Қобыланды батыр (7-бөлім)
Қобыланды · С. Ділманов нұсқасы · 2 мин оқу
Қобылан үйге келіп атын байлап жатқанда батырдың келгенін білмей әлде қандай болат деп Құртқаның аздап толғауы:
—Болады әлде қандай ойға алғаным,
Жұмысты жеті қайта ойға алғаным.
Жалғызым не деп шешер мұның жөнін,
Келгенде не деп айтам бұған өзім.
Құдая, құдіретіңнен айналайын,
Кез қылма осы жолда сақтағайсын,
Ажал мен бейнетіңнің құрған кезін.
Кездесіп сәуелімде бір қызбенен
Жұмысқа ұшырадым енді мұндай,
Ақырын қайырлы еткей, патша Құдай!
Айтты да осы сөзді асыл Құртқа,
Тағы да жата берді енді жылай.
Бұл сөзді түгел естіп болды батыр,
Асығыс үйге кірді енді қапыл.
Аққұртқа сасып қалды ерді көріп,
Орнынан түре келді таппай ақыл.
Қылышқа беліндегі салды қолды,
Сескентіп шошытпаққа ойлап өзін.
Аққұртқа жылай берді ерді көріп,
Суынған қанын тартып түсін көріп.
Қобыланның сөзі:
—Әй Құртқа, не себептен жаттың жылап,
Құдайдан не тіледің бүгін сұрап?!
Жасырмай шыныңды айтшы енді маған,
Жалтарсаң қылыш жан тұр ғой жақын.
Бас аман, ден сауында мұнша жылап,
Ырымың не себептен болды жаман.
Орынсыз зәбір берген жерім бар ма,
Тарығып налығандай менің саған.
Құртқа айтты:—Әй бір жаным, сал құлағың,
Кемістік бір басымда аз ба еді менің.
Сол үшін еске түсіп қайғыландым,
Жаңылып ақылымнан сасып тұрмын.
Шешініп орныңа отыр, жаным,
Қылышқа қолды қойып шаппақ болып,
Ажарың қатты суып кірдің өзің.
Шешініп, қаруыңды ілші орнына,
Сөйлейін баян етіп мұңымды өзім.
Артынан күнәм болса, өлтірерсің,
Ризамын сен өлтірсең енді өзім.
Батырдың рахымы түсіп кетті аяп,
Келеді Аққұртқаға сонда қарап.
Кіре алмай Қарлыға да далада тұр,
Апамды қайтеді деп сырттан қарап.
Батырдың күлгендігін естігенсін,
Есіктен кіріп келді кідірместен
Ай секілді бұл жарқырап.
Батырды шешіндірді екі сұлу,
Құртқа да қорқып еді тым қалтырап,
Батырдың жайғасқанын көріп көзі,
Жарқырап айдай түрі кірді жүзі.
Батырдың қаруларын қойды іліп,
Отырды тақ үстінде бірге күліп.
Әңгіме кеңінен сөйлеп, көңілін бөліп,
Сұрады жаныменен:—Не көрдің деп,
Мұншама егілгендей не болдың деп.
Жасырмай айтшы маған бастан аяқ,
Шаршаттың мұнша неге қатты жылап.
Сөйледі сонда Құртқа көрген жайын;
—Оңғарсын бұл мүддемді бір Құдайым.
Батырым, кейімесең сен ренжіп,
Білесің атай қойсам мұның жайын.
Екі жыл болып еді түсіңе енген
Илия сұлу қыздың болған ғашық.
Жабысып дерті келіп өз басыма,
Отырмын уәдеменен берген сасып.
Батырым, біле тұрып бұрын айтпай,
Сіз жүрсіз неден қорқып мұнша сасып.
Сіз айтсаң сырыңызды бұрын маған,
Көңілім жабығар ма ет мұнша менің.
Түңіліп сізден хабар алмағасын,
Сөйлестім сәуелімде араласып.
Серттесіп уәде бердім сол сұлуға
Алып кел енді соны жас санасып.
Алсаң да қанша қатын тарылмасын,
Қайғысы сондай күшті ғаріп жастың.
Жылайды ғашықтықпен сонша байғұс,
Ағызып көздерінен қанды жасты.
Қобыланның сөзі:
—Қой, Құртқа, пәле салмай енді маған,
Білгенім болса айтамын енді саған.
Түсіме сенен басқа жан енбейді,
Ондайды жабыстырып айтпа маған.