Қобыланды батыр (39-бөлім)
Қобыланды · С. Ділманов нұсқасы · 3 мин оқу
Мұны көріп Алып хан
Сақалын жұлып жылады.
Жігіттері жиналып
Амандасып батырдың
Қал-жайын сұрады.
Есептесе Ерсайым
Сегіз жігіт жоқ екен.
—Қоста нешеу қалды?—деп,
Шыныбектен сұрады.
—Қоста қалды он жігіт,
Жаудың түрін көрген соң
Қауышам деген сіздермен
Бізде жоқ-ты еш үміт.
Отызымыз келгенбіз,
Кім бар, кім жоқ белгісіз
Осы арада бас қостық.
Қобыландыдай батырдың
Торға түсіп шақырған
Даусын естіп ат қойдық.
Тірі жүрсе бар шығар,
Түгендерміз артынан,
Қазір қайдан табылар.
Қобылан сонда сөйлейді:
—Жігіттер, қайтың қосқа,—дет,
Алланың болар жазғаны.
Не де болса саспа деп
Бір тәуекел Аллаға.
Сайымменен екеуміз
Жау шамасы байқалды
Ажалдың уы тимесе,
Берерміз жауға сыбаға.
Қос жағына мықты бол,
Қайтыңыз енді шын, аға.
Сайым менен Қобылан
Ерлерін салып алдына
Қайтарып кейін барады.
Қашаған қуған адамдай
Қобылан мен Ерсайым
Қамаған жауды қуады.
Қалың түнек тұманнан
Шығарып салып бұларды.
Қайтадан шаппақ екеуі
Тарқатпай жүрген құмарды.
Сонда сөйлейді Қобылан:
—Соңы қандай болады,
Жаудың тобы тым жаман.
Қайтсақ, олжа болар ет,
Бұл сапардан енді аман.
Қайда екен сегіз жолдасым,
Аман болса жарар ет.
Өлгеніме өкінбен
Олар аман сау болса
Не де болса өз басым
Қимылдай көр, Сайеке,
Сақтаулы күшің қалмасын.
Ажал жетсе, көрерміз
Сағым шалған қыр басын.
Екі күннен бұл асты,
Жау жалғасып ұласты.
Артымды бағып өзің жүр
Аңдығаны мен шығар.
Қорыққанменен қоя ма,
Мезгілі жетсе жан шығар.
Бет алдыммен жүрейін,
Көп болмақ түгіл сан болсын,
Қызығын мұның көрейін.
Осыны айтып Қобылан
Жауға тиді есіріп.
Шапты торы ат жазылып
Төрт аяғын көсіліп.
Көк алмасын алады,
Оң мен солға сыпыртып,
Батыр шауып қарады.
Қолына алып қылышты,
Ұлғайтты батыр қырысты.
Тебінгісін терлетіп,
Өтетті ерлік өрлетіп,
Түтігіп түсі бұзылып.
Түйдекпен тұрған топ болса
Төзе алмай кетті бұзылып.
Жау да болса сүйінді,
Көргені бұған қызығып.
Анда-санда қояды
Батыр қатты ақырып.
Жүрегі ұшып көп өлді
Қайғыланып, аһ ұрып.
Қанды суға жіберді
Сонша төгіп сапырып.
Анда-санда қояды
Бармысың Сайым шақырып.
Астына мінген торы аттың
Жарауы түсіп желікті.
Ауыздықпен қан ішіп,
Қан ішкен сайын елікті.
Сымбатына көз салса,
Сырлап жонған сырықтай.
Мойнына көз салса,
Қобылан жонған уықтай.
Басын жерге иеді
Жауға батыр тыншытпай,
Желігіп асып тиеді.
Артында жүріп Ерсайым—
Бұ да қарап жүрген жоқ,
Ерлігін ердің сүйеді.
Найза қылыш, бес қару
Шапшаңдығы кім сондай
Көз ілеспей алады.
Қандай келсін ыңғайға
Келгенімен салады.
Саржасын тігіп атқанда
Он-он бестен құлады
Бұрынғыдан жапырып,
Жауды өшігіп қырады.
Алып тағы шақырды
Елшіге барар баласын.
Өзіміздің адамға айтып
Ашсын бұдан арасын.
Аждаһаны жіберем
Болмас деді өзгеге,
Бастарын бағып қарасын.
Қамданды сонда Илия
Күреңді мініп алады.
Қырмызы қызыл киініп,
Тағы да кетіп барады.
Аралап жаудың арасын,
Халқына хабар салады.
Қобылан менен Сайымға
Қарсы келіп тұрады.
Танымай қалып Қобылан
Найзасын алды үйіріп,
Илия қорқып бір састы,
Сайымға қарап бұл қашты.
Араға түсті Ерсайым:
—Танымай, батыр, оның не,
Елшіге бейнет өлім жоқ,
Тоқтай тұр,—деп айтады.
Біреу сезіп қалар деп,
Келіп тұрған Илия.
Ат үстінен сыбырлап,
Не хабары болар деп.