Қобыланды батыр (27-бөлім)
Қобыланды · С. Ділманов нұсқасы · 4 мин оқу
Алмамбет:
—Қарағым, балам, жас,
Келдің бүгін қасыма.
Дидар қайып нәсіппен
Дегені Хақтың осы ма.
Менің атым Алмамбет,
Дұшпаным деп шошыма.
Ұмыттың ба, қарағым,
Астыңа мінген көк ала.
Аламын деп Құртқаны
Алты жасар күнінде
Бала ақырет сен бала
Тал құйрығың сүйреткен.
Тарпаң еді көк алаң
Асаудан жаңа үйреткен.
Қарсы соққан мен едім—
Жеті ханның бірі едім.
Әкеңмен құрдас Қыдырбай
Жасасып өскен тең едім.
Өлтірем деп Алып хан—
Алшағыр мен екеуін
Ортаға алып тұрғанда
Айырып алған мен едім.
Ұмытпан деп жалғанда
Достасқан батыр сен едің.
Қыдырбай мен Ақзарбап
Өлгенде көрген жалғызын
Өлтірем деуің жол емес [деп]
Екі жақ болып сол жерде
Аман сақтап қалғаным.
Сонан бермен жүр едім,
Көруге сені арманым.
Өлтіртпедің сен дейді,
Ер жетіп тұрған балам жоқ.
Өзім жалғыз болған соң
Күнім кеткен қарымын.
Маңдайда барым жалғыз қыз
Мен көрмеген қорлық жоқ.
Таратып алды елімді,
Тартып алды жерімді.
Осы араға бір келсе,
Ұстап бер деп қарауыл
Етіп қойды өзімді.
Жеті ханның қорымен
Күндіз-түні жыладым,
Бір Құдайдан сұрадым.
Тіріде көріп өзіңді
Жалғызымды тапсырып,
Бер деп Хаққа ұлымды,
Мұсылман болдым дінім ақ
Өлтірем десең мен риза.
Ұмытып батыр сөзіңді
Арманым жоқ Құдайға.
Қалипа есімді жалғыз қыз,
Айтып болдым сөзімді.
Құдай бір де, Құран шын,
Сен ұмытсаң қайтейін
Қолыңнан өлтірт өзімді.
Қобыландай батырдың
Есіне түсті өткен іс.
Өкініп батыр жылады:
—Жаным атам, сен бе едің
Ажалдан аман сақтаған.
Көрмегелі көп болды,
Ұмытыппын, жан ата.
Олай болса, тоқтаман
Күнәмді кеш деп балаңа
Аяғына жығылды.
Алмамбет пен Қалипа
Екеуі бірдей жылады.
Айналайын, қарағым,
Қайырлы болсын талабың!
Тілегімді берген соң,
Қобылан сені көрген соң,
Сыртым бүтін, іш жалын
Үлкейгенде қорлықты
Өз теңімнен көрген соң.
Жанға сенімді, қарағым,
Сезіп қалса білдірер.
Жөніңді айтшы тездетіп,
Естиін түгел, шырағым.
Қобылан:
—Жан ата, келем елімнен
Өзің көрген Қобдадан.
Әр не болса кім көнбейт
Бір жаратқан Алладан.
Талабым бармақ Алыпқа,
Даңқы жарып шыдатпайт
Арқада жатқан халыққа.
Көрейін деп келемін
Қасымда бар қырық жігіт,
Бозмұнай ұлы Ерсайым—
Басшы болған аға бар,
Олар келет кейіннен.
Тауды бұзып шаққа өттім,
Кім бар еді бұл тауда?
Бір адамның ізі бар
Шошындық қорқып ізінен,
Қос тігіп жатқан орны бар.
Түгел, ата, баянда
Білгенің мен көргенің
Болса менен аяма.
Алыбың қайда, қанша жер,
Жақын ба мұнан айтып көр?!
Әңгіме
Алмамбет батырдың жағдайын естіген соң:—Шырағым, бұл арада баяндап айтып тұруға болмас, біреу сезіп қалса, хабарлар. Сен қазір ізіңнен кейін қайтып, тесік аузына барып жата бер, кешке ел жатқан соң нендей керегіңді Қалипажан жеткізіп берер. Ертең өзің аңға шыққан адам болып барып қайтармын. Қазір жанға көрінбей қарауымыз керек, Құдайың жар болсын,— деп бетінен сүйіп, Қобыланды ізінен өткізіп жіберді.
Алмамбет әйеліне келіп сүйінші сұрап айтқан сөзі:
—Ау, алғаным, алғаным,
Орындалды жалғанда
Сұраған Хақтан арманым.
Сүйінші бер, ханымым,
Қобыландай баламның
Бүгін келіп қалғанын.
Алла тізгін оңғарса,
Ертең көріп қуанам.
Дұшпаныма ойранды
Қыса шауып салғанын.
Атаңәлет Алыптың
Өлгенде естен кетер ме
Елім менен жерімді
Тірідей тартып алғанын.
Шын сұрасаң Құдайдан,
Бермейтұғын жері жоқ.
Сайып қыран қасында
Ерген жолдас ері көп.
Көріп келдім көзбенен
Тауды бұзған сол екен.
Қасындағы жолдасы
Батыр Сайым дер екен.
Әзірленші тездетіп
Қалипамен екеуің.
Алтындаған ақ шатыр,
Тау басында ер жатыр.
Әзірлеші азығын—
Түрлі жақсы тағамды
Пәуескеге салдырып,
Күн батқан соң тездетіп
Жалғызыма барыңдар.
Керек екен нендей зат,
Өзінен сұрап қаныңдар.
Кемпір байғұс қуанды,
Қуанғанның белгісі—
Жылап жүріп қамданды.
Көк пәуеске арбаға
Жал менен жая, шекер бал,
Кемпір мен қыз жол салды.
Түрлі алуан тағамын
Әзірлеп кемпір алады.
Күн батуға шақ тұрды,
Батқанын күннің көрген соң,
Кемпір менен Қалипа
Қаладан шығып барады.
Дыбыстан біреу сезер деп
Қоңырауды сыпырып
Атқа таққан алады.
Үш қара көк жымиып,
Жолға түсіп жөнелді.
Қобыланды төзе алмай
Арқандап тастап торы атты,
Ер қаруы бес қару
Ер беліне асынып.
Бір төбенің басында
Қарауыл қарап жүр еді.
Келе жатқанын бұлардың
Сонадан көзі көреді.
Елін, жауын біле алмай,
Келіп атқа мінеді.
Найзасын жерге таянып,
Қос тіккен жерде тұрады.
Қалипа мен ханым да
Бөтен жан жоқ жанында
Арбадан түсіп тұрады.
Тек екеуін білген соң
Аттан түсіп келеді.
Қалипа сонда сөйледі:
—Мына тұрған жан анам
Көре келді өзіңді,
Бөтенсінбе, жан ағам.
Қобылан қарсы жүреді,
Ана деп сәлем береді.
Жалғызым, деп құшақтап
Көзінің жасын төгеді.
Даярлап келген азықты
Түгелінен береді.
Алтындаған ақ шатыр
Қыз қолынан тігеді.
Отырғызып шатырға
Жолың болсын балам деп
Қаншаның айтқан сөзі еді:
—Ау жалғызым, сұрайын,
Тату едік жалғанда
Қыдырбай, Зарбап Тәңірін.
Туғанда барып тойыңа
Сайқалдаған мен едім.
Сондағы туған Қобылан
Жалғызы байдың сен едің.
Құрдас едік екеуміз
Жалғанда тірі, сау жүрсең,
Дос болармыз дер едік.
Ақыры соқты достыққа
Дұшпанның қорлық күшімен
Тартып алып жеріміз,
Азды байтақ еліміз.
Қорлықта жүрміз, қарағым,
Баратын жерің Алып дейді.
Өзің жалғыз, өзің жас
Бара көрме, қарағым,
Қор боларсың көрімнен.
Тілеп алған жалғыз ең,
Жазым болсаң, өкініш
Өмірде кетпес өзімнен.
Қайтқыл, балам, бізді алып,
Барма бұған ізіңнен.