Қобыланды батыр (44-бөлім)
Қобыланды · С. Ділманов нұсқасы · 4 мин оқу
Илия қанша барып жүрсе де, батыр қапа шегіп хабарласпады. Берген тамақты жемей, қасына жиып қойып, өзінің қателігіне өкініп, енді мұның соңы қалай болар екен деп осымен өткені ме, деп уайым шегіп айтқаны:
Қобыланның зары:
—Жаратқан қадір Құдайым,
Асқаны һәм бар шығар,
Кешіре көр қатемді.
Өзіңнен жәрдем сұрайын
Мұсылманның ары үшін,
Қатын мен бала қамы үшін,
Өзім емес, халық үшін
Төңкердім жаудың талайын.
Көп тілеуі көл деуші ет
Халыққа пайдам тигіздім.
Жасымнан бермен жасаған
Халықтың көріп көз жасын
Құдайды да сынайын.
Ниетім ақ, дінім пәк,
Қор қыла ма бұл орда
Бір Алладан сұрайын.
Естіп тұрып ұмытып,
Еңбегін еш мен қылдым
Илиядай мұңдының.
Амалым бар ма алданып,
Жауды қуып соңынан
Жетпедің деп торы аттың
Санына қамшы ұрғаным.
Жаны ауырып күйзеліп
Аңдамай орда қалғаны
Жасимын ойлап жабығып.
Досым Сайым көп жігіт
Жүр екен артта не қылып.
Кете алмас Сайым ол тастап,
Жүрген шығар керменен
Мені іздеп ойқастап.
Нағып келмейді Қасарма
Сайымды бастап қалама.
Түрлі саққа жүгіртіп
Ойлағанмен көңіл ит
Еш нәрседен тына ма.
Батыр Сайым, көп жігіт
Тапсырдым Жаппар Құдайға.
У, дариға, не дейін
Кейінде қалған ата-анам,
Қарлығаштай жалғызым,
Көкем қашан келер деп
Жолымды күтіп қараған.
Көрмесе сағат көз алмай,
Қырға шығып қараған.
Жас жеткен кемпір, жан атам,
Болмай ма қабыл ақ батаң.
Орда жатыр зар жылап
Білмейсің бе жан ботаң.
Аман шығып бұл тордан,
Қолыңнан қашан дәм татам.
Көре алмай кетсем осымен
Қорлықпенен күн кешіп,
Жалғызыңды көре алмай
Өткенің бе ата-анам.
Құртқа менен Қарлыға—
Ақыреттік жолдасым,
Жатырмын орда жабығып.
Осы күнде өз басым
Ақылға дана сүйеуші едің,
Білер ме екен Аққұртқа
Зарығып бүйтіп жатқаным,
Ажалдың басып қақпанын.
Айтып едің кетерде
Тіліңді алмай Аққұртқа
Жау артынан шапқаным.
Зәбір қылып ешкімнің
Төккен жоқпын ақ қанын.
Тоқталар күнге келіп кез
Мінекей, енді жатқаным.
Илия салып еңбегін
Зарланып жүр бұл байғұс,
Күніне екі келгенің
Қалипа ханша, Алмамбет
Алыстан келіп дос қылған,
Бір жаратқан құдірет
Олар да зарлап жүр шығар.
Сонша тілек ішінде
Нағылып мұнда жатамын.
Қой, көңілім, сабыр ет,
Әзелде болар жазғаны.
Иә өлім деп, иә бейнет
Жазған шығар Құдірет!
Ерсайым күнде зарлап мінеді атқа,
Сыр шашып сөйлемейді бөтен сыртқа.
Екі атпен күнде аралап таба алмай жүр,
Таң ата қайтып кетет шығып сыртқа.
Кездесіп Илияны көре алмайды,
Қырық бір күн деген күні душарласты
Илия тани кетіп асыл затты.
Білмеді батыр Сайым кетіп барат
Таныды астындағы екі атты.
Шақырып Ерсайымды тоқтатады
Жүр екен есін танып Ерсайым да
Танымай қызды көзі тосырқады.
Сөйледі сонда Илия:—жүрмісің, аға, сау-саламат,
Егесі қайда кетті торша аттың,
Қайғысы не нәрсенің жанға батты?
Жайын айт түнде жүрген жұмысыңның,
Білдірші барысы жөнін жұмысыңның.
Қарады сонда Сайым қызға еңкейіп,
Танымай қалған екен ер жаңылып.
Қарағым, Илиямысың, сенің өзің,
Мұндай іс кездесті деп, ау нағылып.
Мен жүрмін қырық күн болды қайғы басып,
Жолынан Қобыланның бұл адасып.
Хабарың қандай сенің айтшы маған,
Қобылан тірі бар ма, жан шырағым.
Бар деді жоқтағаның аға сенің,
Бейнетім аз болмады көрген менің.
Тұрғанда біреу сезіп көрер деді,
Соңымнан көп кідірмей ерің менің.
Ерсайым иә Құдайлап ере берді,
Басына жатқан зындан келді бұлар.
Иісін ердің біліп ат жануар,
Кісінеп оқыранды торы тұлпар.
Дыбысын аттың шыққан батыр біліп,
Ақырып Ерсайым деп дауыс салар.
Дауысын ердің естіп Сайым түсті:
—Жалғызым, аманбысың, денің сау ма?
Арқаннан жылдам ұста шығарайын,
Сезбесін ешбір адам осы маңда.
Арқанды салбыратып салды Сайым
«Е, Құдай, бергеніңе мың шүкір» деп,
Арқаннан ұстап алды тұрған дайын.
Суырып сексен құлаш бұл зынданға
Жарқырап жаңа туып күн мен айың.
Сайыммен құшақтасып көріседі,
Амандық бастан-аяқ біліседі.
Көрісіп Илиямен амандасты,
Қателік өткен іске күліседі.
—Жүрейік енді, батыр, көп кідірмей,
Қалар деп біреу келіп,—деді Сайым.
Қаруы, сауыт-сайман Қобыланның
Қоржында салулы еді бәрі дайын.
Киінді Ер Қобылан түк айтпастан
Ерттеді торша атты қайта қарап,
Құдайдан бір жаратқан жәрдем сұрап.
—Қорлығым естен кетпес мұнан көрген
Жөніме кете алмаспын енді қарап.
Қыз айтты:—Қойың, батыр, жөні келмес,
Барайық қосқа кейін осыменен,
Ат тоқым менің де әзір тұрған дайын.
Қобылан тыңдамады мінді атқа,
Хан жатқан шаба берді сол қақпаға.
Сайым да ала алмады бірге кетті,
Қақпаға сол бойымен келіп жетті.
Ат үсті тұтқасынан жұлып тастап,
Қақпаға ер Қобылан кіріп кетті.
Қарауыл қара басып қалды сасып,
Екі жүз адам екен құты қашып.
Сайымға осыларды жайғастыр деп
Ордаға Алып жатқан қадам басты.
Суырды «иә, Алла», деп ер Қобылан
Белінде жау-жарағы көк алмасты.
Алыпқа ұйықтап жатқан кіріп барды,
Жатқанда шапсам ұят болады деп,
Білсін деп Ер Қобылан айқайлады.
Шошыды ұйықтап жатқан Алып сонда
Батырдың ащы шыққан дауысынан,
Көтеріп басын алып түрегелді.
Бүркіттей алғыр қыран ашуланып,
Үстіне ер Қобылан барып төнді.
Көтеріп Қобыланды түрегелді,
Залымды жан ұшырып арпалысып,
Қобылан қалды екеуі сонда алысып.
Үстінде алтын тақтың болды ойран,
Сайым да келіп қалды сырттан жылдам,
Батыр мен ер Алыпқа көзін салған.