Қобыланды батыр (32-бөлім)
Қобыланды · С. Ділманов нұсқасы · 3 мин оқу
Қайтадан мініп торы атқа,
Қорамсаққа қол салды,
Суырып алып көк жебе,
Көп оғына жол салды.
Пірлеріне сиынып,
Күшін қарға иініп,
Үзеңгіге шіреніп,
Жүректен тартып қалады.
Тоғыз қабат көк сауыт
Қатарланған дал қылды,
Көк сауыттың жағасы,
Тәніне барып өтпеді.
Сынды оқтың сағасы,
Толқыды ала ат тұра алмай.
Ашуланды Шойынкөт:
—Сауыт түгіл оқ өтіп
Көрген жоқ еді күпеден.
Елемей жүріп қор қылар,
Сақтанайын немеден.
Түсі сұрғылт көк жебе
Өтпей қоймас денеден.
Түбі азғантай болғанмен,
Күші шіркін көп екен.
Осылай ойлап Шойынкөт
Найзасын қолға алады,
Батырға таулап салады.
Тигізбеді найзасын,
Ер Қобылан қағады.
Найзасы ұшып аспанға,
Ортасынан сынады.
Суырып алып қылышын,
Тағы да ерді салады.
Ұстады батыр қылыштан
Сабы дәудің қолында.
Дүзін ұстап қолынан
Ат үстінен тартысты.
Екеуі талқан қылады
Тау менен тастың арасын.
Тамашаға қырық жігіт
Сайым менен қарасын.
Екі бөрі тартысты,
Нағылып қылыш шыдасын
Ортасынан бөлінді.
Алғыр бүркіт қырандай
Бір-біріне төнеді.
Найза қылыш төзбеді,
Ортасынан бөледі.
Балталасты батырлар
Балта түк те қылмады,
Сағасынан сынады.
Екеуінің екпіні
Рүстем мен Дастанның
Ұрысындай болады.
Қарудан пайда таба алмай
Екі күн тынбай ұрысты.
Ат үстінен екеуі
Жағаласты салады.
Дал-дал болды Сауыттың
Қатарланған жағасы.
Жәрдем берсін батырдың
Сиынып жүрген бабасы
Алмамбет, Қанша, қырық жігіт
Бір Құдайға жылады.
Ердің көріп қайратын
Тілекті Құдай берер деп
Ханша менен Алмамбет
Қорыққан көңілі тынады.
Астына мінген аттары
Жүрелеп жатып қалады.
Атынан түсіп екеуі
Қампиысып тұрады.
Біріне-бірі жүгіріп
Жұдырықпен ұрады,
Онда да амал болмады.
Шойынкөт:
—Жарайсың, батыр ер!—деді,
Қарудан пайда болмады,
Күресейік кел,—деді.
Болады деп Қобылан
Екеуі күрес салады.
Бірін-бірі көтеріп,
Жерден тартып алады.
Қобыландыдай баланы
Үш рет атты үйіріп.
Тіке түсті Қобылан
Қалмады бұған жығылып.
Еңіреп қалмақ сасып жүр,
Қанымды ішпей кетпес деп,
Шын екен деп айтқаны.
Елемеген Шойынкөт
Сол мезгілде сасып жүр.
Алысты торы ат күн тынбастан,
Күн жетіге толғанда
Қобыландай жас берен
Бақалшағы майысты,
Қабырғасы қайысты,
Талдырып дұшпан барады.
Батырдың біліп талғанын
Қырық жігіт шулап жылады.
Алмамбет пен ханша
Мойнына салып кісесін
Әлде қандай болат деп
Еңіреп сорлы жылады.
Қалипадай жалғыз қыз
Садақа қылды бір жанын
Ағасының жолына.
Келмей ме деп талабым
Қорықты сорлы оңына.
Құрбан қылып бір жанын
Шыдай алмай Қалипа,
Сайымның келді жанына.
—Жан жолдасы ер,—деді,
Досыңа көмек бер,—деді,
Қарап тұрған нең,—деді.
Сайым сонда жылады:
—Жан Қалипа, қарағым,
Қобыланнан аянып
Несіне тірі қаламын.
Сабырдың түбі—сары алтын,
Сабырлық етпек жарасар,
Шыдайық аздап, шырағым.
Сонда жылап Қалипа:
—Жаным аға, кідірме
Қасына шапшаң бар,—деді.
Атаңәлет дұшпанның
Мойнына арқан сал,—деді.
Қыз сөзіне төзе алмай
Жүрді Сайым тебініп.
Қырық ешкісін айдаған,
Көн торсығын байлаған
Бабасы жетті боратып,
Ешкісін қуып жетеді.
Шапшаң жүр деп Сайымға
Дөңнен зулап өтеді.
Сайым да шапты көрген соң,
Пірлер қоршап келген соң.
Үсті-басын шаң басып,
Таңдайы кеуіп шөлдеген.
Батырдың кетіп қуаты,
Шөл соғып үлкен меңдеген.
Дәудің тілі кетіпті
Кездей шығып салақтап.
Екі көзі қызарып
Құтырған иттей алақтап.
Бабасы келіп қасына:
—Састың ба, балам, сен—деді,
Көрісерде сиынбай
Ұмытқаның нең,—деді.
Аузына қолын салады,
Толған екен топырақ
Екі ұртынан алады.
Бір стакан бал сүтін
Таңдайыңды жібіт деп
Аузына құяды.
Шөлдеп жүрген батырдың
Мейірі қанып шөл басып,
Қимылда, балам, тоқтама,
Бір адамнан кем болмас
Тәңірі берген күшің деп,
Жауырына ұрады.
Сайымның барып қасына
Шал да тоқтап тұрады.
Төзе алмай жүр Қалипа
Атеке деп еңіреп.
Шалдың келді қасына
Қалай екен халы деп.
Дәуім басым көрінет
Қорқып тұрмын әлі деп.
—Саспа, балам, сен,—деді.
Ағаң аман қауышар
Сүйіншімді бер,—деді.
Алмамбет, қанша сен үшін
Келіп тұрмын мен,—деді.
Алмамбетті оқытып,
Ақтың жолын білгізген
Қорлық көріп тарығып
Жүргенінде зар жылап.
Ақырет достық баласын
Кім екен мұнда келгізген.
Садақасын сандасын,
Сүйіншісін қамдасын,
Қуант барып өздерін.
Қобылан менен Шойынкөт
Алыса берді айқайлап.
Жүрген жері ерлердің
Жер ошақтай қазылды.
Сүт ішіп батыр тынығып,
Құлаш ұзап жазылды.
—Мықты бол!—деді Шойынкөт
Амалың болса етіп қал,
Тартамын жерден мен,—деді.
Салмағын жерге салады,
Бөкседен еніп барады.
Қобйекелеп айғайлап,
Бабасын батыр шақырып.
Төбесіне төрт бүркіт
Шүйлігіп төніп қалықтап,
Көкше бұлт жайнады.
Құдай тілек берді деп
Қырық жігіт Сайым қуанды.
Алмамбет пен ханша
Ей Құдайлап бұлар да
Сүйіншісін әзірлеп,
Кеудесін созып қарады.