Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр (33-бөлім)

Қобыланды · С. Ділманов нұсқасы · 4 мин оқу

Жасқанбай жүр Қалипа
Шал менен Сайым қасында,
Орамалы мойнында,
Көзінің жасын төгіп жүр.
Сырын білмейді батырдың,
Байғұс неге сөніп жүр.
Түгі тұтам сауыттан
Көктеп өтіп барады.
Екі көзі қызарып,
Күшін жинап алады.
Күркіретіп бұл дәуді
Суырып жерден алады.
Аяғын жерге тигізбей
Былғап жерге ұрады.
Кеудесіне мінгенде
Бозторғайдай күрсінген
Нағылып мұны жықтым деп,
Тұлғасын көріп бұл дәудің.
Өзінен өзі жерінген
Көсіліп жатты Шойынкөт.
Жықтың, батырсың-ақ,
Басымнан тайды ауыр бақ.
Қанжармен жаққа салады.
Шабайын деп тамақтан
Қанжарменен өктеді.
Тасты көскен көк қанжар
Тамағынан өтпеді.
Қалипа келді төзе алмай:
—Жаным, көке, жалғызым.
Тәніне қару өтпейді,
Өкшесінен оқ тарса,
Өлмей дұшпан кетпейді.
Ақырды сонда Қобылан:
—Қайдасың, Сайым, кел,—деді.
Мерген едің кешегі
Құралайды көзге атқан,
Жүргеніңде елде дет.
Мына атаңәлет дұшпанды
Қару өтпей шаршадым.
Қалипажан айтып тұр,
Өкшеден атып көр,—деді.
Атынан түсе қалады
Оғын қолға алады.
Атайын деп өкшеден
Сығалайды тізесін
Жерге батыр бүгеді.
Қобыланға тиер деп
Тағы қорқып сасады.
Кейіді сонда Қобылан:
—Мергендігің қайда,—деп
Сасқан жерде көрмедім
Сенен ешбір пайда,—деп.
Тисе тисін атқан оқ,
Ажалым жетсе өлермін,
Тура келіп тисе дүп,
Атшы шапшаң, кідірме.
Сайым тартып қалады,
Өкшеден оғы жарады.
Екі көздің арасын
Милығынан дүп шығып
Лайлалама лоқы деп
Қалмақ жанын береді.
Қанжарды салып сағақтан
Басын кесіп алады.
Айтқан сертін орындап,
Қанын ішіп қанады.
Уһ деп демін сонда алып
Ер Қобылан тынады.
Алмамбет қанша жүгіріп,
Қырық жігітті қамады.
Дәл жеті күн алысып,
Шойынкөт тамам болады.

Сол жерден түгелімен қосын артып, Алмамбеттің қаласына көшіп барып, бірнеше күн жатып демін алып, сенімсіз адамдарын ұстап өлтіріп, қалғанын зынданға салып, Алмамбет көңілі жайғасып, тойын жасап көңілін бөліп болған соң батырларға Алыптың жайын айтып, жөнін сілтеді. Әлде де тіл алсаңдар, бармағандарың мақұл, барамын десеңдер, не амалым бар, маңдайларыңнан көрерсіңдер. Алыптың көші мұнан он есе артық, тағы басқалары да көп, мен қорқамын қалай да болып, қай жағына жүрсеңдер де жүру керек деп сөзін қысқартты. Қобылан, Сайым кеңесіп жүрмекші болды. «Алланың не жазғанын маңдайымыздан көреміз. Қырық жігітке әлі де айлық жер жол бар, сендер елге қайтыңдар, қайтпасаңдар осында болыңдар, аман-есен біз келгенше жатындар»,—деп айтып еді, оған жігіттер көнбеді, «Сендермен бірге барамыз Алланың жазуы болар, қалмаймыз да, қайтпаймыз да»,—деді.

Олай болса, жүрудің талабын етіп әзірлену керек деп, батырлар азықтарын даярлап жүруге дайындалды.

Алмамбет «жолдарың болсын» деп батасын беріп, батырларды өз қолынан аттандырып жолға салды. Қалипа бұларменен еріп күндік жерден қайтпақшы болды. Сайымға Қобыланмен жолдың жөнін сілтеп, Илияның ғашықтық жайынан баяндап айтқаны:

Қалипа:

—Жолың болсын, ағалар,
Ысқырып соқса дауыл жел,
Киіктің жетім ылағы
Жартасқа барып паналар.
Таудағы жүрген арыстан
Тау көбелей желетін
Тұяғын тасқа тигізіп,
Дүмпуін жұртқа білгізіп,
Түн қатып жортып жүретін.
Сол сияқты, жан аға,
Біз киіктің ылағы.
Күн бар ма кеткен сендерді
Амандықпен көретін.
Әзелде барған Алланың
Бар шығар несіп ырыздық.
Уайымнан түк өнбес
Тәуекел қылып төзелік.
Құлағың сал, жан аға,
Илия құрдас өзіммен.
Жылында келіп екі рет
Қайтушы еді өзімнен.
Қайғылы еді ғашықтық
Дерті түсіп өзіне
Сіздің жоқтап ізіңнен.
Тілегі қабыл байғұстың
Бола қойса жарар ет.
Байтақ жатқан көп халық
Басқарып тұрған мұны алып,
Пәрменменен атқарып,
Айдаған шығар әскерін
Аламан жинап сақтанып.
Тәуекел еттің нендей іс,
Кездессе де тоқталып
Саны жоқ әскер көп болар.
Көптігіне көнерсің
Алыппен қарсы келгенде.
Шендеспей қару қылыңдар
Жуи көрмең маңына,
Белдессең жазым боласың.
Амалын тапса Илия
Жүрген шығар ішінде
Ғашықтықтың зарымен
Қыз болып аға есінде.
Жолығар келіп тоқтамай,
Жолын тауып келе алса.
Қанды өзеннің бойында
Жиылмалы көпір бар,
Жуымаңдар өзіне.
Көпірге түссең, болдың қор
Сонда құрған амал мол.
Аждаһа, жылан, дәуі бар,
Хабарсыз болман, ағалар.
Осыны айтып Қалипа
Қолдасып тұрып зар жылар.
Қобылан сонда сөйлейді:
—Жасыма, қалқам, қарағым,
Тәуекел етіп алдымда
Не де болса барармын.
Құр қайғыдан пайда жоқ,
Ер тәуекел етпесе.
Қобылан Сайым бола алмас,
Айтқанына жетпесе.
Нағыламын мал қылып
Кершабақ пен торыны,
Көпірсіз судан өтпесе.
Сақтаған Алла талайдан
Мықты екен деп осы көп
Жасқануың жарай ма.
Тәуекел деп бел буып
Жау қарасын көрген ер
Санасуға жарай ма.
Кешікпе, қалқам, енді қайт,
Ата менен анама
Дұғада болсын сәлем айт.
Тілекті берсе көрерміз,
Аман болсақ келерміз.
Ажалым жетсе бұл жаудан,
Қашқанменен өлерміз,
Таусылған дәмге не дерміз.
Осыны айтып қоштасып,
Қалипаны қайырды
Кейінде қалған еліне.
«Иә, Құдайлап» батырлар
Жүрді бастап жөніне.
Арада неше қонады
Ат күйімен жай жүріп
Батырлар тартып келеді.
Бірнеше күн болғанда
Қанды өзенді көреді.
Шалқыған үлкен дария екен
Байқаса ені көз жетпейт.
Қан сықылды қызыл су,
Бұрқыраған шығып бу.
Көпіргенде көбігі
Жексенге тіккен отаудай,
Сел толқыны тым күшті,
Судың түрін көргенде
Қырық жігіттің құты ұшты.
Жоғары суды жағалап
Көпірді ерлер көреді.
Түсейін деп Қобылан
Көпірге сонда меңзеді.
Жібермеді Ерсайым:
—Мұның батыр нең,—деді.
Айтпап па еді Қалипа.
Шығарыңда Аққұртқа,
Ұмытқаның нең,—деді.
Есіне түсіп тоқтады,
Өтпесе көпір өзінен
Бөтен өтер амал жоқ,
Ерді қайғы басады.
Сәске болған мезгіл ед
Ер қысылып егілед,
Алладан бөтен жәрдем жоқ.
Тосыннан келген жолаушы
Көпірден бөтен не біледі.
Ердің біліп сасқанын
Тұлпардан туған торша ат—
Нәсілі сүйін жануар
Сүйегім асыл шын болат
Иек көтеріп есінет.
Жерді тарпып аяқпен
Үш қайтара кісінет.
Тізгінін созып ұсынып
Өтуге суға маңдайлат.
Ер түсініп атына
Сиынды сонда піріне.
Шегініп кейін шығады
Жынды адамдай айқайлап.

Тағы оқыңыз