Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр (10-бөлім)

Қобыланды · С. Ділманов нұсқасы · 3 мин оқу

Қарлыға Құртқаның сөзін мақұл алып, болады деп айтқаны:

—Жан апа, айтқаныңды орындармын,
Торы аттың бабын тауып неше түрлі.
Жасырман, жаным апа, сізден сырды,
Хайуанмен сөйлесе алам біліп тілді.
Торы аттың жетпіс екі күйін тауып,
Ат күйін таба алмасақ бізге қауіп.
Жаңылып кетпес емес жарар еді,
Жан апа, сіз де көрің ауық-ауық.
Жан апа, бала жастан баққан атың,
Әр қашан бабың өзің тапқан атың.
Жанына жем берерде жуық барсам,
Жаратпай бойын бағып сақтанатын.
Торы атты сүйіндір де қолыма бер,
Қарлыға бұл міндетті атқаратын.
Құртқа айтты:—Олай болса, жан қарағым,
Адамға менен бөтен үйір емес,
Айырып енесінен алдым талай,
Аударды ықыласымды соған қыздай.
Аузына емшегімді салушы едім,
Баладай бой ерітіп сорушы еді.
Балаң деп торы тұлпар сенің, Құртқа
Мазақтап батыр маған келуші еді.
Білемін көптен бері ол жайыңды,
Жатырқап сені торы ат жүруші еді.
Адамды мінезінен айырады,
Хайуан деп айтып болмас білуші еді.
Әңгіме

Біз мұны ұлы Ерсайымның түс көріп оянып, таң алдында әйелі Аюбикені оятып, «Түс көрдім, Қобылан ақыреттік досым еді, оны өзің де білесің»,—деп, Барса келмеске жол жүруге әзірленіп жатқан сапары екен. Қасына еретін сенімді жолдас керек болып, ол жақтан ешкім таппай Құртқаға «жауда жаны ортақ, елде малы ортақ өзіме сенімді серік кісі тап» деп, қысым салған қалың ноғайлының халқына хабар айтуға арланып, ақыреттік дос деп маған хабар салған хабарлаушы ақрылы жаннан асқан адам данасы Құртқа сәуелімденіп, осы хабарды маған түгел айтқан, сен де бір әйелден кем деп жүрген жоқсың, осы түсім қалай, айтшы.

Әйелі Аюбикенің түсін жорығаны:

—Жориын батыр түсіңді,
Алла оңғарғай ісіңді.
Бұл түсіңді көргенің,
Ғажайып екен ойласам,
Сәуеліңде Аққұртқа
Түсіңе сіздің көрінген.
Ол шамданып жүруші ед,
Менің айтқан сөзімнен.
Қобыландыны бір ертіп,
Ұлы жиын дүбірге,
Аса ауыр қиынға
Салмақшы еді өзімен,
Қобыландыдай досыңмен
Өз басында кінә жоқ.
Қатыны Құртқа айлакер,
Ат желгізіп келгенде
Ақыреттік дос болып,
Қарындасың бергенде
Разы болып мен айттым:
«Өзіңе батыр белгілі
Көшекке атын жегізіп,
Жаяуласып жүрген біреуге
Мұнша неге қызығып,
Бикешті неге бердің»,—деп.
Сол сөзімді кектеген
Жібермей Құртқа тоқтатты.
Жеті жылдан бері қарай
Нағып аты жетпеді?!
Ақыл салған қатынға
Ердің ісі қашанда
Шығарма, сірә, мақұлға.
Достықтың шегін ұмытып,
Ойламай кеткен біреуге
Барамын десең, батырым,
Соқпасын мұның шамаға.
Қарны ашып ол неме,
Ерместей біреу қараға,
Еділ Жайық қайтадан,
Қалың жатқан ноғайлы,
Түсінсең айттым, батырым,
Бара көрме бұл жайға.

Ашуланып Ерсайым,
Жұдырықпен ұрады.
Шүйіріліп орнынан,
Тура қашып барады.
Денсаулығым олжа деп,
Ала алмады жаулығын,
Жалаң аяқ, жалаң бас,
Бір ашуға мінген соң,
Өлтірмей батыр тына алмас.
Керегенің басында
Ілулі тұрған көк алмас,
Тура қолды қояды,
Ала салып алмасын
Өлтірем деп Бикеннің
Соңынан қуып барады.
Тоқтасын ба қашқан соң,
Айшаның бұзып бұл кірді
Жапқан сарай қақпасын.
Ұйықтап жатқан сұлудың
Қойнына кіріп барады.
Шошып кетіп Айша қыз,
Орнынан тұрып қарады.
Қараса екен жеңгесі,
«Не болды?» деп сұрады.
—Мәнісін айтам артынан
Жылдам барғыл есікке,
Ағаң қуып келеді,
Өлтірем деп өзімді.
Көтере алмады томырық,
Жағдайын айтқан сөзімді.
Шапшаң барып ұсташы,
Көк алмасы қолында,
Ашуы көкең қатты еді,
Жазым қылар өзіме.
Естіп Айша жүгіріп,
Есікке таяу барады.
Келген екен батыр да
Екі көзі қызарып
Жалаң аяқ, жалаң бас,
Өшіккен жауын өлтірмей
Ердің көңілі тыналмас.
Қолына ұстап жалаңаш,
«Қайда,—деп,—Бике?» сұрады.
Араға түсіп қыз Айша,
Сонда тұрып сөйледі:
—Жаным көке, сен, деді,
Үлкейгенде алжасып
Екеуіңе жөн бе еді?!
Ести қойса мұныңды,
Күлкі қылар ел деді.
Ашу—кәпір, ақыл—дос,
Ашуыңның түбі бос.
Ашуың бер, жан көке,
Өлтіргенмен не болды.
Ұйықтап жатқан жерімде
Үстіме құлап зар жылап.
Ашуыңды бермесең,
Мені туған көрмесең,
Әуел өлтір өзімді,
Сыйламасаң сөзімді.
Ана орнына ардақтап,
Бағып еді баладай,
Еңбегі көп мойнымда.
Сол үшін, көке, өтінем
Ашуың берсең не етеді.
Тоқтайды Сайым Айшаның
Жығылыс тауып сөзінен.
Қазір кел деп киініп,
Жүре берді ізінен.
Үйге барып Ерсайым,
Құралын сайман киінді.
Ежір сақтап төзе алмай,
Жау құралын жиынды.
Айша да келді кідірмей,
Келе сөйлей береді:
—Жалғызым, көке, жол болсын,
Ашуың келсе тоқтамас,
Қадірлі туған ер едің!
Жолың болсын, жан көке,
Талабың қайда жүрмегі
Әзірленіп асықтың.

Тағы оқыңыз