Қобыланды батыр (4-бөлім)
Қобыланды · Мергенбай нұсқасы · 3 мин оқу
Базарда бар ақ мата,
Ойнақтайды жас бота,
Бұл сөзімде жоқ қата.
Әкесімен сөйлесіп,
Атқа мінді күн бата.
Отарда жатқан жылқының
Қарасын көрді таң ата.
Барса малы аман-ды,
Құлдар көріп қуанды,
Қобыланды батыр келгесін
Көтеріп қолға ту алды,
Судай тасып жұбанды,
Қыдыр дарып, бақ қонған.
Келгеннен соң Қобыланды,
Бөтен сөзді қоялық.
Неғылып жатыр қыз Құртқа,
Енді содан сөз қозғап,
Ақ қағазды боялық.
Естеміске қосылып,
Ит жүгіртіп, құс салып,
Қобыландыдай батырың
Жата берсін балалық.
Аз ба, көп пе жатқаны
Қобыландының қаралық,
Құртқаның баққан Бурылы
Жасқа толып, тай шықты.
Жалтырап маңдай айшықты,
Тайдан құнан бұл шықты,
Тасқа тиген тұяғы
Көмірдей ойып жаншыпты.
Құнаннан шығып дөненге,
Күн көрмеген көбең-ді,
Жуандап мойыны өссін деп,
Бес байталға жіберді.
Бестісінде кестіріп,
Құртқа сұлу үйретті.
Бестісінде үйретті,
Жібек арқан құлаштап,
Таралып мойыны өссін деп,
Ұзын байлап мойнына
Буырылға сүйретті.
Алты жаста ақтатты,
Өзіне өлшеп Бурылдың
Алтыннан тұрман қақтатты.
Ат болар деп батырға
Бурылын мақтатты.
Құртқа сұлу батырға
Қарағай найза саптатты.
Алмас қылыш соқтырып,
Күмістен қынап шақтатты.
Бурылының Қыз Құртқа
Кекілін, жалын тарайды,
Күніне неше қарайды,
Салдырып оған сарайды.
Баласындай жебейді,
Күніне неше бөлейді.
Атқа қылған еңбегі
Күннен-күнге көбейді.
Алты жасқа [ат] толғанша
Қобыландыдай батырың
Үйге, сірә, келмейді,
Бар еді Құртқам демейді.
Әлқисса, сол кезде Қызылбастың елінен Қазан деген ер шығып, Ноғайлының жерін, Қырлы қала, Сырлы қала деген екі қаласын тартып алды. Қырлы қалаға бектерін, Сырлы қалаға жендеттерін жатқызып жатып алды дейді.
Қызылбастың елінен
Қазан деген ер шықты,
Жөн білмеген шер шықты,
Ноғайлының көп елін
Олжалап шауып жаншыпты.
Бағынбаған адамын
Қырып, жойып таусыпты,
Жерін, малын олжалап,
Қатарынан асыпты.
Мал-жанына қарамай,
Ноғайлы елі қашыпты.
Олжалап жанын босыпты,
Ноғайлының көп елін
«Қаратабан» десіпті,
Қырлы, Сырлы қаласын
Тартып алып ер Қазан
Тасыған судай тасыпты.
Сырлы дейтін қаласы
Қорғансыз сырты ашық-ты.
Қырлы дейтін қалаға
Атарман да шабарман,
Беклері басын қосыпты.
Қырлы қала маңынан
Жау жүре алмас десіпті,
Көңілі сондай өсіпті.
Қызылбастың ағасы,
Қырлы қала шәрінің
Бір жағы судың жағасы,
Алты қабат ор қазып,
Тереңдігін мол қазып,
Бекіткенін қарашы.
Қырық жерден қойдырып,
Болаттан соғып қақпаны,
Алпыс батыр жапқаны.
Жұртынан тиіп пайдасы,
Ноғайлыны шапқаны,
Көп олжаға батқаны.
Халқы тегіс мақтады,
Қазандайын еріңіз
Жұртын солай сақтады,
Тұзын көпке ақтады.
Жер жүзіне жайылды
Ноғайлының көп елін
Шауып алып жатқаны.
Әлқисса, Қазанның бұл хабарын төменгі қырық мың үйлі қиятта Сейілдің ұлы Қараман батыр естіп, аттың жалын тартып, атадан ер болып туғасын, «Мұсылманның еліне кәпірді қондырып қоюымыз сүйекке таңба емес пе» деп, елінен аттанып шықты.
Қырық мың үйлі Қияттан
Қырық мың әскер қол алып,
Ақ қара бас ту алып,
Қызылбасқа жол алып,
Көшірем деп Қазанды
Бұ да күшті мол алып,
Боз ат шалып Құдайға,
Жұртын жиып қуанып,
Қияттан шыққан бес батыр:
Қарақозы, Аққозы—
Қатардан асқан қос батыр,
Қаражан ұлы Қосдәулет—
Топты бұзған бұл батыр,
Қара Бұқан жауырыншы—
Түніде қалың жол тартар,
Ғайыптан болжап сөз айтар;
Қарамандай батырдың
Қабағына қар қатты,
Кірпігіне мұз қатты,
Қазанның естіп хабарын
Ұйқы көрмей түн қатты.
Мұсылманды алды деп,
Сүйекке таңба салды деп,
Өлейін десе, жан тәтті,
Кірейін десе, көр қатты,
Қырық мың әскер қол алып,
Қайырын сұрап сапардың
Қызылбасқа жол тартты.
Қостанып шыққан қосынға,
Қараман батыр толғапты:
Тілімді алсаң, азамат,
Жаппарға жан аманат,
Қараспан тауын жайлаған
Қалың қыпшақ елі бар,
Қобыланды деген ері бар,
Дуа тиген кәрәмат,
Атағы жұртқа мәләмат.
Баса жүріп қонысын,
Барса ертіп алайық,
Ермесе бата сұрайық,
Жақсыдан тиер шарапат!
Жасы құрдас менімен,
Мұңы мұңдас менімен,
Жылы жылдас менімен,
Мақұл көрсең, әлеумет,
Сөз айтамын шынымен,
Жүрейік соның жолымен!
Ақылдасып көп Қият,
Мақұлдасып сонымен,
Баса жүрді жолымен.
Қараспан таудың етегіне
Келіп қонған Қараман
Ауыр әскер қолымен.
Көп әскерді көргесін,
Жай емесін білгесін,
Қобыландыдай батырың
Енді атына мінеді,
Жақындап қарсы келеді.
Естемісті жіберіп
Кім екенін біледі.
Естеміс барып қосынға
Достығына сенеді.
Батырға атой береді,
Қобыланды да келеді.
Қараманмен көрісіп,
Амандық сұрап білісіп,
«Жол болсын, құрдас»,—дегенде,
Қараман құрдас не деді: