Қобыланды батыр (18-бөлім)
Қобыланды · С. Ділманов нұсқасы · 2 мин оқу
Сайым:
Ерсайым естіген соң:—Мақұл,—деді,
Кімім бар сенен артық жақын,—деді.
Көрерміз бір Тәңірімнің бір жазғанын,
Қарағым, көңілдегі сол ма арманың.
Жазуы бір Алланың, сірә, болар,
Көңілі адамзаттың әр неде ғой
Қарағым, белгіле сен де жол қамын,
Әзірленші жүрмек мақұл.
Дегенмен атың әйел данасы едің
Қарағым, білгеніңді айтшы маған
Қырымның талай барып аспас тауын
Құдайым берсін дағы деннің сауын.
Құртқаның өз тапсырмасымен білгенін баян етіп айтқаны
—Сайеке, артық білім жоқ,
Естіген ұзақ хабарым
Баяндайын, сіз тыңда.
Үш айшылық жолы бар,
Арада сусыз шөлі бар,
Жеті күн қонып шыққан соң,
Қандашының көлі бар.
Сәуелім шайтан болмаса,
Сол көлден шығып ажырар
Сіздерменен ұрысар.
Сол жыланды өлтірсең,
Жол болмайтын несі бар.
Осы айтқаным түс келсе,
Бәрі де түгел табылар.
Билікті берме батырға,
Жол билігін өзің ал.
Еркін берме әр жерде,
Батыр аңқау, ер күдек,
Қызу еді жаңылар.
Қара тауда есік бар,
Қырымның барған ханшасы
Өте алмай сонан тарыққан.
Сиыныңыз Аллаға
Шыққан соң шетке халықтан.
Оңын берсе өзі де
Бұзбай таудың несі бар.
Жаңылма, Сайеке, ескертем,
Екі түрлі тапсырам
Сол араны есіңе ал.
Қанды өзен дейтін өзен бар,
Шалқыған үлкен дария.
Жиылмалы көпір бар,
Қапыда түсіп жүрмендер
Осыны, аға, есіңе ал.
Екінші, тағы тапсырам
Алып шығып соғысар
Бірнеше ауыр қолменен.
Сол мезгілде Илия
Кездесер келіп көлденең
Елші болып жолығар
Әкесі мұны білмеген.
Астына мінер көк аяқ,
Ерекше киім киініп,
Желкеге шашын түйініп.
Ат жалында үкі бар—
Белгісі осы есіңе ал.
Екінші рет көрінер
Астына мінген күреңді
Сипаты бөлек атының,
Онда да белгі—үкісі.
Зарланып жүрген байғұстың
Сөзінің болмас мүкісі.
Жазым қылып жүрмесін
Аңдамай батыр бір жерде,
Сізге айтамын бұл сырды.
Қайғылы күнге кез келсе,
Астына мініп қараны.
Қалың ауыр әскер көп
Артықша дейді құрамы.
Алдырмайтын еш жанға
Бөлек рудың қыраны.
Жар болсын Құдай сендерге
Аман келіп қауышсаң,
Арман бар ма біздерге.
Атымыз әйел нашармыз,
Тілектестік болмаса
Қолдан келер жәрдем жоқ,
Ере жүріп сіздерге.
Сансыз жатқан ноғайлы
Алданып па едім бұл жайда
Пендесіне несібе
Өлшеулі берген ризық
Бір жаратқан Құдайды.
Сайеке, көріп келесің
Жасыңнан бері талайды
Амал-айла сенде көп,
Өзіңе-өзің сақ болып,
Күтінбесең жарай ма.
Жетпіс екі бәле бар,
Жолы жаман қиындық.
Тәуекел етің жасыма,
Тізе қоссаң екеуің
Не де болса шошымай.
Қысқартайын сөзімді
Білдім, аға, осындай.
Бейнетің көп өлім жоқ,
Дәм татасын жол жүріп,
Ер тарықпай молықпас.
Бақ пенен дәулет жолында
Ізденбей үйде жолықпас.
Тәуекел етің, төзіңіз,
Ертеңгі күн таң ата
Қырық жігітті ертіп жүріңіз.
Артыңнан жүрем кешікпей
Бірер күн кейін еніңіз.
Айтып болдым мен енді
Ағеке, өзің біліңіз.
Пана қылып Ерсайым
Орнынан тұрып барады.
—Аттарыңды күтіңдер,—[деп],
Ерлерге жарлық салады.
Сол күні қонып жайғасып,
Күн шыға жүрді Ерсайым,
Кемпір-шалмен қоштасып.
Батасын беріп Қыдырбай
Садақасын сан айтып
Құда жолы Құдайға,
Қошқар бура айғырдан
Кісесін салып мойнына.
Жылатып тұрып тіледі
Балдардың аман келуін
Келіп елді көруін.