Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр (5-бөлім)

Қобыланды · С. Ділманов нұсқасы · 3 мин оқу

Күші көп кеудесі зор үлкен дұшпан,
Сақтансын ең әуелі осы тұстан.
Амалдап осы таудан өтіп кетсе,
Ар жағын көре жатар талабынан.
Даңқына ғашық болып әуре болдым,
Жер басқан артық қой деп адамынан.
Жана апа, қарсылығың болмағансын,
Оң болар деп те отырмын талайымнан.
Жан апа, айтып болдым білгенше ақтап,
Құсамен өлем бе деп мен қорқамын,
Жіберші батырыңды ыждағаттап.

Құртқаның қызға берген уәделі сөзі:

—Илияжан, қарағым,
Қайырлы болсын талабың!
Бастан-аяқ түсіндім
Әңгімеңе, шырағым.
Қиын екен жолдары,
Алыстан талып барған ер
Оңай болмас алуға.
Алланың бардай жазғаны
Жас жансың ғой, шырағым,
Бір Құдайдан сұрай көр
Тілегің оңға келуін.
Атақты дұшпан асқар тау
Асуын білмес арадан,
Сауын айтып ел жинап,
Жөні келмес жана да.
Сарыарқасындай саладан
Қырымнан шыққан ерлер көп,
Ешкімнен көмек сұраман.
Өзі жалғыз, өзі жас,
Күтеді тағы Құдайдан.
Атасы қазақ елінде
Ізінен ерер ешкім жоқ.
Жалғыз-ақ Шора ағасы
О да жатыр қияда.
Ноғайлының халқына
Күні түсіп үңілсе,
Алыс екен жері деп
Жалғызбын деп түңілсе,
Сырттағы дұшпан күлмей ме?
Ажалы жеткен жан болса,
Үйде отырса өлмей ме?
Сіз сықылды асылдың
Аузынан шыққан сөзіне
Біз сықылды апасы
Уәде етіп сенбей ме?
Жіберемін тездетіп
Тау менен тасты бұзуға,
Қиын емес жігітке
Тәуекел етсе өзіне.
Жеті ғайып қырық шілтен—
Кәміл бәрі жар болса,
Есікті бұзу қиын ба,
Табармын амал өзіне.
Торша тұлпар сау болса,
Алысын жуық қылмай ма?!
Айла тізген оңғарса,
Тәуекел еткен ер жігіт
Жау санасып ұрыспас,
Егескен жауын алмай ма?!
Тәңірдің берген бағы бар,
Абыройы тағы бар.
Бірі басшы, бірі қосшы—
Жолдас болар қасына
Маңайдан-ақ табылар.
Саспа, қалқам, қамың же,
Апаңның сөзі бір болар.
Ерге жәрдем беретін
Әуелі Құдай, екінші
Жәрдем берер пір болар.
Ажалдан Құдай сақтасын,
Бейнетінен қорықпасын.
Тірі жүрсе ер жігіт,
Жұмысқа нендей жолықпас.
Тілегін берсе Құдайым,
Ықылас қойып еріме
Қосылам деген сен бір жас.
Алла ағлам сөзіме
Нансын, балам, бәрі рас.

Құртқаның түсінен оянып тұрып, сәуелінде көргенге қайран қалып, біраз ойға түсіп отырды. «Не де болса батырды алдырып, өзіне кеңес салып айтайын»,—деп қиял ойлады.

Құртқаның толғауы:

Орнынан Құртқа тұрды ұйқы қанып,
Көрген түсі сәулесінде есіне алып.
Білмеді жын екені, пері екенін,
Отырды көргеніне қайран қалып.
Қыз сөзі көңіліне енді түгел
Қапыда уәдені берген қалып.
Болат деп мұның арты әлдеқандай,
Отырды уайыммен есін танып.
Кездесті бір қайғыға кесе түскен,
Ойласа тоқтатпайды сағым шалып.
Жатады қайта таққа қайта барып,
Құсамен ойлағанда іші толып.
Ойласа, ой жетпейді түбі терең,
Ақылға салып көрді түбін шолып.
Болмас деп енді қайту айтқан серттен,
Жасаған жазған шығар дәмін шеттен.
Көремін не де болса талабымнан,
Көрейін ақылдасып қарағыма.
Жалғыздың жары Құдай деген сөз бар,
Жәрдемдес болғай Алла талабыма.
Қатты жау асу бермес бұл Қаратау
Құдайға сыйынайын не де болса.
Сан батыр бара алмаған бұл Қаратау
Оңғарса Алла тізгін көрет тағы,
Батырдың шоши қоймас дер уағы.
Шақырып көргенімді баяндайын
Өзіне ақыл салып не дер тағы.
Шақырып Қарлығаны алды қасқа,
Адам жоқ екеуінен тағы басқа,
Қайғымен көзі толған мұның жасқа.
—Қарағым, шақырып кел Қобыланды,
Жүректі үлкен тұман қайғы басқан.
Бір дертке осы күнде ұшырадым,
Сұрама мұның жайын, Қарлығажан,
Жалынға салдым төзбей ғазиз басты.
Қарлыға қайырмады, жүре берді
Шақырып әкелмекке қырдағы ерді.
Ерттеді ақбоз атты тез қамданып,
Тұрмады бөтен затқа енді айналып.
Көк сауыт дулығаны алды киіп,
Бес қару түгелінен беліне іліп
Жөнелді кідірместен жолға түсіп,
Құртқаның бұл сөзінен зәресі ұшып.

Тағы оқыңыз