
Батырменен туысқан.
Жаңылмасам Қалипа
Ханның қызы Алмамбет.
Көріскен жерде екеуің
Жеке қылың құрмет.
Қателесіп жаңылып,
Ашуы келіп батырдың
Жазым қылып жүрмесін,
Қарлыға, соған мықты бол.
Екі көздің бірі деп
Алып келет қолына.
Ерекелер батырдың
Қалмай кейін соңында
Илия ермей қалады,
Ата-ананың жолы сол,
Оны Сайым біледі.
Осы араны ескертем,
Батыр аңқау, ер көдек,
Желігіп жүрген қос батыр,
Айтпады Құртқа демеңіз.

Қарлығаш:

—Жеңеше, батыр деме енді бізге,
Ескертем көкем барда айта көрме,
Оңаша сынасаңыз жетет бізге,
Күледі сонда Құртқа қыз сөзіне.
—Шырақ-ау, қолда жоқта сіз емес пе ет,
Кешегі жауда шапқан жеке өзіне.
Ауылда көкең жоқта қорған болған,
Екеуің батыр демей мен не дейін.
Ақымды толық берсең сен екеуің,
Алдында мен көкеңнің сөйлемейін.
Қарлығаш қалағаның беремін деп,
Күледі жеңгесіне сонда қарап,
Тастайын қару-жарақ сайманымды,
Мұнымен барсақ ұят болар деп.
Аққұртқа тастама деп құралыңды,
Батырлар білсін деді қыранымды.
Болмаса сен екеуің бүгін барма,
Жандырған шырағымды сен екеуің,
Бұл көпті бөтен демес көкең өзі.
Екеуің еңбек етіп ел баққаның,
Батырдың бөтенменен көрсін көзі.
Тапсырып барлық жөнін қалды Құртқа,
Қарлыға Қарлығашпен жүріп кетіп,
Қосылды алдындағы қалың топқа.
Саулатып бәрі жолмен келет жүріп,
Қаратат әр төбеден кісі бөліп.
Бұларды осы араға қоя тұрып,
Ерлерге бұрылайын көңіл бөліп.

Қобыланды

Барлығы: 307 жыр

Тағы оқыңыз