Қобыланды батыр (47-бөлім)
Қобыланды · С. Ділманов нұсқасы · 3 мин оқу
Жігіттермен амандасып болған соң Алмамбет, Қобыландар қалаға қарай жүрді. Сансыз ауыр қолмен Қасарма, Илия аттан түсіп жаяулап алдынан шығып, Алмамбет ханды аттан көтеріп алып амандасты.
Алмамбет Қасармаға өткеніне қайырлы болсын айтып, жаңа талабың құтты болсын деп айтқаны:
—Аманбысың, Қасарма,
Қайырлы болсын талабың.
Өткен іске жасыма
Болат едің, шырағым.
Барсаладан бер қарай
Халықты ұстап биледің.
Онда да шыққан мүйіз жоқ
Соқтығып ешкім тимеді.
Көлденең жатқан Қаратау
Ашып дұшпан келмеді.
Бақ таяр күнге кез келіп
Заманында Алыптың.
Қобылан, Сайым, қырық жігіт
Бұлардың өтіп келгені
Уақыт шығар дәм бітіп.
Себеп болып бұлардан
Ағаңның Алып өлгені.
Қазалы жан қайда өлмейт
Мұншама халық бөлгенің.
Жасымаған түрің бар,
Әлде де байтақ елің бар,
Өлді деп айтпан Алыпты.
Көрмеген қорлық жоқ еді
Маған зәбір бергенде
Араға түскен сен едің.
Жақсылыққа жақсылық
Ер алдына келеді.
Түсінерсің бұл сөзге
Түсін ашып не қылам,
Қобыланменен дос болып
Қосылыпсың, шырағым.
Қайырлы болсын мен айтып,
Сөз аяғын қысқартам.
Қасарма деген атақты
Ағаңның қойған атағы.
Белгілі еді халыққа,
Кімнің мақұл шатағы.
Алғыс алған ер едің
Алып жөнсіз ұрысса,
Араға түсіп кес-кестеп.
Талайды алдың айырып,
Алдынан шығып қайырып.
Сексен кісі бір жерде
Жазықсыз дарға астырып.
Қатын менен баласын
Өлтіріп еді бұл Алып
Айдап малға бастырып.
Разы болмай ісіне
Қарсы тұрған сен едің.
Ашылып араң кеткенде
Бітім айтып сендерге
Басыңды қосқан мен едім.
Мақтаныш емес бұл сөзім
Тірісі елдің біледі
Еске түссін деп айтам
Ескілікті бұл сөзді.
Көзі кеткен Алыпты
Күндеп айтқан сөз емес.
Алып өліп қалған соң
Бұл айтуым жол емес.
Екі жұрттың елі бар,
Ескеретін ері бар.
Ел менен жұрт сенікі,
Боларсың ие, шырағым.
Мен бір сенің қонағың
Бұл сөзімді есіңе ал
Артық десем айтқаным
Қобылан, Сайым алдында
Мойныма менің кінә сал.
Болдым айтып, Қасарма,
Көңілдің кірі қайтпаса,
Ер ашуы тарар ма.
Қасарма:
—Сөзің мақұл, Алмамбет,
Айтуыңның міні жоқ.
Дендестерің екеуің
Зәбір берген кісің жоқ.
Тудың десең екеуің
Мойныма алам кінәні.
Сізге тиген еш жерде
Менің ауыр сөзім жоқ.
Көрдің зәбір талайын
Кек қылып ішке сақтама.
Хан, тақсыр, сізден сұраймын
Ел тағына өзің мін,
Бітсін көңіл зарыққан.
Бөтен демес сіз мінсең,
Осы тұрған халықтың
Мен қараша нөкерің,
Айтпан сөздің бекерін.
Құдай дескен досымның
Алдында айтып анықтасам.
Сен өлгенше Алмамбет
Қызметіңді өтермін.
Осыны айтып Қасарма
Алмамбетпен қолдасып,
Құшақтасып қалады.
Екеуін халық сол жерде
Шаққа айырып алады.
Бата қылып байтақ көп
Қалаға қарай барады
Түсірер жерде таумалап
Ханымыз деп Алмамбет
Ортасына алады,
Ақ киізге аунатып.
Қасарма мен Қобылан,
Батыр Сайым көп халық
Көтеріп алып барады.
Алтын таққа мінгізіп,
Басына тажы кигізіп,
Құтты болсын тағың деп,
Басыңа қонған бағың деп,
Халық алғыс береді.
Ат шаптырып, той қылып,
Жиын болды біраз күн.
Садырман сауық күн мен түн
Қасарма батыр басқарып,
Іс қылма деп айтады
Алмамбетке жасқанып.
Ойын-күлкі тамаша,
Осыменен қонағын
Ұзын сөздің қысқасы—
Жүргізбек болды атқарып,
Илияны Қасарма
Қобыланға қосады.
Қалауын салып алдына
Тартынбай енді алың деп
Разылықпен тұрады.
Қара қасқа тұлпарды
Қобыланға мінгізді
Торыға серік болсын деп.
Жауһарлы қылыш ілгізді
Батыр көңілі толсын деп.
Аямады мал, дәулет,
—Ақыреттік сен, досым,
Атымды бердім арнаған.
Немді аяп қалайын
Илия жалғыз баладан.
Алмамбет пен Ханша:
—Жан Қобылан, балам,—деді,
Жалғыз қызым Қалипа
Қарлығашпен бір болсын,
Несіне алып қалам деп.
Құлағы кесік құлға бер,
Разымын саған,—деді
Келер жазға сау болсам
Қыдырбай, Зарбап, балдарға
Өзім арнап барам,—деді.
Разы бол, жалғызым,
Керегің болса аяман
Барды алдыңа сәлем,—деді.