Қобыланды батыр (24-бөлім)
Қобыланды · С. Ділманов нұсқасы · 2 мин оқу
Жер ортаға барғанда
Ұлықсат бұған бермеген,
Сиынып жүрген пірімен,
Қараүлектей мамасы,
Орақ пен Мамай анасы,
Келмеген адам болған жоқ.
Түгелді айтып таусылман.
Осының бәрін көргенсін,
Ер Қобылан долданды:
«Осының бірі мен де» деп
Балтамен келіп бір салды.
Балтасы ердің өтпеді,
Кешке дейін Қобылан
Бұзам деп есік өктеді.
Бұзылатын есік жоқ,
Сызып таңба салады.
Қайраты қайтып сал болып,
Амалы құрып батырдың,
Күн бата барды бұлаққа.
Есін танып отырды,
Намазын оқып жылады.
Әуелі Құдай, екінші
Пірлерден жәрдем сұрады.
Айшық оқып жастанып,
Қару жарақ, ер тоқым
Батырың жатып қалады,
Көзі кірді ұйқыға.
Таң мезгілі болғанда
Түсіне Құртқа енеді.
«Егілме, жаным ер,—деді,
Басыңды көтер сен,—деді.
Масағыңың ішінде
Ақ жібекпен ораған
Салып едім бір оқты,
Соны тауып көр,—деді.
Әзір етің жалғыз оқ
Жатушы еді өзімде.
Есіктің біліп берігін,
Беріп едім өзіңе.
Үмітпен кетерде
Мәнісін саған айтуға
Тұр да, батыр, атқа мін,
Көзіңді таңып көрместей,
Ау деген жерге кейін бар,
Бұзыла қойса бұл есік,
Жоғалтпай оғың тауып ал,
Әрдайымда керек ер».
Орнынан шошып оянды
Зарығып жатқан жалғыз ер,
Ояна келсе түс екен.
Торы атқа ер салады,
Қоржынды қолға алады.
Құралын төгіп қарады,
Ақ жібекпен ораған
Жалғыз оқты табады.
Е, Құдайлап Қобылан
Өзінің көзін таңады.
Жынды адамдай ақырып
Кейін шауып барады.
Пірлеріне сиынып,
Қой жауырын көк жіп
Саржаны қолға алады.
Тауға шапты маңдайлап
Көкшауыл Бүркіт бабасы,
Жадына алып айқайлап,
Төбесіне төрт бүркіт
Шүйлігіп ердің төнеді.
Есікке тура басқарып
Батырды алып келеді.
Жақындадың балам деп
Ерге хабар береді.
Үзеңгіге шіреніп,
«Иә, Алла» деп тартты оқты.
Есікке тура тиді оқ,
Талқан болды тас есік.
Кейін қашып барады,
Атын жазым қылар деп,
«Шешкіл, балам, көзің» деп,
Дыбыс беріп қарады.
Не екенін біле алмай
Қобылан аң-таң қалады.
Қорқып қашқан кісідей
Артына батыр қараса,
Үңірейіп тесік тұр,
Қайта шауып барады.
Тақалып тұр бір тасқа,
Ар жағына кетпеген
Оғын тауып алады.
Пірлеріне сиынып
Қоржынына салады.
Кірейін деді есікке
Шегініп торы ат жүрмеді.
Түсе қалды атынан
Жасқанды деп бұл неден.
Тағы да жатқан бар ма екен
Өткізбестен көлденең.
Аттан түсіп батырың
Тесікті өзі қарады.
Жебелі болат көк шеге
Қаққан екен жолына
Жүрсе аяққа кірсін деп,
Қобылан мұны көреді.
Білген екен жануар
Көрдің бе деп мынаны.
Айтқан жандай жануар
Оқыранып егу қағып
Ер соңынан ереді.
Балта менен қиратты
Құрулы қорған жебені.
Торы ат еріп соңынан
Пір батырмен бірге келеді.
Тау қалыңы сондай-ақ
Күні-түні жеті күн
Шаққа шықты деп еді.
Қараңғыда жүрген ер,
Қиындықты көрген ер,
Күннің көзін көрген соң.
Жарыққа шығып келген соң
Омақасып құлады.
Біраз жатып ес жинап,
«Уһ!» деп демін алады.
Қасында торы ат жүр екен
Атты көзі көреді.
Жағалап тауды қарады
Бір төбенің басында
Жан-жаққа қарап тұрады.
Қалың орман, көп тоғай
Ар жағына көз жетпес,
Қалындығы ағаштың
Ортасынан оқ өтпес.
Ар жағында бір су бар,
Қалың жатқан елі бар.