Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр (1-бөлім)

Қобыланды · Мергенбай нұсқасы · 3 мин оқу

Жыршының кіріспе сөзі:

Алдым қалам қолыма,
Қарадым оңды солыма.
Кедергі ешкім қыла алмас
Талапты ердің жасына.
Мен сөйлеймін, жарандар,
Кез болмаса бір кесел
Маңдайдың қалың сорына.
Шын жүйріктің белгісі—
Сүрінбес қазған орыңа,
Ілінбес құрған торыңа,
Шаң жұқтырмас торыңа.
Келсе ісім оңына,
Түсемін енді жолыма.
Құлақ салсаң, азамат,
Қобыландыны бастайын,
Бөтен сөзді тастайын.
Ел аузында жүрген сөз,
Өтірік жаннан қоспайын.
«Қобыланды батыр» баспаға
Екінші вариант түсіпті,
Айтушы ақын белгісіз—
Бұларды мен де қостайын.
Қалдырып кеткен көп жерін
Келгенше шама дұрыстайын.
Әркім айтар білгенше,
Қалдырдың деп ұрыспайын.
Тарихта өткен батырдың
Енді сөзін бастайын.
Қобыланды ердің кеңесін,
Оңдайды Құдай басынан
Оңдармын деген бендесін
Жинақты оқып көргесін,
Бас аяғы басылмай
Қалғандығын білгесін.
Әркім айтар өзінше
Ел аузында жүргесін.
Мен де өзімше көшірдім,
Қалғанын теріп өсірдім.
Баспашыдан сұраймын
Басылуын тағы да
Үшінші вариант осының.
Білгенімше қалдырмай,
Қалғанын тегіс мен қостым,
Аяғы менен басының.

Жылқыға бала барғасын,
Баурап малын алғасын.
Тоқсан құл мен Естеміс,
Риза тауып қалғасын,
Қолқанат пен құйрыққа
Енді Тоқтар кенелді.
Қобыландыны барғасын
Естеміс ерің баулайды.
Күнде киік аулайды,
Кездессе жауын жаулайды.
Жылқыда жатып Қобыланды
Екпіні оттай қаулайды.
Қаршығасы қолында,
Құмай тазы соңында,
Көрсе киік заулайды.

Естеміспен екеуі
Қонып жатса бір тауда,
Намазшамнан өткенде,
Құптан мезгіл жеткенде,
Құлағына батырдың
Бір дауыс кеп шулайды.
«Арғы астында сол таудың
Бұрқыраған бу шықты,
Шуылдаған шу шықты.
Бұл не қылған дауыс?—деп,
Естемістен сұрайды,
Айтпасына қоймайды.
Сонда Естеміс сөйледі,
Сөйлегенде бүй дейді:
Арғы астында бұл таудың
Қызылбастың елі бар:
Жасыл байтақ жері бар,
Айдынды шалқар көлі бар,
Көктім Аймақ ханы бар,
Неше миллион жаны бар,
Қанша жиған халқына
Көрсетіп тұрған сәні бар.
Құртқа деген қызы бар,
Жұртына жайған назы бар.
Ай астына аспанға
Құрды бақан қақтырып,
Алтын теңге аттырып,
Теңгені атып түсірген
Құртқаны сұлу сол алар.
Соның дауысы бұл дауыс,
Көптен шыққан бұл хабар.
Көңілің ауып, шырағым,
Бұған болма ынтызар,
Шарға салып басыңды,
Бола көрме сен құмар».
Қанша айтса да Естеміс,
Барғысы келіп баланың,
«Түсіремін атып деп,
Кәміл пірлер болса жар».
Естеміс тағы сөйлейді:
«Қой, шырағым, жассың ғой,
Қабырғаң сенің қатқан жоқ,
Омыртқаң өсіп жеткен жоқ,
Жіберуге қорқамын,
Тілімді алсаң, рұқсат жоқ.
Барғанмен кезек келмес-ті,
Баланы көзге ілмес-ті,
Бағып жатқан Құртқаны
Қырық бес кез Қызыл ер
Шырағым, теңдік бермес-ті»—
Отырып бұлар кеңесті.
Мінген аты ала-ды,
Қылшық жүнді қара-ды.
Тоқтау салып Естеміс,
Жібергісі келмей баланы.
«Батаңды бер, көке,—деп,
Алдын-артын орады.—
Жад қыламын, Естеке,
Жеті кәміл бабаны».
Барғысы келіп батырдың
Тоқтамайды табаны.
Естемістей еріңнің
Таусылғасын амалы,
Батасын беріп қол жайып,
Жад қылады Құданы.
Үстіне сауыт кигізді,
Жанына байлап болатты,
Беліне садақ ілгізді.
Тапсырдым деп Жалғызға
Амандасып жүргізді.
Жүрегі таймай баланың
Ерлігін кәміл білгізді.
Тобылғы меңді торы атпен,
Дөңгелентіп жөнелді.
Атып жатқан жеріне
Іркілместен келеді.
Келгендігін баланың
Көктім Аймақ көреді.
Айбатынан сескеніп,
Баланы келген сынады.
Қобыландыдай төрені:
Қазақтың ері келді деп,
Көктім Аймақ патшасы
Кезекті бұған береді.
Кәміл пірлер жебеді,
Қолына алып толғанып,
Қозы жауырын жебені
Ат үстінен шіреніп,
Сонда тұрып тартады,
Кәміл пірлер сенгені.
Құрулы бақан басында
Екі бөліп ұшырды
Ай астында теңгені.
Құртқа көріп батырды,
Шашу шашып басына,
Бұралып келді қасына.
Нұрына тойып төнгені,
Көзі көрмей өңгені.
Іздеген теңім келді деп,
Патшаға салып жеңгені.
Айтқан серттен қайта алмай,
Отыз күн ұдай ойын қып,
Қырық күн ұдай тойын қып,
Көктім Аймақ атасы
Қыз Құртқаны бергені.

Қобыланды

Барлығы: 307 жыр

Тағы оқыңыз