Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр (21-бөлім)

Қобыланды · С. Ділманов нұсқасы · 2 мин оқу

Еркіңді бердім, жануар
Барынша шауып көр деді.
Қалғандарды қайғырып
Нағылайын мен деді.
Жан жолдасым—серігім,
Жасыңнан баптап баққаның
Көрмеп едім мен сені,
Көңілденіп мұнадай
Тізгінді созып шапқаның.
Баратын жерім алыс жер,
Өзің біл, тор ат,
Бастырмаған Құдайым
Дұшпанның жайған қақпанын.
Осыны айтып Қобылан,
Жинады бастан қалғанын.
Ер қасына іледі—
Шу жануар торы деп,
Сайымның жүрген жолымен,
Солардың жүрген ізімен—
Батыс пенен Құбыла
Екі ортасына маңдайлап
Батыр жүріп келеді.
Бірде шауып, бірде жайлап
Ат жүрісін бөледі.
Ойнақтап басып торша ат
Ауыздыққа сүйеніп
Басын жерге түйеді.
Тағы да жүріс батырдан
Ерік бермей тіледі.
Дәл бесіннің кезі еді
Торы аттың беріп тілегін
Еркін берді өзіне.
Кешегі кеткен Сайымды
Көрсетіп бүгін көзіме
Тасқан судай толқынды.
Бүктетіліп жануар
Илеуі жеткен қайыстай,
Созылып тұлпар шабады.
Сай менен сала жер келіп,
Бұрайын десе көнбеді,
Қарғып өтіп барады.
Қате болып кетер деп
Ер қасынан берік ұстап
Бір қолымен Қобылан
Ағынына шыдамай
«Иә, Құдайлап» барады.
Сымбаты сұлу торының
Сырланып жонған сырықтай.
Құйрық-жалы суылдап,
Екпіні күшті торының
Мезгілсіз соққан дауылдай,
Омыраудан аққан тер
Екпінді жауған жауындай,
Жүрісті торы ат жануар
Көрейін бүгін қызығың.
Құртқа менен Қарлыға
Ерке жарды ұмытсын.
Өнеріңменен сені арбап
Аққудай болып таранып,
Торда тұрған сұңқардай
Артымда қалды қаранып.
Жүрші, торы ат, ерінбе,
Кешегі кеткен Сайымға
Бүгінгі күні баралық.
Түсініп тұлпар сөзіне
Есінесіп екі алады.
Жерді тарпып желігіп
Тағы да кетіп барады.
Өрге келсе, өрледі,
Алдында жатқан көк тасты.
Екпініне шыдамай.
Жұмсадыма етерін
Торатқа жазым болар деп,
Қауып бір етіп бір сонан
Маңайдағы тас болса,
Ойнасып тұлпар тебеді.
Тұяғы тиген тас болса
Күл-күл қылып бөледі.
Тас шашырап тараса,
Таудағы жүрген аңдардың
Тигеніне өледі.
Тауда жүрген аңдарға
Үлкен қырғын сол болды,
Бұрқыраған қара тас.
Аңдар қашты безініп,
Тау маңында бола алмай
Ылдиға құлайт екпіні
Бөлінген өрттен түтіні
Өзінің шыққан шаңымен
Алды-арты келет көрінбей.
Ат шабысы ұнады
Ер көңілін жиренбей.
Күн еңкейді, кеш болды,
Сәскеде шапқан батырға
Отыруға дәретке
Торы ат ерік бермеді.
Кемімейді жүрісі,
Бұрынғыдан өрлейді.
Сипай соғып қамшысын,
Ер қиқулап сермейді.
Жетіп еді Сайым да
Кандашаның көліне.
Жеткен екен Қобылан
Бұ да байқамай тозаңмен
Кандаштың дөңіне.
Сайым көріп сонадан
Ер қарасы қуанды.
Көтерді туды Алдалап,
Шатырын құрып жігіттер
Алдынан қаптап барады.
Көтеріп аттан алады,
Амандасып көрісіп
Қуанысып қалады.
«Жолың болсын, батыр», деп
Бәрі шулап айтады.
Шатырды құрды жабылып,
Қалған екен Ерсайым
Досын іздеп сағынып.
Қыдырттырды торы атты
Жектіріп желіктеп,
Жүрген жолын сүйеді.
Батыр Сайым баяндап:
—Атты қинап келіпсің,
Мұнша қатты жүрісің,
Қашан шықтың, ер?—деді.
—Сәскеде шықтым бағана,
Ерлер қайран қалады.
Дәл жеті күн жол жүріп
Шалығып жеткен жеріне
Жарты күнде жеткесін
Таң қалды оның өзіне.

Тағы оқыңыз