Қобыланды батыр (17-бөлім)
Қобыланды · С. Ділманов нұсқасы · 2 мин оқу
Мұның да келген келбеті
Еңкейіп жаннан шошымас.
Не десең де, жігіттер,
Құдай берген адам ғой—
Құртқа менен Қарлыға
Мұндай тауып қосылмас.
Күңкілдеп ерлер соңынан
Әңгімелеп келеді.
Қыдырбай мен Ақзарбап
Алдынан шығып күтеді.
Баланың досы Балпаң ер
Алдынан шығып тұралық,
Үлкенді-кіші бұлдамай
Көтеріп аттан алайық.
Тамаша қылып қасында
Халқына тұрды қамалап.
Жақсы менен жаманы
Қобылан мен Ерсайым
Екеуі кеңінен кеңесіп.
Халықтың айтып жағдайын,
Келеді ерлер сөйлесіп.
Жігіттерді шұбыртып
Шал-кемпірді көргесін
Аттан түсті жаяулап.
Алдына ерлер келеді
Қыдырбай, Зарбап көрісіп.
Екі жақтың адамы
Кезекпенен көрісті,
Амандықты білісті.
Көк шалғынды кепсенге
Масаты кілем салдырып,
Мақпалдан көрпе жайғызып,
Дем алысып отырды.
«Шөлдеп келді балалар» деп,
Ортаға саба қойдырып,
Өртепті сары самарды,
Ортаға қойған сабырды.
Белгілі елдің адамы—
Ақсақалдар жиылып
Конақпенен сөйлесіп,
Қастарына отырды.
Қыдырбай сонда сөйледі:
—Жолың болсын, Сайымжан,
Әкеңмен қатар тең едім!
Атағыңды есітіп
Құмар болып көруге
Көптен бермен жүр едім.
Баламның досы баламсын
Төрт жағың бірдей тең деді,
Құдай берген адамсын,
Сен де жалғыз ер едің,
Баламмен дос болған соң,
Нағылып бөтен көремін,
Үйге жүрің, қонақтар,
Талығып келген күн өтіп.
Жол жүру оңай емес қой,
Ұйқы бөліп жүдетіп.
Дем алған соң соғармыз,
Әңгімені үдетіп.
Төребай, кел, Ер Әшім,
Қонақпен бірге болыңдар.
Бөтеннің қара жөніне
Тыным алсын қонағым
Той қыламын бір үлкен.
Мойнымда жүрген міндет бар,
Келген соң, Сайым шырағым,
Шақырамын сол тойға.
Аттарың болса, жаратып
Жүректі жігіт палуан
Бәйгем бар тігіп істейтін
Әрбір түрлі алуан.
Айтып болдым көп қараша
Қонағым, ер соңымнан.
Қонағын ертіп Қыдырбай
Ордасына енеді,
Ықласпенен тік тұрып
Қобылан күтті қонағын.
Қысырдың тайын сойғызып,
Түрлі жеміс, қант пен шай
Араласты шарабы
Қонақасы, құрметтен
Сын таппады қонағы.
Әңгіме
Қыдырбай қонағын жайлап болған соң, маңындағы халыққа хабар салдырып, той қылды. Сайымның құдалық құрметті жолынан құтылды. Той үлкен тамаша қызық болып өтті. Малды аямай шашты. Жалғыз баланың құрметіне ат шаптырып, палуан тұрғызып, тағы да басқа қызықтар жасады. Құданың киітін атады, Сайымға бір бөлек өлшеусіз сыйлық берді. Жиырма жігітке бас-басына ат пен шапан кигізді. Сайымды ертіп Құртқа бір түйенің басына отырып, жүретін жолдың жағдайын сөйлесіп, сондағы Құртқаның айтқан толғауы.
Толғау:
—Сайеке, салшы құлағың
Бұрын-соңды болған жоқ
Біздің үйде тұрағың.
Ағалықтан мінің жоқ,
Түсі бірге Айшамен
Тілегім бірге болған соң,
Қарындасың салатын
Сізге бар-ды қолқасы,
Тыңдасаңдар айтамын.
Жалғыз еді жекелі
Қобыланның бір басы,
Бір адамның жаныма
Батып кетті көз жасы.
Сол жылаған байғұстың
Ықыласын қимадың,
Сәуелімде көрініп
Уәде қылдым өзіне.
Ғашық екен қайғылы
Алыптың қызы Илия
Дәл он төртте жасы бар.
Қобыландыны көруге
Пенде болып еруге
Қашаннан бері ынтызар.
Барса ханның баласы—
Алып пенен Қасарма
Аса туған ер дейді,
Жеті хандық ел дейді.
Қиындық жолы сондай-ақ—
Барса келмес қалың сор.
Бер жағында асырмайт
Асқар қара тауы бар,
Соған жүрет досыңыз.
Жалғызбын деп жабығып,
Жасығасын ер төрем,
Ақыреттік дос қой деп
Хабарлаған мен деді.
Ендігісін, жан аға
Келіпсің өзің біл деді.