Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр (12-бөлім)

Қобыланды · С. Ділманов нұсқасы · 2 мин оқу

Сайым

Сайым сонда сөйлейді:
—Нұрқасын мен Шыныбек,
Негізің еді асыл тек.
Қиын қыстау жер келсе,
Сеніштерім сен едің.
Алла сапар оңдаса,
Алысқа сапар шегемін.
Сен екеуің бас қылып,
Жиырма жігіт аламын.
Әзірленің тездетіп,
Иә өлім деп, иә бейнет
Таланжа саламын.
Жасқансаң қалың ермей-ақ
Өздеріңе саламын.
Жалғыз да болсам тәуекел,
Әзірлендім барамын.
Кеңесіңдер сырт барып,
Мәделсіз болсын біреуің.
Разылық ал өзінен,
Ренжу болып ермесін
Енді менің ізімнен.
Осыны айтып Ерсайым
Қырық жігітін бөледі.
Халыққа қалған сөйледі:
—Жаман айтпай жақсы жоқ
Барасың қалып өздерің.
Үлкен аға, кіші іні,
Аман болың келгенше.
Сапарым алыс, ұзақ жол,
Дұғада болың кәрілер.
Алдымда не бар екенін
Пендесі ғаріп не білер.
Балдағы жауар көк семсер
Жауға арнап соқтырған.
Ат тұяғы тимеген,
Ешкім барып көрмеген
Барса келмес жеріне,
Сондағы жатқан еліне,
Алып пенен Қасарма
Атағы шыққан еріне
Қазақтан шыққан Қобылан
Аттанып жатыр қамданып.
Қанша екенін білмеймін
Ер жинаған шақырып.
Ақыреттік досым ет,
Хабар салды келсін деп,
Сонымен бірдей боламын.
Артымда қалған, байтақ ел,
Жасымнан баққан жабдықтап.
Деңіңе дұшпан келтірмей,
Ешкімнен қорлық көрсетпей,
Бақи болың, қалған ел,
Қатын мен бала қара орман—
Байтақ халқым тапсырдым
Әуелі Құдай өзіңе.
Киікбай мен Бөкенбай—
Балдырғандай жас бала
Барады қалып ізімде.
Аюбике жолдасым,
Ақыреттік қосылған
Жан жолдасым сен едің,
Налыма енді қолың бер,
Сапарыма жүремін.
Аман келсем оңғарып,
Тіріде сені көремін.
Ажалым жетсе бұл жаудан,
Көре алмай халқым өлермін.
Не де болса Алланың
Жазғанына көнемін.
Халқы шулап жылады,
Ішінен тынып Ерсайым
Сабырлықпен шыдады.
Халықтың мауқын басқан соң,
Қарындасы Айшаға
Тағы да сөйлеп қарады:
—Қарындасым, қарағым,
Артымда қалып барасың.
Дәл он беске сен келдің,
Толмаған ақыл баласың.
Інілерің басқарып
Ақыл салып жеңгеңе
Айтқанымды сен тыңдап,
Халқымды бағып қарашы.
Атағы әйел дегенмен
Белгілі едің сен маған,
Ақылың дана жан едің
Өзіңді өзің ұстаған.
Балалықпен аңдамай
Жаңылып жүрме, жан Айша,
Белгім бар саған тастаған.
Осыны айтып болған соң,
Киікбай менен Бөкенбай—
Екі бірдей баласы
Қол қусырып тұрады:
—Біз барайық бұл жолға,
Бата бер,—деп сұрады.
Шүкір қылды Ерсайым
Мұны естіп Құдайға.
Риза болды көңілі
Өзінен туған балаға.
—Разымын, балаларым,
Барам деген сөзіңе.
Жеткен жоқсың ертерек
Аттанатын жеріңе.
Адам болып ескерсең,
Еліңді бақ, қорған бол,
Барасың қалып ізімде.
Осы сөзбен тоқтатты
Қатын мен бала, елдерін,
Қатар құрбы, теңдерін.
Жаранлар, салсаң құлақты,
Айтайын деп келемін.
Нұрқасын мен Шыныбек
Қырық жігіттің сөздерін.
Келіс қылып арадан
Жиырмасы шықты бөлініп,
Жүрегінде жігер бар
Жігіт болып туған жан.
Мұндай жерден бөлініп
Басын тартып қала ма,
Сайымменен жиырма бір
Бөлініп шықты елінен.
Таңдап мінді тұлпар ат
Жарағанын елінен.
Садақ атып сандалып,
Халқы қалды ізінен.
Аюбике жолдасы
Терлікбайды көтеріп,
Батырдың жүрді ізінен.
—Тоқтай тұр, батыр, сабыр ет,
Сапарыңды оңғарсын
Бір жаратқан құдірет!

Тағы оқыңыз