Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр (23-бөлім)

Қобыланды · С. Ділманов нұсқасы · 4 мин оқу

Сенің айтқан жеріңе
Өл десең де өлемін.
Тілегім бірге досымсың
Осы айтқаным бөтен бе,
Айтыңызшы, қырық жігіт,
Сайекең алда тұрғанда
Еш нәрседен тілеуім
Лайықпа мен үміт.
Жігіттер шулап сөйлейді:
—Батырдың сөзі жөн,—деді.
Сайеке, қашпа бұл жерден
Өзің басшы хан болдың.
Ортамыздан сайлаймыз
Атағының жолы еді,
Шариғатқа жөн деді.
Жаудан өлсек шейітпіз
Ақ кигізге аунатып
Хан қоямыз, Сайеке.
Қайтып елге барғанша
Басшы болсақ тұрамыз
Хансыз болсақ, болар ма
Енді біздің қарамыз.
Алыс сапар ұзақ жол
Жауға кетіп барамыз.
Үкіміңе көнерміз,
Соңынан тегіс ерерміз.
Осыны айтып қырық жігіт,
Басшы болып Қобылан
Ерсайымды көтерді.
Басшы қылып өздері
Хан сайлаған ерім деп,
Өздерінше той қылып
Қуанышты шаттықпен
Мерекесін жасады.
Көп айтқан соң амал жоқ,
Сайекең көніп қалады,
Екі күн жатты дем алып.

Екі күннен соң дем алып, ат тынығып болғансын, Қобыландыны шақырып алып Сайым бастады:—Ей, Қобылан шырағым, сені жұмсаймын, осы көлдің арғы бетінде жалғыз аяқ жол бар, сол жол Қаратауға жеткізеді. Бұл жол Қырымның батырының қайсысы барса да шұбырып жүрген жол еді. Сен барып тауды бұзып жолды ашып қой, саған міндет осы, жол таусылған жерге қай уақытта барсаң да сол жерге түс. Мен естіген хабарда жол таусылған жерде қаз бойы қазып көмген тас бар, сол қабырға қонуың керек. Барған батырлардың қайсысы болса да, жағдайын жазып кеткен. Бұлар мән-жайы менен аттың бабы мен азық іздеп, киік-құлан қағып барамын. Сен ертең ерте, Алла қаласа, аттан дейді. Қобылан:—Құлдық тақсыр, мақұл,—деп орнынан тұрып қош алды. Атты баптап, азықтарын даярлап, ертең-ерте Қобылан Сайымнан бата алып ілгері жүріп кетеді.

Қобыланның тауға қарай маңдайлап жолға түсіп кетіп бара жатқандағы жүріс жағдайы

Қобылан жолға түсті иә Құдайлап,
Ат күйі керек болар ертең деп,
Қинамай бір жүріспен жүрді жайлап.
Торымен жел жорытып жүр дағы,
Алады біраз жерді ойдағыдай.
Алыс жол ары шалғай десе дағы
Торша ат шаршар емес келіп тынбай.
Шалдырып анда-санда сол арада
Келеді ескілікті сүрлеу жолмен,
Арада сусыз асқар таумен шулы
Алады желіктіріп торы тұлпарды.
Батырдың тау көргенше көңіл іңкәрді,
Араға жеті қонып көрді тауды.
Жолына үш айшылық жүрді жеті,
Таусылды тауға келіп жолдың шеті.
Күн болды намаздігер мезгіл өзі,
Бір бұлақ ағып жатыр тастан шығып,
Батырдың түсті келіп соған өзі.
Әзірленіп дүмше қойып отын жағып,
Артынан намазының тамақтанды.
Алланы бір жаратқан жадына алды
Сиынып Ер Қобылан пірлеріне,
Жіберіп атын отқа жатып қалды.
Жол жүріп неше күндей шаршаған ер
Оянды таң атқанда тыныш ұйықтап.
Намазын оқып алып етіп тамам,
Таусылған жерге келіп тас қараған.
Қар бойы жерден тапты қақпақ тасты,
Тасты алып Ер Қобылан қайран қалды.
Жазыпты келген ерлер жолдың жөнін,
Тақалып тау түбіне барың тіке,
Қырық қадам күн шығысқа барсаң өзі,
Сол жерде есік бар деп жазыпты өзі.
Ақыры Ер Қарасай-Қазименен
Ең соңы келген болар екен өзі.
Тастан оқып қанған соң,
Осындай хабар алған соң,
Жат етті батыр Алласын.
Тасты қайта көмеді.
Атын ерттеп мінеді,
Тауға тіке жүреді.
Аттан түсіп Қобылан
Қырық қадам жүріп қадамдап.
Есікті тесіп қарады,
Табалмай таудан есікті
Қайран болып тұрады.
Оқыранып торша ат
Үйілген тасқа барады.
Аяқпен тарпып көрсетіп
Ишарат ерге қылады.
Түсініп барды Қобылан
Торы аттың тауып тұрғанын.
Он қадам артық кетіпті
Қобыланның қадамы.
Артық екен бөтеннен
Өлшеуін жердің білмеген,
Адамнан есті жануар
Есікті тапты іздеген.
Қуанып кетіп батырың
Тауға шелгек салады.
Құшақтап тасты алады,
Тауды талқан қылады,
Күрекпенен балталап.
Көрінді есік жылтырап.
Тегіс ашты жан-жағын,
Шойын менен қара тас—
Қайнатып қойған бұл есік.
Аң-таң қалды Қобылан
Бозлатып бұлар нешік.
Есікті аңдап қараса,
Жетпіс екі таңба бар,
Балтаның түскен белгісі.
Қол қойыпты хат жазып
Келген ерлер тарығып.
Ер Қобылан торықты
Бұза алмай кеткен бұлар деп,
Маған қалай болар деп.
Келген екен Едіге,
Одан туған Нұрадын
Жеткізбей Алла мұрадын
Жасында өлді деп еді.
Сонан бөтен тұқымы
Түгел келді деп еді.
Айса менен Жаңбыршы
Келіпті Мұса данышпан,
Ақылмен айласын
Бәрін бұған тауысқан.
Орақ пенен хан Мамай,
Ахмет пенен Телағыс,
Ералы менен Ермекбай,
Есқұлы менен Бұқарбай,—
Келіпті батыр саны жоқ.
Асам деп таудан бірталай
Бәрінің де анты бар,
Есікте жазған хаты бар.
Бұзамын деп зарығып, тарығып,
Енді мұны апырай.
Ең ақырғы келгені
Қазы менен Қарасай —
Қанды Орақтың баласы,
Темірхан ұлы Төрехан,
Алпамыс ұлы Жәдігер
Бүгілген мұнда сансыз ер.
Мәліктің ұлы ер Шора,
Қоянақ ұлы Қартқожа,
Қарыстың ұлы Ер Тарғын,
Бақтың ұлы Жалманбет,
Зарлықтың ұлы Алманбет,
Әлібек пен жан Шора
Келмеген тауға шамасы.
Төте жолды салыпты,
Таудан тасты алыпты,
Орақтың Қазы баласы.

Тағы оқыңыз