Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр (48-бөлім)

Қобыланды · С. Ділманов нұсқасы · 4 мин оқу

Қобылан:

—Ата менен анам,—дет,
Ағалығым еш болмас
Мен ортаңда балаң,—дет
Мақұл көрсең айтамын
Көңілдегі мүддемді.
Өздеріңе саламын
Ақыреттік досым ет.
Қасымдағы Ерсайым
Соған арнап мен тұрмын,
Мұны қалай көресің?

Ханша:

—Жалғызым, бізден сұрама,
Бір билігін берген соң
Екілік бізде бола ма
Екі көзің біреуі
Кімге берсең оған бер,
Сен қожасың балаға.

Разы болып ханына
Қайта келді Қобылан
Ерсайымның жанына.
Қырық жігітпен Ерсайым
Жатыр еді оңаша
Алтынды жауһар сарайда.
—Далаға шық,—дет,—екеуің,
Жүрмесін ешкім маңайда.
Сайеке, айтар сөзім бар,
Қырық жігіт пен саған,—дет.
Ертең ерте жүреміз
Кеңшілікте кеңесу
Мақұл көрдім сенімен.
Жолдас болған ер едің
Қиындықта менімен.
Қош айтысып аттан
Жүреміз ертең елімен.
Арада мәлел болмасын,
Жасың үлкен аға едің
Қалауды саған беремін.
Басы Илия олжаның,
Қолыңды қақпан, жолдасым.
Іркілмей алың қалауың
Билігін сізге беремін.
Жолда айтудың жөні жоқ,
Достан достың алуы
Қорғалама міні жоқ.

Сайым:

—Жақсы айтасың, Қобылан,
Олжа алам деп мал жинап
Ергем жоқпын соңыңнан.
Құдай беріп тілекті,
Дұшпанды жеңіп мұқатып,
Жаудың туын құлатып,
Қалдырдым атақ соңыма.
Осы да маған болады,
Ақыреттік жолдасың
Илияжанды атама,
Ауызға алған нең,—деді.
Сен разы болсаң, қарағым,
Арманым бар ма мен,—деді.
Бір ауыз айтар сөзім бар
Мақұл көрсең сен,—деді.
Қасармадай досыңның
Жалғыз атын алмашы.
Жанына серік өлшеген
Достыққа болмас жөн,—деді.
Нағыласың сен алып
Астына мінген қасқасын,
Өз дәулетің жетеді.
Берсе де алма басқасын,
Атсыз жаяу емессің,
Нағыласың сен алып.
Нағып шығар өздері
Кеңесіп жатыр жиналып
Мақұл ма деп айтамын,
Өзің біл, батыр, ойға алып.
Қобылан сонда күледі:
—Сайеке, асқан ақылың,
Өзім де ойлап жүр едім.
Астындағы бір тайын,
Жанға өлшеген серігін
Алмау ғой деп мақұлы.
—Бәсе, солай, шырағым,
Ойлаған жерден шығасың.
Зейінің жетет, қарағым,
Мен жөнінен қысылма.
Аман-сау елге қосылсақ,
Мақсатым болар, қарағым.
Көп айналман ерте-түн,
Күннің сәті көрінет,
Жүрейік елге, қарағым.

Қобылан:

—Сайеке, салшы құлағың,
Менің көңілім бір бөлек.
Дүние деген тұрақсыз
Аңдаған жанға дөңгелек.
Илияны бас қылып
Алдыңа тарту қылғаным—
Көңілімнің кірі жоқ.
Шын достықты білдірдің,
Айтуыңның міні жоқ.
Сіз қашты деп олжадан
Ойыма алған мұқтажды
Айтпауымның жөні жоқ.
Жалғыз едім анадан,
Тілегім де сен едің
Қысылған күнде сұраған.
Қырық бір күн орда жатқанда
Көзіңнің жасын көл қылып,
Ізімнен іздеп жылаған.
Қандай ауыр күн болсын
Саспаған досым сен едің
Сабырлық етіп шыдаған.
Асығыс деме мұнымды,
Арнап тұрған нұрым бар
Тілегімді тілеген.
Қалипа атты қызым бар,
Қарлығаштан кем көрмен.
Жазған шығар Тәңірім
Сынды жерде кез келген.
Хан баласы екен деп
Қайырылман бөтенге.
Достығыңа лайық
Қалипажанды арнадым.
Алмаймысың, Сайеке,
Томағалы тұйғынды
Қондырамын қолыңа.
Төрт түлік жатқан малымды
Сарып етемін жолына.
Ертең елге барғансын
Қыдырбай, Зарбап алдында
Халық жинап той қылып,
Беремін арнап қолыңа.
Алданатын мен емес
Дүниенің боғына.
Мен үшін шалған жаныңды
Жасқанбай жаудан тартынып
Ажалдың жайған торына.
Қашпа бұдан, Сайеке,
Шын достығын білдірген
Атағың шықсын Қырымға.
Қырыққа жасың келгенде,
Тереңнен қуды ілдірген.
Соны тыңдаған қырық жігіт
Қобыланның шын сөзі
Еріксіз айдап күлдірген.
Сайеке сонда сөйледі:
—Жақсы айтасың, қарағым,
Қыз алу емес талабым.
Заманы қатар жас өткен
Сен бердің де, мен алдым,
Не қылайын, шырағым.
Шыныбек сөйледі шыдамай:
—Сайеке, қашып неткенің,
Досың беріп тұрғанда
Мұнша қашып кеткенің.
Жасы өткен деп қате айтпа,
Қартайтарсың он қызды.
Берді досың шынымен
Ұмыттың ба, Сайым ер.
Қоштасам деп келгенде
Бике сұлу ізіңнен.
Досың берді, ала бер,
Қалипадай табылса.
Арманы бар ма жігіттің
Білігі асқан кемеңгер.
Сонда Сайым күледі,
—Жігіттер, мені қыспа,—деп
Ағаға тарту ұсынған,
Атадан қалған нұсқа,—деп.
Қалипадан сұраңдар,
Көңілде мәдел болмасын.
Қанша айтқанмен әйелдің
Шашы ұзын ақылы
Теңін ойлар қысқа деп.
Мәлелсіз болса қашпайын,
Қобыланжан берген соң
Өзіне ақыл салыңдар.
Мақұл көріп Қобылан:
—Шыныбек пен Қыдырхан,
Екеуің енді барыңдар.
Қалипажанға хабарла
Көкеңнің сөзі осы деп.
Батыр Сайым жолдасы
Ақыреттік досы деп.
Сайекем сөзі дұп-дұрыс
Мәлелсіз болсын арасы.
Ардақтаған біреудің
О да жалғыз баласы.
Тұр кідірмей екеуің
Шапшаң барып сұрашы.
Шыныбек пен Қыдырхан
Екеуі кетіп барады.
Илия мен Қалипа
Отыр екен сарайда.
Шарайнаға қараған,
Дандармен шашын тараған
Тал шыбықтай бұралып,
Орнынан тұрды екеуі
Батырларды көрген соң.
«Жоғары шық» деп Илия
Ерлерге орын береді.
Қыдырхан сонда сөйледі:
—Шықпаймыз,—деді,—жоғары,
Сен екеуіңе көз салсам,
Асқар таудың шынары.
Көрген жанның тарқайтын
Көңіліндегі құмары.
Қобылан бізді жіберді
Қарындасы Қалипа
Беремін дейді бір құлға.
Разы болса өзіне
Екі көзін біреуі
Арнайтұғын тұс келді.
Осы арада кезіне
Құл дегенге қорықпа
Құдайдың құлы адамзат.
Көңіліңде болмасын,
Қалипажан, ешбір зат.
Жалғыз ағаң жіберді,
Сайым сынды досына
Болсаң риза ыхтият.

Қобыланды

Барлығы: 307 жыр

Тағы оқыңыз