Қобыланды батыр (51-бөлім)
Қобыланды · С. Ділманов нұсқасы · 3 мин оқу
Қалипа зарлап тұрып айтқан сөзі,
Ойласа ата-анасын төзе алмайды,
Асалмай айтқан серттен кетті басым.
Қия алмай мен кеткен соң сорлы анам
Шақшылап қалды артта көздің жасын.
Жан аға, мен не айтам енді өзіңе,
Тапсырдым кемпір-шалды бір өзіңе.
Алладан ажал жетіп екеуі өлсе,
Кімім бар сенен бөтен қалған бізде.
Жаз келіп Илияға келмей кетсең,
Аршылмас бұл дүниеде сізден өкпе.
Жан аға, жалғыз қалып тұрсың жылап,
Ізіне екі қыздың енді қарап.
Жат жұрттық жаратылған біз әуелден-ақ,
Кемді күн болдық сізге бір бір қонақ.
Білмеймін алда күннің не боларын,
Пайда жоқ көп жылаудан тоқтатайын.
Қош болың, бірге келген ағаларым,
Күн бар ма көрмейтұғын уай дүния.
Бір келіп Қаратаудың салаларын,
Қалған ел амандасып араларын.
Сайым:
Қасарма, көп егіліп кеттің жылап,
Бауырға жан төзе ме көрсе шыдап.
Күн қызып бара жатыр аттанайық,
Сау болсақ кездесерміз талай-талай,
Құдайдан амандықты жалпы сұрап.
Бата қыл молда-ныса амандыққа,
Жүрейік қош айтысып енді қарап.
Батасын молдасына берді өзі,
Қол жайды әмин деп ерлер келіп.
Жалғыздың көрген күні осы ғой деп,
Қобылан тұрды батыр көңілін бөліп.
Қарлығаш біреуменен кете қойса,
Болам деп менде осылай шыдай алмай.
Жіберді көңілін бұзып жасын төгіп,
Қасарма мұны көріп сөз сөйледі:
—Қобылан, жасымашы, жалғыз ерім,
Мал емес адам едің етек-жеңің.
Құдайым тілек берсін өздеріңе,
Пайда жоқ құр тұрудан босқа іркіліп.
Тараса қош айтысып жөн-жөніне,
Қоштасып ерлер қарап бара жатыр.
Найзасын жерге таяп тия алмады,
Қасарма тұрды біраз тоқтап батыр.
Сайыммен ер Қобылан түсті жолға,
Сапарды Жаппар ием өзің оңда,
Сиынып пірлеріне жүріп барат,
Илия Қалипамен жылай қойса.
Шыныбек Қыдырханмен тоқтау айтат,
Сұлудың көңілін басып ерлер жүрді.
Кеткенше белден асып қия алмай ер Қасарма қарап тұрды
Өлгеннен тірі айрылған жаман екен,
Болмас деп сосын аттың басын бұрды.
Батырлар жолға түсті, иә Құдайлап,
Көтеріп найзасына туын байлап.
Ерсайым бастап келді елге қарай
Жігіттер қуанышпен келе жатыр,
Ән салып қуанышпен күліп-ойнап.
Сауырлап кеш жатады ерте жүріп,
Келеді ыждиғаттап тынбай тоқтап.
Аман-сау қауышсақ деп Құдай сақтап,
Арада бірнеше күн жол жүреді.
Көліне қандашаның тік жүреді,
Аман-сау қандашыға келіп жетті.
Дем алып жатайық деп бір-екі күн
Батырлар осы араға кеңес етті.
Қобылан қарауылға шықты қырға,
Жаяды жай бұлтын алып қолға.
Білсін деп амандығын асыл Құртқа,
Көрер деп біреу жүрсе шығып сыртқа.
Белгісін беріп батыр қайта келді,
Тігіліп жатқан әзір ақ ордаға.
Илия атын байлап алдан шығып,
Қуаныш болды ерге сол арада.
Қалипа қарындасы бірге тұрып,
Отырды Ерсайыммен кеңес қылып.
Қобылан көңілі жай боп үйге кіріп,
Сайеке, жарты жолға келдік қалып.
Қарасақ қайтер екен хабар салып,
Жіберсек екі жігіт біз ілгері,
Қуантып ел мен жұрттың көңілін ашып.
Мақұл деп батыр Сайым мына сөзің,
Өзім де ойлап едім мұның өзін.
Әбжан мен Ер Шыныбек барсын,—деді,
Сүйінші кемпір-шалдан алсын,—деді.
Төрт болып екі көзі хабар алмай,
Қуанып естіп көңілі тынсын,—деді.
Батырлар мақұлдасып осы сөзді,
Болады Шыныбек пен Әбжан ерді.
Қосарға екі ат алып бұлар кетті,
Жат етіп бір жаратқан құдіретті.
Жолменен бұлар жайлап жүре тұрсын,
Айтайын бір азғантай қалған елден.
Қыдырбай Ақзарбаппен жүрген зарлап,
Жалғыздың хабары жоқ қашан келер,
Күн-түні уайымменен көңілін бөлер.
Бір күні Аққұртқаның отауында
Отырды бұл үшеуі мұңын сөйлеп.
Хабарын жақсы-жаман білсең анық.
Жасырма Құдай кісі айтып көр деп
Жалғызым аман келсе бұл сапардан
Арылтам қырсығыңды бұған сен деп.
Досқара жауырынын алды қолға,
Жолдасы ат ылауы түгел аман,
Атап қой беретінің болса маған.
Ерсайым бастығы екен осы қолдың,
Қырсықсыз аман келеді осы жолдан.