Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр (15-бөлім)

Қобыланды · С. Ділманов нұсқасы · 3 мин оқу

Әзірлеп атты болып Қарлығаш
Ордасына келіпті тез.
Ақ сандық алтын аршын қолтыққа алып,
Үстінен қару салған кілем салып,
Жетелеп екі тұлпар келіп тұрып;
—Бикешім, есік аш,—деп дыбыстады,
Қарлығаш есікті ашып кіргізді үйге.
Асынған жау құралын көріп көзі:
—Жарқыным, не болды?—деп сұрады өзі,
—Алдынан Сайым ердің барамыз,—деп
Қысқалап әңгімесін айтты өзі,
Киінді Қарлығаш та тездеп тұрып,
Таранып тоты құстай құбылады,
Шырайына кісі бойы қарап тұрып,
Ақ сандық аузын ашып қойды жерге.
Болың деп Құртқа келді кіріп үйге
Киінген қыз киімі түрі бөлек,
Секілді екі көзі дөп-дөңгелек.
—Жан жеңге, қару іліп не қыламын,—
Құртқаға қарап айтты күлімсіреп.
Жылады сонда Құртқа қатты налып,
Батырдың жалғыздығын есіне алып.
—Қарағым, іні де сен, бәрі де сен,
Тілімді ал, айтқанды істе мені десең.
Қарлыға ер жолдасы жауға сергек
Ерсайым көңілі болсын төрден көріп
Сен дағы, көкежан, бірге тудың
Көз көріп, көңілі тойсын сонда суып.
Бес қару көк сауытпен тек жата ма,
Көкең де көзі көрсін шықсын буып.
Жоғында көкең үйде келсе дұшпан,
Намысты қолдан берме бірге туып.
Балалық тастайтұғын болды мезгіл,
Қарағым, ойыңа алшы бұл сөзімді.
Құдайым жат жұртқа жаратқансын
Қимайды, білмесін бе көкең өзі.
Қарлыға сонда тұрып әзілдеді
Бұл қыздың наурызы өтпейді деп,
Еркелік бойға сіңген кетпейді деп.
Досына көкесінің көрініске
Алдынан қарсы шығып бару үшін
Апамның айтқан сөзі бітпейді деп.
Жан апа, мен айтайын бір жағдайды—
Бала деп біз санаймыз әлі мұны,
Жігіттер мазамды алып кетпейді деп.
Қарлығаш ала көзбен бір қарады,
Ұялып Аққұртқадан қыз тұрады.
—Жетпей ме оңашада әзілдесең,
Кетші деп шапалақпен жаққа ұрады.
Күлімдей қойды Құртқа қырын қарап,
Сұлу да киінеді шашын тарап.
Асулы бес қаруын белге байлап,
Шығады ордасынан, иә Құдайлап.
Мінгізді өз қолынан сонда Құртқа
Күреңге, қазмойынға, иә Құдайлап.
Сипаты Қарлығаштың жаннан асқан,
Қобылан келіп тұр еді сол арада
Ой түсіп қара тұман қайғы басқан.
«Құдайым, жат жұрттыққа жаратқаның
Аға жоқ ініменен жалғыз өзім.
Жалғызым неғып қиям бөтенге өзім,
Көрмесем жалғыз сағат тұра алмаймын.
Адам болып қалған екен анда Құртқа,
Кез болып Тәңірім жазып қандай ұлтқа.
Біз бала дегенменен бой жетті деп,
Дыбысы шашылып жүр әрбір тұсқа.
Теңіне өзің тауып қоса көрші,
Әуелде Құдай нашар жаратқасын,
Болмайды бізге серік, елге тұтқа».
Айтты да осы сөзді жасын төгіп,
Қобылан жүре берді үйге қарай.
—Құртқа, жүріңіз,—деп жолға түсті,
Қарлыға жалғыз қызды ортаға ала.

Толғау

Жүрді Құртқа маңдайлап
Тұмашының жалына,
Күн шыға барып қарамақ
Ерсайымның жолына.
Қуанышы қойнында
Келет деп тілеп ойында.
Қарлығаш пен Қарлыға
Балапан қаздай ылығып,
Келеді еріп соңында.
Күн шыға тауға барады,
Көзін салып қияға
Сұлулар қарап тұрады.
Күн шарпып тұрғанда
Шатыраған шаң шықты.
Шаң астына қараса
Бір топ адам бұл шықты.
Найзасына ту байлап
Кершабақ ат алыста
Дулығасы жарқырап,
Жиырма жігіт қасында
Батыр Сайым бұл шықты.
Ерсайымды көргесін
Аттан түсіп жаяулап
Үшеуі қарсы жүреді.
Сайымды көріп қарасын
Бұларды танып сонадан
Жігіттерге сөйледі:
—Мынау тұрған үш адам—
Құртқа менен Қарлыға,
Қарындасы Қарлығаш
Алдан күтіп жүр екен.
Аттан түсің, жігіттер,
Екі-екіден тең жүріп
Аттарыңды жетелеп,
Бастайын алда мен жүріп.
Осылай айтып Ерсайым,
Жігіттерге береді.
Айтқанын мақұл көреді,
Екі-екіден тең жүріп.
Қаруларын асынып,
Ер соңынан келеді.
Сайым бастап кер атпен,
Жүрді жолға құлатпен,
Қарсы келіп бұлармен
Аттан түсіп көрісті.
Амандықты білсін деп,
Сонда Сайым сөйледі:
—Бақытты бол, қарақтар,
Көктегі жүрген көк тұйғын
Саялы жерге қонақтар.
Аманбысың, саумысың,
Жан қарағым, шырақтар?!
Қобылан сау ма, қайда деп,
Қуанады кемпір-шал;
—Жақсымысың, қалай қал?
Құртқа

Тағы оқыңыз