Қобыланды батыр (7-бөлім)
Қобыланды · Мергенбай нұсқасы · 4 мин оқу
Бәйгеден келер көк дөнен,
Жеміне қосып жеді өлең,
Туғалы күнді көрмеген,
Түнектен шыққан Тайбурыл
Айдалаға шыққан соң
Түлкідей көзі жайнайды,
Қаруы симай қайнайды.
Көлденең жатқан көк тасты
Сулығым деп шайнайды.
Он екі құлаш кезеңнен
Атылып, қарғып ойнайды.
Қыз Құртқаны көтеріп,
Бурыл көкке екі ұшты.
Салмағыменен қыз Құртқа
Алып жерге бұл түсті.
Жазығы әйел демесең,
Құртқа қыз да тым күшті!
Сол уақыттар болғанда
Батыр жанына келгенде,
Қамығып Құртқа сөйлейді:
Асқар төбе белдігі,
Аздың бар ма теңдігі,
Құрдастың бар ма елдігі?
Жалғыздарға жар болған
Құданың көп-дүр кеңдігі.
Үш ұшар ең аспанға,
Бір ұшуың кем болды
Мен қайтейін, Бурылжан,
Қырық үш күннің кемдігі.
Кентті жерді жайлаған,
Үзілмейді базары,
Қайда қалмас, жақсылар,
Өлгенде сордың мазары.
Қобыландыдай бөрінің
Тайбурылды көргесін,
Құртқадан қайтты азары,
Бурылға түсті назары.
Қобыланды тоқтап сөйлейді:
Көлден ұшқан қаз деймін,
Қаз жайлауын саз деймін,
Наурыздан соң жаз деймін,
Ақылы жоқ мен ақымақ
Бүйтіп жүрген Құртқамды
Шауып тастай жаздаймын.
Сарай да, сарай, сарай бар,
Сарайға қолды жеткізген
Қос өркешті қызыл нар,
Малы кемнің зары бар.
Әр адамның өзіне
Ылайықты жары бар.
Асырап соққан сүңгімді
Ырғай алып саптауға,
Құртқадай болып мініскер,
Жар тапқанша талай бар.
Батырдың сөзін есітіп,
Батыр жанына келгенде
Наз айтса да, қорықса да,
Құртқадайын сұлуың
Төмен қарап қамықты.
Қамыққанын көрген соң,
Сонда Қобыланды сөйлейді:
Қызыл тілім шешен-ді,
Қатардан басым көсем-ді.
Бағасыз туған, Құртқажан,
Атың әйел десем де,
Халқымнан кетер сұраусыз,
Менің көзім тіріде.
Басқа әйел болғанда,
Қауіпсіз болып тұрғанда,
Кеудеден басың кетеді.
Ердің құнын жесең де,
Жүктесең де, Құртқажан,
Қамықтың неге, Құртқажан,
Жолбарысың—мен есенде!
Құс төсекті мамық-ты,
Кім төсейді анық-ты.
Мені көріп, Құртқажан,
Қуанбасаң қамықпа,
Менің көзім тіріде
Қараңғы түнек ішінен
Шығарармын жарыққа!
Осы барған сапардан
Есен барып, сау қайтсам,
Әйел де болсаң, Құртқажан,
Хан қылармын халыққа!
Сонда Құртқа сөйлейді:
Айдынды көлден қу аттым,
Дертке дәрі етіне.
Ойнап балық шығады
Жазғы судың шетіне.
Кисең киім жарасар
Ақ қағаздай етіңе.
Талап етіп ойға алсаң,
Жеткейсің мұрат-ниетіңе.
Сіздер—сұңқар, біз—қарға,
Сіз даладан келгенде,
Ажырайып қарауға
Жарамаймыз бетіңе.
Аға-інің сенің жоқ,
Жазым болып, келмесең,
Мен күйермін дертіңе.
Бірден келіп екеуі
Шылауына шырмалды,
Шылбырына оралды,
Оң тізгінін қолға алды,
Қобыландыны жетелеп,
Үйге алып кеп түсірді.
Өлгенде көрген жалғызға
Шәрбаттың суын ішірді,
Жалғызға жаны айланып.
Және айналып, толғанып,
Кезек-кезек қолға алып,
Қобыландыны кемпір-шал
Күн батпай-ақ жатқызды.
Жатқызды көрпе-төсекке,
Кезек-кезек сөз қатты,
Үндемей Қобылан тек жатты.
Тілеп алған жалғыз ұл—
Кемпір-шалға тым тәтті.
Ол уақытта пенде жоқ
Қобыландыдай сымбатты,
Өзіме қара, қалқам,—деп
Ірге жаққа шал тартты.
Өзіме қара, қозым,—деп,
От жақтан кемпір бұл тартты.
Ортасында Қобыланды
Кезекпен қарап бұл жатты,
Алма кезек домалап,
Шал-кемпірдің қойнында,
Артық туған Қобыланды,
Он екі сағат дегенде,
Кірпік қақпай таң атты.
Таң сарғайып атқанда,
Шолпан жұлдыз батқанда,
Кемпір-шалдың қойнында,
Қобыланды ойнап жатқанда,
Қобыландыдай батырдың
Тоқтамасын білгесін,
Бәйгеден келген көк дөнен,
Түнімен ұйқы көрмеген
Тайбурылдың үстіне
Алтыннан тұрман, ер салып,
Аз ғана азық, жем салып,
Ақ орданың алдынан
Өткізді Құртқа көлденең.
Тайбурылды көргесін,
Қобыланды тұрды төсектен.
Өткесін Бурыл есіктен,
Үйдің сырты жиылған
Ағайын, жұрты есіткен.
Жиылып жұрты жылады,
Халайық қайран қалады.
Жіберуге қимайды
Қобыландыдай баланы.
Киініп үйден шыққасын
Халқы ортаға алады.
Жиылған жұртпен қоштасып,
Қобыланды сынды батырың
Тайбурыл атқа мінеді,
Беліне семсер іледі.
Ақ сауытын бөктеріп,
Төбеге шашты түйеді,
Ноғай бөркін киеді.
Дүйсенбі күні сәскеде
Қараспан тауын бөктерлеп,
Кешегі кеткен қияттың
Қобыландыдай батырың
Соңынан желіп жөнелді.
Тоқсандағы Тоқтарбай,
Алпыста шеше Аналық,
Қарындасы Қарлығаш,
Қосақ жары қыз Құртқа
Төртеуі жылап соңынан,
Кескілеп кет деп қолыңнан,
Қобыландының ізінен
Бұлар да еріп келеді.
Түстік жерге келгенде,
Қарындасы сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
Халық ұйғарса, қалмайсың,
Көңлің сүйсе, бармайсың
Жұрт ойлаған талапқа.
Білегің сынап жаралды,
Балдағы алтын болатқа.
Ақ сұңқар сеніп ұшады
Құйрығы менен қанатқа!
Жалғыз ағам, жан көкем,
Сапарландың талапқа.
Сайға біткен қоқтымын,
Бөрік үстінде шоқтымын.
Осы кеткен сапардан
Жан көкем есен келгенше,
Елі-жұртын көргенше,
Айтып кеткен Құдайға
Қоңыр шұнақ тоқтымын.
Мен түсемін қиялға,
Нешік айла болады
Көзімнің жасын тыярға?
Көкежан, өзің келгенше,
Елі-жұртың есен көргенше.
Артыңда қалған мен нашар
Айтып бір кетші ниязға.
Көк есекке тас арттың,
Аумасын деп баса арттың.
Көзге, көке, жас алдық,
Жан көкем есен келгенше,
Елі-жұртын көргенше,
Артыңда қалған мен нашар
Болайын сенен тасадтық.
Басымда бар-ды алтын шоқ,
Көкешім барда көңілім тоқ,
Көкежан, сені көрмесем,
Басымнан өтер дүние боқ,
Табаныма тиер шоқ.
Сізге деген Құдайдың
Маған тисін ажал-оқ!
Ақ маңдайда тұлымым,
Бірге туған құлыным,
Керіле біткен жауырын,
Бірге туған бауырым,
Қолқанатым, құйрығым,
Судан шыққан сүйрігім,
Суырылып озған жүйрігім,
Сізге деген Құданың
Қабыл еттім бұйрығын!
Қозыдай менің егізім,
Тел қозыдай семізім.