Қобыланды батыр (35-бөлім)
Қобыланды · С. Ділманов нұсқасы · 2 мин оқу
Ишарат қылып Сайымға,
Оқыранып қасарсып
Екеуі ойнап тұрады.
Жастық жастап басына,
Кідірмеді Ерсайым
Көпірдің барды қасына.
Тетігін көріп ұстады,
Батырларға өттің деп
Ыждиғаттап қыстады.
Батырлар шулап өтеді,
Қобыландыны көре алмай
Не болғанын біле алмай
Қорқынышпен жетеді.
Жайшылық деп Ерсайым
Батырларға хабарлап,
Қорықпай көңілін басады.
Қобылан жатты екі күн
Батқан екен жанына.
Кемпірді елеп көзге іліп
Қару алмай қолына.
Есін жинап ер болып,
Демін алып жатады.
Тынығып ерлер жатқанда
Тор тұлпар мен кер шабақ
Жау келгенін сездіріп,
Басын жерге салады.
Қауіп етіп аттың түрінен
Қарауылға Ерсайым
Өзі шығып барады.
Қырға шығып қараса
Жер жүзінде қайыққа
Қалың әскер, ауыр қол
Он жеті жерден ту байлап
Кел атқан қаптап көреді.
Қостағы жатқан батырға
Атой беріп шақырды.
Қобылан мінді торы атқа
Қасына Сайым барады.
Бұ да көріп қуанып
Қасында Сайым тұрады.
Найза шылбыр жалғады.
Үшеуін жаудың ала алмай
Екеуі қайран болады.
Қобылан сонда сөйледі:
—Тәуекел етпек, Сайеке,
Не де болса жарасар
Қаптаған ауыр қалың қол
Айтқандай-ақ бар екен.
Әрдайымда жігітке
Жәрдемші пір жар екен.
Алынбасын жүрегің
Неде болса өз басым
Көп екен деп сасалман,
Енді қорқып қашалман.
Жәрдем берсін Құдайым
Неде болса көрерміз.
Сайым сонда күледі:
—Сасқаным менің нем,—деді,
Ажал біреу әзалда
Жазықтан артық іс болмас,
Орынсыз дұшпан күш қылмас,
Тәуекел етпек жөн,—деді.
Ердің көңілі бекініп,
Аттарын ерттеп мінеді.
Дүбірді естіп қос тұлпар
Ерік бермей ерлерге
Жерді тарпып пысқырып,
Шиыршық атып ойнады.
Қара бұлт басында
Ерлерді келіп торлады.
Қанатын жайып төрт бүркіт
Сұңқылдап ұшып ойнады.
Қалың қолдың алдында
Қасарма ағаң келеді
Бірнеше батыр жолдаспен.
Ерлердің тұрып көргені
Көңілін үлкен бөледі,
Желігіп келген жау екен.
Шойынкөт пенен Алмамбет
Құртқан екен өздерін.
Таудан қалай өтті екен,
Тапшы мұны өздерің.
Жиылмалы көпірден
Өтті қалай аман-сау.
Кемпір қайда қараған,
Бір амалын тапқан ғой.
Болмаса ұйықтап сұм кемпір
Тыныштық тауып жатқан ғой.
Өтті қалай сол судан
Ойым жетпей келемін,
Қалай болар ақырын
Бұл Қырымның қаңғыған
Желігіп жүрген батыры.
Қырым Қырым болғалы
Таудан өтті демейді.
Мұса келген бір рет
О да ала алмай тарығып
Барсаланың күнінде
Қайтты кейін деп еді.
Осы келген Қобылан
Өзі жалғыз, өзі жас
Жеке туған ер еді.
Арқадағы қалмаққа
Он үйіне бір қазан
Ойната берді деп еді.
Қырымдағы атақты
Айтушының бірі еді.
Шойынкөт көрген түсінің
Қорқынышы көп еді.
Аумай келіп бар еді,
Бүлінбесе жарар ет
Байтақ елдің арасы.
Қан төгіліп қайтатын
Жеті атадан бері қарай
Келген тағы шамасы.
Қорыққанменен болмайды,
Жайсыз екен қарасы
Екеуіне көз салсам
Түрі бөлек ер екен,
Құрылған болат жебе екен,
Бұлтын көкке үрлеген
Өзінен артық адамды
Жер үстінен де көрмеген
Құстарын қолға қондырып
Ерігіп жүрген неме екен.
Төбесінде төрт құс жүр
Бұл не деген жөн екен.
Өзім барып келейін,
Екенін қандай көрейін,
Тоқтасын әскер осы жерге,
Бар жағдайын білейін.