Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр (49-бөлім)

Қобыланды · С. Ділманов нұсқасы · 3 мин оқу

Қалипа сонда жылады:
—Нағылғаны көкемнің
Сұрағаны менен,—дет.
Құлағы кесік құл болса
Көкем айтса көнем,—дет.
Сайым болса бергені
Қосқаны шығар Құдайдың
Неге бөтен көремі,—дет.
Жалғыз-ақ сұрар тілегім:
Қарлығашты көргенше
О жақтағы халыққа
Аман-сау барып қауышып,
Аққұртқамен табысып,
Сусын берсін қолынан.
Тілегім осы көкемнен,
Мен айтты деп қалмасын
Жығылыс тауып жолынан.

Жігіттер қайтып келіп айтты сөзін,
Риза деп не дегенге қыздың өзін.
Тілегін Қалипаның түгел айтты,
«Мақұл» деп ер Қобылан қуанады,
Шүкіршілік көңілін сонда алады.
Күйеу деп Ерсайымды Қыдырхан ер
Кәдемді бересің деп жұлмалады.
Шыныбек ара түсті ағасына:
—Қыдырхан, қандай кәде аласыңдар,
Асығыс кәде сұрап айтқан сөзің.
Аман-сау ертең елге барғаннан соң,
Күйеуге отау тігіп өз алдына
Кәдеңді сонда аларсың, Қыдырхан ер.
Күлкімен ерлер көңілін қош етеді,
Екі адам ханнан келіп бұл жетеді.
—Қобылан, батыр Сайым келсін,—дейді,
Шақыртып хан жатыр,—деп жасауылдар.

Алмамбет:

—Қобылан, Сайым шырағым,
Мына отырған халықтың
Тілегі бар сұрайтын.
Ел мұқтаждан қылса
Ер емес пе баратын
Көлдененнен көрген жан
Білгіш болад, ер мініп.
Кеміс екен мынау деп
Айтпаса да сынайтын.
Кездеспесе сусынға
Халықтың бар-ды қаумашы.
Арқадағы көп халық
Екі қызға ердің деп
Алып келген олжасын
Арнап отыр Қасарма.
Ақ отаулы ордасын
Енші беріп тағы отыр.
Екі қызға сыбаға
Бес жүз бедеу жорғасын
Алпыс нарға арттырмақ,
Қыздардың керек жиһазын.
Гауһар алтын тасы бар,
Сендерді жоқтап берген деп
Есіңе алма, балларым,
Дұшпанның көзі тоқтасын.
Мақұл деді көп халық
Ел кеңесіп тапқан соң,
Қалипа менен Илия
Салтаң еру жөні жоқ.
Қобылан, Сайым батырға
Алтындаған орданы
Кұрыңыз жапан шатырды.
Қобылан, Сайым, қарағым,
Қашпаңыз әлің бергенді.
Досыңның көңілі сүйінсін,
Дұшпанның көңілі күйінсін.
Қыдырбай мен Бозмұнай
Халықтан асқан бағы бар,
Мал-дүние табылар
Дұшпан көздеп береміз.
Бұдан да көп алсаң да,
Дүние жағы табылар.
Қасарма мен Алмамбет
Аямайды бар малын,
Қолың ашық алыңдар.

Қобылан:

—Жақсы айтасың, тақсыр хан,
Сіз берген соң тастаман.
Олжа аз ба біздерде,
Сіздерменен достасып
Қайтқасын елге бас аман.
Қасармадай досымның
Ықыласын көрген соң
Атын бердім өзіне.
Жанға өлшеген бір атын
Нағылайын мен алып,
Кінәсіз тұрмын қайырып.
Қасармажан, жасқанба,
Алып бердім атыңды.
Тілегіңде шулаған
Көріп тұрмын халқыңды.
Аманатым арнаған
Досым десең ұмытпа.
Ренжітпей баға көр
Алмамбет, ханша қартымды.
Екеуіңді шақырам,
Көріп қайтың бір келіп
Менің де тапшы халқымды.
Батаңды берсең болады,
Халық ұстаған, жан ата,
Мал кемісе жетісет,
Табылмайды ақ бата.
Бұл сөзімде жоқ шығар
Сынаңшы, халқым, еш қата.

Алмамбет сонда сөйлейді:
—Разымын, балам-ай,
Ақылдасып айтқандай
Болды ғой сөзің маған-ай.
Қонтажы ханның елінен
Тай күнінде әкелген
Қара қасқа тұлпарды
Арнап ердің өзіне,
Астындағы бір тайын
Алмағаның майма қол
Болды, балам, өзі де.
Қасыңа ерген қырық жолдас
Құр кетуі жөн болмас.
Ер басына қос бедеу
Қосарына бергенім.
Ер басына жамбы алып,
Жабамын жақұт қамқа тон,
Айтыңызшы көп халық.
Кеміс бар ма бұдан соң,
Қобылан, Сайым, қос балам,
Екеуіңе еркің жоқ.
Қолыңа бердім дәулеттің
Ала берің ойға алған.
Осыны айтып болған соң
Халық шулап қозғалған,
Ханның сөзін мақұл деп,
Қасарма батыр сөйледі:
—Қобылан, Сайым—қос күйеу,
Ұялып иба қылмаңыз.
Көңілде болсын мүддеңіз,
Қайыру жоқ алыңыз.
Кінәсіз бердім қасқаны
Сен мінгенде бөтен бе!
Ер сынарлық емес ет
Көп ұйғарды не дейін.
Сөйлесе бер, Әлеке,
Жүргізетін қонақтың
Жабдығына кірейін.

Қобыланды

Барлығы: 307 жыр

Тағы оқыңыз