Қобыланды батыр (6-бөлім)
Қобыланды · С. Ділманов нұсқасы · 3 мин оқу
Қобылан сол күнде қырық жігітімен сейіл құрып, Тұманшының биік төбесінде шатыр құрып жатушы еді. Ит жүгіртіп, құс салып, көңіл көтеріп, бір жағынан қалмақ халқының қалың ортасында Ұлы Қобда деген жерде қоныс болатын, Ешкіқырған, Тұманшы деген екі өзен шыққан су бар, Қамыс құрақ ысық көлдерде Қыдырбайдың көп жылқысы сол көлдерде жатады. Қобыланның Қарақшы қасындағы бес жүз үй қазақ ноғай халқынан бөлек жүрген көрінеді. Енді көршілері қалмақ хандары еді, Қара Қобда, Сар Қобданың саласындағы мана қалмақтың хандары еді. Хан Тәуке дейтін—қалмақтың күшті ханы. Сол күндегі Ойыл саласында қалмақтың үш ханы бар еді: Қонжар хан, осы күнгі Қонжар дейтін жер сол ханның атағына берілген. Қариялардың аузында бар, сол Қонжардың ордасының ескі орны Афған саласында Қайнар хан дейтін хан болған, қазақ Сағыз Қайнар деп атақ берет, бұл сол ханның қонысы екен. Қиыл деген сала да Қыналаны дейтін ханның жері. Ащы, Ойыл, Алшағыр, Баба ханның қоныстары екен. Сағыздың аяғы Теріс хан, мына жағы Тайсойған, Құмыра Оңғар ханның қонысы, тағы бөтен қалмақтар да көп. Қысқартып айтқанда, осы қалмақтың ішінде бес жүз үймен Қобылан жалғыз екен. Арқаның алпыс екі саласында қырық сегіз хандық қалмақ бар екен, жоғарыдағы көрсетілген қалмақтармен Қобылан келісім жасап біріне-бірі тимеске уәде еткен. Сонда да сенбей, Қобылан қарауыл қарап, үйіне жетісінде бір келеді екен. Қобылан ерте тұрып қарауылға шығады, бөтен кісіні шығармай, өзі шығады екен. Себебі—Қобыланның көзі үш күндік жерді болжайды екен, күніне үш рет қарайды екен. Ертесімен ерте тұрып қарауыл шығып қарағанда бөтен ешнәрсе көрінбей, тек ауыл жақтан бір қараны көріп, Қобыланды қасындағы қырық жолдасын оятып айтқан сөзі:
Қобыландының толғауы:
—Жігіттер, тұрың, жатпаңыз,
Аттарыңды алдыртып,
Ер салыңдар тездетіп,
Көрінеді бір қара.
Ертелеп келет ел жақтан
Жайшылық болса жарар ет.
Аман ба екен кемпір-шал,
Асығыс келет сол адам.
Жан-жақта дұшпан көп еді,
Оңайсынып қадаған
Бір жағдайда жүр шығар.
Сендер келе жатарсың,
Мен солай қарап барамын.
Осыны айтып Қобылан,
Жүре берді ілгері.
Бет-бетіне жүгіріп,
Ат жинады ерлері.
Астына мінген батырдың
Тұлпардан туған күлікті.
Не екенін біле алмай,
Ердің көңілі зерікті.
Астына мінген боз атты
Қатты жүріп булапты.
Жақындады Қарлыға,
Қобылан танып сонадан.
Жүрісі қатты Қарлыға
Мінген атын булаған,
Жау қаруын киініп,
Етек-жеңін жиынып,
Алысқа сапар еткенді.
Келеді сұлу шүйіліп,
Жақындап келіп батырға.
Аттан түсе қалады,
Ибалық етіп қырындап,
Теріс қарап тұрады.
Жайшылық па, жүріс не,
Асығып батыр сұрады.
Жасанып келген жау бар ма,
Тұтанып жатқан дау бар ма?
Ондай болса тәуекел,
Шал мен кемпір бұл сау ма?
—Жайшылық, жаным, саспа деп,
Еңсеге келген жау да жоқ,
Тұтанып жатқан дау да жоқ.
Атам мен анам дені сау,
Шақыр деп апам жіберді.
Бүгін түнде ауырып,
Азған болды бір сырқау.
Көзінің жасын булаған,
Тұрмайды тақтан құлаған.
Сұрап едім айтпады,
Шақырып жылдам кел деді.
Торы атыңды мін деді,
Жабысты бір дерт ішіме
Төзетін емес мен деді.
Қайыратын жағдай жоқ,
Өзің төрем біл деді.
Ойланды батыр Қобылан,
Найзасын жерге таянып:
«Налыды екен нағылып
Көзі жасқа боялып».
Қырық жігіті бытырап,
Келіп қалды артынан
Батырға жақын таянып.
Қыдырхан, Шапай, Мұсабай—
Қырық жігіттің бастығы
Қобыланға барады.
Бөтеннен жоқ достығы
Не хабар екен, ер, деді.
—Жайшылық,—деді Қобылан,
Кетіңдер жайлап соңымнан.
Осыны батыр айтты да,
Қарлығаны ертіп
Жүре берді соңынан.