Қобыланды батыр (38-бөлім)
Қобыланды · С. Ділманов нұсқасы · 4 мин оқу
Елші болып баратын,
Бұдан хабар алатын.
Кім бар екен көңілді
Тілегенін беремін.
Алдына келді Илия
Көк аяқ атпен ұмтылып:
—Барайын, тақсыр, мен,—деді.
Сонда Алып қалады:
—Жас баласың, қарағым,
Жасқанып қорқып бара алмай
Жалған айтып жүрмеші.
Сонда жігіт сөйлейді:
—Алдияр, бас тақсыр хан,
Жасқанман жаудың өзінен,
Ұлықсат болса өзіңнен
Кім екенін айырып
Келу болса керегі
Айырып анық келемін.
Елшіге бейнет өлім жоқ
Білетін шығар Қырымда
Жол емес пе еді келе жатқан.
Ақымақ па ол адам
Білетін шығар бұрыннан.
—Олай болса, бар,—деді,
Осы екеуін айырып
Атағын біліп кел,—деді.
Туғызайын қара түн
Келген соң бұған мен,—деді.
Жүре берді Илия
Белгісін алып елшінің.
Қалың жауды аралап,
Ерлерге қарсы жүреді.
Қобылан мен Ерсайым
Елшіні көзі көреді.
Желігіп жүрген батырға
Елшіге барат қарамай,
Арасын жаудың аралай.
Қолында алған найзасы
Қалмақтан асып қайласы
Қара қошқыл қан болды.
Келте-келте сай басы
Қанменен ағып барады.
Қалмақтың киген дегені
Көпшілігі бұл қалмақ
Бірін-бірі басады.
Тұлпар менен Кер шабақ
Кеселеп басты белінен.
Илия қуып жетеді
Ерсайымның ізінен.
—Жол болсын, батыр ер,—деді,
Елшіге бейнет өлім жоқ.
Ханнан келген елшімін
Сөйлесейік кел,—деді.
Атақтарың кім болады
Жасырмай айтып бер,—деді.
Мұқтаж болды ханымыз,
Кім боласыз өзіңіз?
Сайым сонда қарады:
—Құртқа айтқан белгі бар.
Қызды тани қалады,
Әумин,—деді,—шырағым,
Өз жөніңді жасырмай
Әуелі айтшы, қарағым.
Түріңді аңдап қарасам,
Ұқсамайсың еркекке.
Илиямысың, шырағым,
Аттанарда Құртқажан
Айтып еді өзіме.
Ат пенен түрің ұқсайды
Сонда айтқан сөзіне.
Илия сонда күледі:
—Асыл төрем, ер,—деді.
Ғашық болып қан жұтқан
Сол Илия мен,—деді.
Көп кідірер жағдай жоқ,
Өзіңе өзің берік бол.
Әлде де келет ауыр қол,
Жетпіс екі палуанмен
Жібереді темір тор,
Қапыл түсіп қалмаңдар.
Қобылан менен Илия
Ишарат қылып көрісті,
Бірін-бірі танысып
Сол арада білісті.
Кетті кейін Илия,
Алыптың барды жанына,
Көргенін баян қылады.
Қобылан, Сайым ер екен,
Қырымнан шыққан екеуі
Қанды судай кешіп жүр.
Шыдатарлық ер емес,
Мың кісіні көрмейді,
Бір кісідей көзге іліп.
Тобылғы меңді торы атты
Алдында жүрген Қобылан
Жасы жиырма шамасы,
Артында жүрген Ерсайым
Қырыққа келген түрі бар.
Бұл екеуі сау жүрсе,
Жан қалмайтын түрі бар.
Амалың болса қанымыз,
Енді қылып қалыңыз.
Екпінінен қорқып,
Шықпай келді жанымыз.
Алып:
—Разымын балам,—дет,
Сендей елші табылмас.
Бұл соғыстан маған керек,
Разы болдым өзіңе.
Таймай қарсы барған соң,
Жаудан хабар алған соң,
Өз қасымда бол,—деді
Хан қасына алады,
Тағы да төрт мың әскерге
Бер деп жарлық салады.
Шынжырменен байлаған,
Босанса, бүлік салар деп,
Дәулет бар еді ойлаған
Жетпіс екі палуан
Әрқайсысының қолына
Тоғыз қабат темір тор
Алың деп әмір береді
Қобыланды, байлап бер,
Көңілімнен тарқасын
Бүгінгі күнгі қапа-шер.
Дұшпанды байлап әкелсең,
Сендерге азат беремін,
Осыны айтып босатты.
Байлауда тұрған ерлерін,
Жан торығып сасады
Көргенде мұның түрінен.
Астарына піл мініп,
Жүре берді өздерің.
Шаң үстіне шаң басты,
Бір-бірінен батырлар
Көптігімен адасты.
Еселеп келген әскердің
Тағы да көріп шапқанын
Қыдырхан сонда сөйледі:
—Лайық болмас, жігіттер,
Қоста тыныш жатқаным.
Бұрқасын мен Шыныбек,
Аттарыңа мініңдер.
Қоста қалың оныңыз
Отызың бірге жүріңдер.
Не салғанын Алланың
Бүгінгі күні көрерміз,
Ажалды болсақ өлерміз,
Бейнетті болсақ бөлерміз.
Қайырмады жігіттер,
Аллалап атқа мінеді.
Нұрқасын мен Шыныбек,
Қыдырхан мен Нысабай
Бастап алды төртеуі,
Жауға бұлар тиеді.
Шыныбек пен Нұрқасын
Жауды қырып оқ атты,
Оғын қардай боратты.
Батырларды көре алмай,
Аттарын шауып бұлатты.
Ер басына мың кісі
Санағанда келгенде.
Қайран болды Алып хан;
—Бәрі батыр неме екен.
Біздің әскер байқасам,
Бір қоғажай шөп екен.
Шыдатар емес қарасам
Қырымнан шыққан қырық батыр.
Естуім бар ет сыртынан
Бас қосқан екен тегістен.
Дым қалдырмас бұлардың
Түрі жаман тұрыстан.
Манағы келген жетпісі
Қобыланды ортаға
Аңсыз жүрген алады.
Тоғыз қабат тор тастап,
Батырды байлап алады.
Тор ішінде қозғалмай
Ер Қобылан тұрады.
Тұс-тұсынан тартады
Қозғалта алмай тақымын.
Толқымай торы ат тұрады,
Төрт тағандап жануар.
Ақырды сонда Қобылан:
—Қайдасың, Сайым, кел,—деді.
Аңсыздықтан байланып
Түстім торға мен,—деді.
Даусын естіп сонадан
Нұрқасын мен Шыныбек,
Қыдырхан мен Нысанбай
Тобымен жетті бұл жерге.
Ердің көріп тұрғанын,
Байланып қол қалғанын.
Шыныбек сонда ақырды:
—Қырыл,—деп,—жігіттер
Қобылан үшін қан төгіп!
Байланыпты арыстан,
Дін дұшпаным тұр төгіп.
Жаным құрбан жолына,
Түсірмей жылдам алайық
Жау кәпірдің қолынан.
Жігіттер жауға қаптады,
Тартынып атын тартпады.
Сайым да келді бір жақтан
Сұр шабақты бұлаған.
Қобыланның дауысын
Естіп батыр қараған.
Нар кескінді қолға алып,
Тор ұстаған дұшпанға
Тиді батыр оңдалып.
Торды талқан қылады
Сайым шапқан көк алмас.
Шіркін бөздей көрмеді,
Болат арқан темір тор
Дал-дал қылып қияды.
Қобылан да қозғалып
Босанып тордан ұмтылды.
Жетпіс екі палуанға
Ашуы келген Қобылан
Бүркітше тиіп жүреді.
Найзаменен шыдатпай
Ат үстінен түседі.
Торша аңсыз түскенге
Іші оттай күйеді.
Ашуы келіп долданып,
Қорамсаққа қол салып,
Суырып алып көк жебе,
Оны байлап тізеді.
Бүркіттей болып пілінен
Құрқырап ұшып құлады.
Амалы аспай пайдаға
Бет-бетіне тарады.
Жетпіс екіге келгенін
Біреуін шашау жібермей
Сол арада қырады.