Қобыланды батыр (36-бөлім)
Қобыланды · С. Ділманов нұсқасы · 2 мин оқу
Осыны айтып Қасарма
Қара қасқа тұлпармен
Батырларға жөнеді.
Келе жатқанын көрген соң
Елші екен деп бұл өзі
Қобыланды қайырды
Кейін қалған қосына.
Сайымның өзі тұрады
Сол төбенің басында.
Қасарма келді желігіп
Қара қасқа тұлпармен.
Ұсыныс бас кел болат
Найзасын кесе өңгеріп.
Сөйлей берді Сайымға
Кідірместен бұл келіп:
—Жолың болсын ер,—деді.
Аты-жөнің білдірші
Кім боласың сен?—деді.
—Алыптың жалғыз інісі—
Менің атым Қасарма.
Қырым өткен жоқ еді
Бұл таудан қашанда,
Өттің қалай сен?—деді.
Сонда Сайым сөйлейді:
—Ау, Қасарма, сенбісің
Қан Алыптың інісі,
Артында жүрген тынысы.
Қиын ба еді бұл тауың
Бұзған жанға жұмысы.
Тауыңды бұзып талқандап
Шойынкөтті өлтіріп
Өзіңе келдім мен,—деді.
Асқақтап, батыр, сөйлеме,
Елшіге келсең жөніңді айт.
Ұрысу болса керегің,
Күш сынасаң мен әзір.
Таудан қалай өттің деп
Сұрағаның нең?—деді.
Сонда сөйлейді Қасарма:
—Қарсы келген адамның
Сөз сыпайы бола ма
Айтшы, батыр, қашанға.
Өзіннің атың кім,—деді,
Өткеннің белгісін
Көп сұрайын мен,—деді.
—Жөн сұрасаң айтайын
Менің атым Ерсайым,
Қобыланның жолдасы.
Бұзылмай қалмас сау жүрсек,
Алла тізгін оңғарса,
Жаудың тіккен ордасы.
Сайыпқыран қырық жігіт
Бәрі батыр, бәрі бек—
Қобыланның жолдасы.
—Олай болса, Ер Сайым,
Қобыландыны шақыршы,
Көрейін енді көзіммен.
Жұмыстарың білемін
Ізденіп жүрген ізінен.
Қарындасым Илия
Ғашық болып қан жұтып
Қобыландының өзіне.
Қандай екен көрейін,
Ғашық болып ылғанған
Батырын анық көзімнен.
Қарындасым Илия
Теңін тауып қосылса,
Тегін берем деуші едім.
Айтқандай болса атағы
Өз көзіммен көрейін.
Ерсайым атой берді Қобыланға
Асығып отырған ер шаққа түзеп.
Атына мініп алды мұны көріп,
Қобылан келе жатқан көріп көзі.
Сайымға кете бер деді Қасарма өзі
Оңаша сөйлесейін батырға өзім,
Бұл жерде тұрма батыр енді өзің.
Батырдың келе жатқанын көріп тұрмын,
Түсінің бұл айтқанға, Сайым өзің.
Ерсайым түсінді де жүре берді,
Батырға ер Қобылан қарсы келді.
Сөйледі сонда Сайым айтып жайын
Қасарма келіп тұрған ханның өзі.
Балқыған нұры толып ай секілді
Адамның сұлуы екен тағы да өзі.
Жас бала жас толмаған, сөзі батыл,
Батырым, аңдап сөйле болма ғапыл.
Төрт жағын бірдей балап сөйлейді екен,
Жеңіліп кейін қайттым мен де өзін.
Күйеуді көрем дейді өз көзімен,
Тең тауып қарындасым ғашық болса,
Берем деп өз қолымнан бердім сертті,
Оңаша сөйлесемін кел деді өзің.
Қобылан болады деп жүре берді
Қасарма ханға тұрған келді жетіп.
—Қобылан, жолың болсын, батыр өзің,
Бөтеннен маған жақсы болдың өзің.
Илия ғашық болды сонша жерден
Ізденіп келіп тұрсың мұнда өзің.
Бүлдірмей сонша жұртты елші салсаң,
Кім бермейт қызын тегін саған өзі.
Өлтіріп Шойынкөтті таудан өтіп,
Келіпсің сонша жерден мұнда өзің.
Батырым, жүрісіңді баяндашы
Қандай зат саған мұқтаж болған өзі.
—Қашаннан қаның қарсы едің, қалмақ,
Мұқтажым сенің тартып қызымды алмақ.
Оңғарса Алла тізгін бұл сапарда,
Өлтіріп хан Алыптың басын алмақ.
Қашаннан қаның қарсы жау болғасын
Мұқтажы жау адамның қандай болмақ.