Қобыланды батыр (3-бөлім)
Қобыланды · С. Ділманов нұсқасы · 4 мин оқу
Құртқаның сөзі:
Зарықтың мұнша неге жан қарағым,
Орнына келсе игі еді бұл талабың.
Атағы кім болады ол адамның,
Әуелде сұрап па едің сен, шырағым!
Жан емен дүние кезген, анам әйел,
Жасырмай біле қойсам мен, шырағым,
Тұрағы қайда болат қандай адам,
Білмесең, аты-жөнін, қайдан табам?!
Илияның сөзі:
—Апатай, мен айтайын бастан-аяқ,
Басыңа берген Тәңірім әуелден бақ.
Бойыңды кейін тастап сөз сұрама,
Қасыңа келіп тұрған мен бір қонақ.
Адамдай түсінбеген көп сұрайсың,
Айтайын әңгімемді мен бір құрап.
Екінші түсіме енген сапарында,
Қалғанмын аты-жөнін анық сұрап.
Білмейтін адам болсаң саған келмен,
Тыңдаңыз енді, апа, бермен қарап.
Айтты да осы сөзді қыз Илия,
Жіберді өксіп-өксіп қатты жылап.
—Әй, апа мен ғаріппін болған мұңды,
Кез қылды жас кезімде мұндай күйді.
Анығын айтуға ұлықсат бер,
Ол адам қашықта емес, сіздің маңда.
Аяулық көрсетпедің маған тіпті,
Несіне құр айтайын, сөзім тыңда.
Тағыда тоқтап қалды қыз бейшара,
Егіліп босағанын біліп Құртқа:
—Атай бер, жарқыным, деп қылды ишара.
Сайрады сонда тұрып Илия жазған,
Көңілінде ауыр мүдде болып арман.
—Әй, апа мен айтайын тыңда өзің,
Сарыарқа саласында,—деді,—жерім.
Тарқатам бастан-аяқ көңіл шерін,
Ұлықсат сіз бергесін енді өзім.
Атағым Қобыланды деп айтып ет,
Атасы бай Қыдырбай қәдден асқан,
Атанған Ер Қобылан жеке туған,
Жері жоқ дұшпаннан ешбір сасқан.
Алғаным асыл Құртқа—дию қызы,
Білігі, тәжірибелі, жаннан асқан.
Тұрғанда Илия сөйлеп осы сөзді
Сұрланып Аққұртқаның нұры қашқан,
Илия Аққұртқаны тұрған бағып,
—Жан апа, кеттің деді сіз бір нағып!
Құртқа айтты:—Айта берің, жан шырағым,
Жайымды түгел айтам сен болғасын,
Арттан кезек келер әм, шырағым.
—Әй апа, мен айтайын ендігісін,
Орнына келер енді бұл жұмысым.
Жан апа, қатты шошып сыр білдірдің,
Көнбеске ылаж бар ма Құдай ісін,
Жас басым жалын болып, күйді жаным,
Қалдырсаң менің босқа тілегімді,
Алдында Тәңіріңнің күнәлісің.
Көргенсін Қобыландыны мен іздедім,
Екі жыл күтіп едім ердің сертін,
Ішіме салып кетті ғашық дертін.
Зарыққан мен сықылды жас баланы,
Аяман деген апа ердің сертін.
Айтты да осы сөзді қалды Илия,
«Уһ» деп демін алды сонда Илия.
Құртқаның сөзі:
Сөйледі Құртқа толғанып,
Ашумен жатқан байғұстың
Қайғысы қалың қозғалып:
—Ай қарағым, құлақ сал,
Сыр жасырман саған деп,
Билік қалса, қиын ба,
Бұл жұмысың маған дерт.
Өзі жалғыз, өзі жас,
Жаңағы айтқан сөзіңнің
Өтірік емес, бәрі рас.
Аға менен іні жоқ,
Өзінен бөтен демі жоқ.
Жалғыздың күні құрысын,
Алай-бұлай болып кетсе,
Тарылар деп қорқамын
Сонда менің тынысым.
Қартайған ата-ана бар
Теңдесі келмей отырған.
Өзімен туған Қарлығаш,
Ондай адам жалғанда
Мұқтажды жанға табылмас.
Жалғыздықтың кесірі
Бермей отыр теңіне.
Тұтқа болат демейді
Байтақ жатқан еліне,
Қарасы жоқ, қайтесің,
Сонан бөтен ізінде.
Бір Құдайға сен тапсыр,
Жалған жоқ айтқан сөзімде.
Жалғыз сағат көрмесе,
Ата-енесі төзе алмайт.
Нағып төзсін, ол байғұс—
Зарығып көрген баласы.
Қобыланды атаса,
Құриды мұның шарасы.
Алшағыр залым дос болып,
Достықтың түбі бос болып,
Алдап айдап жіберді
Көбектінің еліне.
Барса сонда өлед деп,
«Барма» дедім батырға,
Қарамады Қобылан
Достар айтқан ақылға.
Егестірді бір залым,
Саласың деп ақылды
Қойныңда жатқан қатынға.
Сол сапарда қорлықты
Көріп едік біз талай,
Қайырын берді соңынан
Жаратқан Ие бір Құдай.
Көңілденсе, көнеді
Өз дегені болмаса.
Қарсы айтатын жайым жоқ,
Енді оған не дейін?!
Сен зарығып жылайсың,
Менен көмек сұрайсың,
Тірі жүріп сау болса,
Маған со да болады.
Мен де білем, шырағым,
Екі жылдан бері қарай
Батырдың да жүрегін
Сенің қайғың алады.
Әуелден маған серті бар—
Сенсіз қатын алман деп,
Көңілге жара салман деп.
Қанша қатын алса да,
Қарсылық қылман өзіне.
Қарайып жүрсе болады,
Көрініп менің көзіме.
Жалын жансын тарықтың,
Жіберейін жалғызды
Тұрсаң айтқан сөзіме.
Қарлығадай жәрдем ет,
Қысылған жерде өзіне.
Ата-аға деп аяма,
Ер керек болса құмарлық,
Ғашықтығың шын болса,
Еремін десең ізіне.
Жан ашырлық жан жолдас
Жамандықты сақтамас.
Шын Құдай десе өзі де,
Атасы менен інісін
Өлтіріп еді Қарлыға.
Ғашықтықпен ізіне
Екі қайыс, бір тізгін
Беріп қойып отырмын,
Қарлығажанның өзіне.
Сараңдық етті Құдайым,
Күң менен құлға көп берген
Баласын қимайды өзіме.
Жиырма екіде дәл жасы
Мұқтаж емес ешнәрсе.
Жалғыз бала болмаса
Атаға біткен ен дәулет
Жалғыздың тайса табаны,
Әлі де кімнің олжасы.
Ойлап ойға тоймаймын
Иесіз тұрған сықылды.
Шырылдап жатқан бала жоқ
Бұл төренің ордасы.
Ерте-кеші белгісіз
Жуық жанға қыр басы.
Жерің шалғай, жол алыс,
Қырымның аспас белі еді,
Арасы сусыз шөл еді.
Бара қой деп мен айтсам,
Еріксіз батыр жүреді.
Қиындық жерге кездессе,
Пірлері көмек береді.
Тәуекел еткен ер жігіт
Еш уайым жемейді.
Едігенің тұқымы—
Қарасай-Қази қос батыр
Асалмай келді тарығып
Өткен жылы деп еді.
Алла берер бұл жолды
Жіберермін жөн сілтеп.
Жол мәнісін елменен
Түгел айтшы, қарағым,
Естісін анық құлағым.
Жасырмай сөйле сырыңды,
Оңайсынып келсін деп
Құдайға мен де тапсырдым,
Сақтасаң ішкі кіріңді.
Ақ тауықты алып қан,
Даңқы озған халықтан
Жете алмай Қырым сол жерге
Сан батырлар зарыққан.
Жалғыз Тәңірі жар болсын,
Мен ондайдан қорықпан.
Он төрт жасар Илия.
Қосқан шығар Құдайым,
Мен де тілек сұрайын.
Тірі жүрсе жалғызым,
Неше сұлу, неше қыз
Алмас дейсің талайын.