Қобыланды батыр (28-бөлім)
Қобыланды · С. Ділманов нұсқасы · 3 мин оқу
Қобылан:
—Жан ана, қайтпан қорынып,
Мықты екен деп торығып.
Не де болса Алланың
Мен жазғанын көрермін.
Барма деп айтпа өзіме,
Қорлығын берген сендерге
Оны алдына келтіріп
Ертермін, ана, ізіңе.
Қалипажан, қарағым,
Қарлығаштан кем көрсем
Мені Құдай таппай ма.
Жасанған жауға ер жігіт
Намысы үшін шаппай ма.
Ажалың жетіп бұл тұрса,
Сандыққа салып қойсаң да,
Кілтін мықтап салсаң да
Одан Құдай сақтай ма,
Тәуекел еттім өзіне.
Ертең-бүгін келеді
Артымда қалған Ерсайым.
Сойыстық малын жеткізіп,
Даярла, қалқам, қант пен шай.
Күніне келіп соғып тұр,
Жатамын енді дем алып,
Тыныштық берсе осы жерде.
Хан атама сәлем айт
Келген соң Сайым келер деп.
Алдында Сайым білгенін
Сосын айтып көрер деп
Қалипаға тапсырды,
Бұлар қайтты еліне.
Қобылан дем алып жата берді, Қалипа сұлу азық-түлігін жеткізіп, бес жүз қой, жүз жылқыны бөліп айдап, Қобыланның қасына тастады. Бір жетіден кейін Сайым да келіп тауға жетті.
Ерсайым тауды бұзған ерді көрді,
Құдайға шүкірлікте батыр разы болды.
Оңғарар, ей жігіттер, жолымызды
Өтіпті тауды бұзып Қобылан ер.
Құдайым, мұсылманның тілегін бер,
Сан Қырым сасып қайтқан жер емес пе ед.
Жігіттер, Қобыланның қайратын көр,
Жібердім сынау үшін тауға жұмсап.
Өзімше бұзды деген жоқ еді ойым,
Жалғызым салған екен үлкен ойын.
Торы аттың ізіменен келер ме екен,
Жігіттер жүре берді тауға кіріп.
Нағылып кешікті деп Ер Қобылан
Тесікті байқаушы еді күнде келіп.
Қобылан қарсы келді ар жағынан.
Көрген соң ерді аман қуанысып,
Қамалап жабырласты жан-жағынан.
Ерсайым:—Разымын,—деп,—қайратыңнан
Қырымның бұзбас тауын бұздың жалғыз
Кім төзер, жаным, сенің айбатыңа.
Қобылан жүрді бастап жолдастарын
Өзінің жатқан мекен жерге қарап.
Алдында көрінеді алтын шатыр,
Шағылысып күн көзіне бұл жарқырар.
Шатырды қайдан алдың сен, жаным,—деп
Ер Сайым сұрады ерден бұл сыбырлап.
Шатырды көріп пе едің қоржындағы
Жүз кісі еркін кетер салып жүрген.
Бес жүз қой, жүз жылқы бар семіз тайдан
Ырыздық емес пе еді бір Құдайдан.
Естіп Сайым күлді болып риза,
Ашығып келе жатқан ер жүріп жолда.
Керектің біз жоқтаған бәрі әзір,
Қарағым, ризамын сіздің қолда.
Күлісіп ерлер түсті аттарынан,
Білмейді не боларын арттарынан.
Тамаша жан көрмеген шатыр екен,
Батырлар қарасып жүр жан-жағынан.
Құралы тағы әзір үй ішінде—
Жайнаған алтын табақ, күміс кесе,
Құрылған сабасы бар дала десе
Жайғасып отырғасын түсіндірді
Қобылан бастан-аяқ Сайым ерге.
Сөйлесіп дем алысып отырғанда
Қалипа Алмамбетпен келді қалып.
Көрісті қырық жігітпен батыр Сайым
Қонағын амандасып ортаға алып.
Жол болсын айтып болып Алмамбет хан,
Сөйледі бастан-аяқ айтып жайын.
Бұл Алып жеті хандық ел деп айтты,
Біреуі жеті ханның мен деп айтты,
Айлық жол осы арадан Алып өзі
Бар еді Шойынкөттей қарауылы,
Бұл тауды бағып жатқан соның өзі.
Түс көріп сол Шойынкөт сонда кетті,
Білмейтін дінсіз залым құдіретті.
Балаларым, тілімді алсаң қайтың елге,
Келіпсіз қиыншылық мұндай жерге.
Шамаңыз келмес дейді бұл Алыпқа
Шығармас қарын төксе ол жарыққа.
Батыр көп алуан-алуан айласы асқан
Жасы бар алпыс үште бұл Алыптың
Жан емес жастан бері тізе бүккен.
Тіл алсаң, кейін қайтың елдеріңе,
Хабар ет мұсылманның ерлеріне.
Бері қарай Едігеден аспаған тау,
Ат ізін ешкім келіп баспаған тау.
Бұзыпсыз жалғыз өзің, ер Қобылан,
Қорқамын сонда дағы бұл кәпір жау.
Ел табың амандыққа деп айтамын,
Қорқамын бұл залымнан артын ойлап,
Шынжырлап қойғандар бар мұнда байлап.
Аждаһа неше түрлі от шашатын
Дұшпанға даярлаған артын ойлап.
Айтты да осы сөзді жылай берді,
Балалар өздерің біл болдым енді,
Мезгілі жақындады келетұғын
Тау бағып осы арада жатқан барып.
Есітіп Алмамбеттен мұның жайын,
Батырлар төмен қарап қалды бәрі.
Батырдың жасығанын көріп көзі,
Қобылан ашуланып шықты зары.
Жасқансаң, елге қайтың бәрің деді,
Әркімнің өзінде ғой ықтияры.
Пендеге ажал біреу әзел жазған,
Қайталман мықты екен деп бұл Алыптан,
Өлермін, ажал жетсе, енді осыдан,
Адамнан екі аяқты ешбір қорықпан.