Қобыланды батыр (45-бөлім)
Қобыланды · С. Ділманов нұсқасы · 4 мин оқу
Екеуі опыр-топыр болып жатыр,
Қауіпті дұшпан еді деп осы залым
Ерсайым қадам ұрып келе жатыр.
Көк өткір қанжарын қолына алып,
Алыптың салды келіп жүрегіне
Енінің шықты барып түбегінен.
«Аһ!» деп тақтан құлап кетті Алып
Сүйрелеп тепкіледі жерге салып.
Алыптың басын кесіп қанын ішіп,
Қобылан демін алды кегін алып.
Қатыны жүгіреді айғай салып,
Қолына алты құлаш семсер алып,
Алыптан не қылам деп тірі қалып.
Ерсайым тартып қалды қол оқпенен
Маңдайдан атқан оғы кетті жарып.
Екеуін айқастырып жерге тастап,
Алыптың сыртқа шықты басын алып.
Қалаға хабар тиіп қалған екен,
Жаң болды көше бойы айғай салып.
Алыптың басын іліп бір терекке,
Қобылан жетті сонда айтқан сертке.
Ұрысты екі батыр түніменен,
Көшеде қуып жүріп жөніменен.
Адалың босқа өліп кетпеңіз деп,
Жалғаннан қапа шегіп өтпеңіз деп.
Кешегі қолға түскен мен Қобылан,
Қуамын өшіккен соң жау соңынан,
Өлтірдім Алыбыңды өз қолымнан.
Көріңдер теректегі тұрған басын,
Бекерге босқа өліп не қыласың.
Майдан жоқ тар көшеде болған ұрыс,
Бұл болды айтарлықтай үлкен ұрыс.
Жан сақтап ақылдысы үйге кірді,
Ақымақ ажалдысы босқа өлді.
Сайым мен Қобыланға не шақ келсін,
Шаһарды толқындырып жаман қырды.
Қырмас ет оқ атады қарсыласып,
Алыптың өлгендігін білмей халық,
Бүлінді осы түнде қырғын басып.
Күн шығып сәске болды сол уақытта
Қалған соң таң атуға батыр Сайым:
—Бір сұмдық болған шығар ерге,—деді.
Жігіттер, лайық па тек жатуға
Қалыңдар қоста оның ие болып,
Жүріңдер қалғандарың маған еріп.
Қасарма жігіттерді жүрді бастап,
Шыныбек ортасында туын ұстап,
Қалаға жақындаса көрді тозақ.
Айқай-шу қала арасы үлкен тұман
Ұрыстың болғандығын бұлар біліп
Қасарма «Иә, Алла» деп қойды атты.
Жігіттер, ізімнен ер бөлек шаппа,
Қазулы ор қандегінен Құдай сақта.
Айқайлап ұран салды енді бұлар
Бет алды жайсыз болды кірген жерден,
Құтылмайды қашқан адам Қасарма ерден.
Оғына оннан байлап құлатады,
Қасарма нағыз палуан, шын мерген.
Таныған Қасарманы халық көріп,
Жаным-ау, не болды деп қасына ерген.
—Мен десең тоқта, халқым, ұрыс қылма,
Айтамын ақыр жайын сендерге өзім.
Түсінген тоқтап қалды басын бағып,
Батырлар келіп жатыр шыдатпастан,
Дұшпанды қарсыласқан шөптей қағып.
Қобылан Ерсайыммен душарласты,
Қос тұлпар астындағы судай ағып.
Көргенсін бірін-бірі тұрды қалып,
Көрісті құшақтасып естен танып.
Сұрасып амандықты жігіттерден
Бәрі де ер қасына тұрды жылап.
Қасарма бар жағдайға алды қанып,
Қабағын бір шытпады есіне алып.
—Ей, достым, ренжімен бұған,—деді,
Өзіне өзі қылды ағам,—деді.
Берейік тең келсе тегін деп ем
Көнбеп еді әуелден-ақ маған,—деді.
Халықты босқа қырып тауыспайық,
Кейін де ел керек қой маған,—деді.
Халыққа жар салайын түсіндіріп,
Ұнаса бел айтқаным саған,—деді.
Қобылан:
—Сен едің ақыреттік сүйген достым,
Бейнеттің бір азғантай көрдің тосын.
Өлтірдім ашуменен мен Алыпты,
Көңіліңе сен алмадың мұны,—деді.
Доспын деп айтқан сөзім Құдай аты
Көңіліңде ешбір болмас мұның даты.
Халқыңды түсіндір де өзің тоқтат,
Кінәсіз болсын мұның кейінгі арты.
Біз саған билік бермей не қылайық,
Халқыңды жинап алып өзің тоқтат,
Қозғалмай осы арада ал тұрайық.
Қасарма разы болып алды қолын,
Оңғарды ер тілегін болып жолы
Айқайлап шаһарына ер Қасарма
«Тоқтаң» деп хабарлады сонда тұрып.
—Қасарма менің атым елден кеткен,
Құтылмай келген кезі нәубеттен.
Ей, халқым, сабыр әйлап тоқтап тұрың,
Ажалы хан Алыптың бүгін жеткен.
Батырмен бітім болды тоқтап ұрыс,
Тастаңдар қаруыңды қылып тыныс.
Қасарманы дауысынан халқы танып,
Алыпты өлді деген естіген соң
Жапырлап көріп жатыр халқы барып.
Тоқтады осыменен соғыс арты,
Бағынды Қасармаға байтақ халқы.
Таратып бет-бетіне қалғандарын,
Орындап әр көңілде армандарын,
Қасарма ертіп жүрді енді ізінен
Қасында тұрған мейман қонақтарын.
Әкеліп өз жайына енді батыр
Жапырлап халқы шулап келіп жатыр.
Қостағы қалғандарды алып кел деп
Жіберді кісі қосып екі батыр.
Басына дарбазаның шығып тұрып
Халқына баяндады қайта батыр.
—Әй, халқым, тыныштықпен жатың енді,
Қорқыныш жаушылық жоқ кейінде өзі.
Жау түбі бітім деген айтқан жоқ па,
Кең бітім келісімді болды өзі.
Қауіпті қашқан халық неше күндей
Кім өлі, кім тірісін өзі білер.
Біле ме тосын адам басқа келмей,
Құрысын Алып өлсе онан арман,
Халыққа тыныштықты жоқ-ты салған.
Құтылдық бір пәледен жөнсіз айдар,
Қасарма ондай болмас деп бір ойлар
Шал-кемпір күбірлесіп шаруа жағын,
Жанар деп енді елдің шам-шырағын.
Қобылан Қасармамен бақытты бол,
Шырағым, тыныштықпен тілегіміз,
Батасын беріп тарат бір парасын.