Қобыланды батыр (20-бөлім)
Қобыланды · С. Ділманов нұсқасы · 3 мин оқу
Қарындасы көкесінің сөзіне риза болып жылағанын қойып:—Көке, жолың болсын, аман бол,— деп қала берді. Қоштасып Қобылан Құртқа менен Қарлығаға келіп қосылды. Қарлығаны кейін қайырды: «Қарлығашты жұбатып үйге апарып көңілін бөл» деп. Батырменен қоштасып Қарлыға кейін қайтты. Қарлығашты ертіп үйге келіп, ата-анасының алдында қызмет етіп Қарлыға жүре берді. Құртқа менен Қобылан бірге жүріп ілгері кетті. Сондағы Құртқаның сөзі:
Құртқа менен Қобылан
Ілгері жүріп барады.
Құртқа сынды данышпан
Әңгіме дүкен құрады.
—Жолың болсын, ер,—деді.
Осы кеткен жолыңнан
Аман-есен кел,—деді.
Білгенімді баяндап
Ерсайымға айтқаным,
Несін айтам сізге деді.
Шығарып салған жолдасың,
Жолдастыққа сәні жоқ
Дегені бар да бұрынғы.
Берік ұста, батырым,
Бұл сапарда өзіңді.
Сайымға бер қожалық,
Не айтса да көне бер.
Ақыреттік жолдасың,
Ойламас қастық өзіңе.
Кездесерсің бірталай
Бейнеттің құрған тезіне.
Қашқан жауды қума деп
Қусаң батыр қор болдың
Бұл сөзімді анда,—деді.
Илия сорлы айынбас
Жазым қылып алма,—деді.
Түсіндірдім Сайымға
Осының бәрінен тегістей
Жеңіліп бұдан қалма,—деді.
Жолың болсын, ер төрем,
Жүріс болды бір ұзақ.
Разы болың, күнім, деп
Жасыңнан жауға мініскен
Атағың бар ер едің,
Аңсыз қалып сен жүрме.
Түрлі әдісті қолдан
Қолдан келсе, он дұшпан
Өлтірмекке қамданар.
Өзіңе-өзің мықты бол,
Қашса, қума соңынан.
Жасырынды жырамен
Жабулы жатқан түрі бар.
Арқаның емес саласын
Еркінше шауып жүретін
Батпақ қалың сор болар.
Ат шаршапты болдырып
Орға қызыл құм болар.
Жер әдісін білмеген
Тосыннан барған адамға
Қиындығы мол болар.
Жаңыла көрме піріңді
Тастап жүрме аузыңнан.
Естен Алла жаңылмас,
Сиынып жүрсең жол болар.
Қош есен, батыр, аман бол,
Көріскенше күн жақсы,
Әлде қандай күн болар.
Қорқыныш етпе бұл жолдан
Жазудан артық болмаған.
Тілеймін зарлап Алладан
Қолыңды бер, жалғызым,
Көрісейік көргенше.
Жаным құрбан жолыңа
Қайтып аман келгенше.
Сен келгенше қайғымен
Ағызып төкті көз жасын.
Қолын алып батырдың
Аттың мойын бұрады,
Қош айтысып екеуі
Айрылып барады.
Қарасы асып кеткенше
Сол төбенің басында
Құртқа қарап тұрады.
Сыр бермеді Қобылан
Сабырлық етіп шыдады.
Бір Құдайға тапсырып,
Қарамай кетіп барады.
Күн сәскеге толғанда
Атқа үкім салады.
Кешегі кеткен Сайымның
Соңынан кетіп барады.
Желе аяңдап шоқытып,
Бұлан салып төңірегін
Жүріп батыр көреді.
Түстік деген шамада
Торша тұлпар терледі.
Терлеген сайын жүрісі
Ілгері басып өрледі.
Есінеп тұлпар жер тарпып,
Жүрісін тілеп жануар
Батырға ерік бермеді.
Басын жерге салады,
Жел маядай желігіп
Мойнын созып барады.
Тарта-тарта батырдың
Алақаны тозады.
Көктегі ұшқан құба үйрек,
Қараша қаздар қаңқылдап
Қатар ұшқан мұнымен
Шаң астында бөгеліп,
Қанатын қақпай қалады,
Тозаңы көкті шалады.
Төрт аяғы жиналып
Бауырында барады.
Құйысқаны сартылдап
Сауырына соғады.
Өмілдірік өрме алтын
Омырауда сартылдап
Тебенгі терге тиеді.
Шапқан сайын шалпылдап,
Найзасы батыр қарында
Күн көзінде жылтылдап.
Дулығалы көк сауыт
Үстіне киген секілді.
Қозы жауырын құбығып
Жанында дабыл жарқылдап.
Тоғыз қабат қалғаны
Түнерген қара бұлттай
Суық демін алады.
Ер Қобылан қайғырып
Артында қалған жұртты—
Атасы менен анасы,
Қарындасы Қарлығаш
Әлдеқандай болад деп
Келеді батыр ұмытпай
Зарланып айтқан сөздерін.
Құртқа менен Қарлыға
Жалғыз еді өз басым,
Бір Құдайға тапсырдым
Мекен еткен жерімді,
Жалпы жатқан елімді!
—Ишаратың көрінді,
Жан жолдасым—тор атым,
Көңілденіп желіктің.