Қобыланды батыр (1-бөлім)
Қобыланды · С. Ділманов нұсқасы · 4 мин оқу
Қазақ халқы үш жүзге бөлінгенде Орта жүз ішінен қыпшақ руынан тоқсан баулы қыпшақтың бірі қара қыпшақ деп аталады.
Соның ішінде Қыдырбай дейтін ерте заманда бай өткен. Сол Қыдырбайдың баласы болмаған. Үлкейіп келгенде жалғыз Қобылан дейтін баласы болған. Бала көрмей зарығып жүргенде, халқын жинап алып: «Мені Қыдырбай демендер, мен қыдыр көрген бай болсам, төрт жағым тең болар еді, бұл малдан маған не пайда?! Балам жоқ, ертең өлсем кім болса соның қолында кететін. Менің атымды ендігі жерде бала көрмей торыққан Тоқтарбай деңдер, Қыдырбай болу маған неге керек?! Бала жоқ, ертең осы мал біздің осы қу басты шал шаруалық етіп не қылат деген сөз құлағыма тиіп те жүр». Осыны айтып налып жылаған.
Халықтың қария ақсақалдары сол күндегі батыр жылағанға: «Құдай тілегіңді берер, алғыс алған ер едің, мынауың жаман, жақсы деп алалаған жоқ едің. Бізде, яғни жалпы халықта басқа көңіл жоқ, ер зарықпай, молықпас»,—деген сияқты, «тарықпа» деп ақыл айтқан. Келін балалы болар ма екен, мұның аты Аналық болсын деп, Аналық қойып, бата берген себебі—әйелінің аты бұрын Ақзарбап екен, жас шамасы алпысқа жақындап қалған. Мұның әкесі Қанымса, ноғайлы халқындағы атақты Қанымсаның қызы екен. Мысаның үш қызы болған, ең үлкені Ақзарбап, одан кіші Ақбілек, бұдан Төреқан туады. Ең кенжесі Ақсәуле, бұдан Құлбек туады. Мамай үлкен, Орақ кіші осылармен бірге туады. «Халықтың қайғырып берген батасымен маған не болар дейсің?»—деп, Қыдырбай зарығып біраз заман жүреді. Бір күні Ноғайлы халқында Ақшахан дейтін хан баласы жоқ жан екен, бір қызды болады. Үлкейген кезінде қыз да болса ұлдай көріп, маңайдағы халықты шақырып, ұлы үлкен той қылады. Сол тойға Қыдырбайды да шақырады. Қыдырбай хан тойына саба артып, қант пен шай артып, Ақзарбап екеуі жүреді. Сол тойға Мамай, Ақзарбаптың ағасы, сол тойдың басқарушысы болады. Сол күндегі халықтың қадірлі ханының бірі екен, Қыдырбайдың малға мас болып, баланы ойламай бұл уаққа дейін жүргеніне жақындықпен жаны ашып, Айсаның ұлы Ахметті алдынан жібереді. Жібергендегі мақсаты: «Таңменен татпай сол тойда нендей қызық бар» деп Қыдырбай сұрар. Сонда сен мынаны айт:
«Ұлы барға орын бар,
Қызы барға қымыз бар,
Ұлы менен қызың жоқ,
Тойда сенің нең бар,—де—деген екен. Ер зарық-
пай молықпайды, зарығып тілер ме екен».
Қысқарта келгенде, Қобылан халықтан асқан батыр болды. Бұл алты жаста Көктенің қызы Аққұртқаны алды. Он үш жасында Көбікті деген қалмақты өлтіріп, Көбіктінің қызы Қарлыға сұлуды алды. Қорытып айтқанда, жиырма екі жасында Ақтауықты Алып ханның жалғыз қызы Илия сұлу Қобыландыға ғашық болып, түсіне кіріп, Құртқаның соған талап қылған бір саласы болатын. Бұл Қобыландының сегіз саққа сөзі бар, соның бірі Илияны алатын саласы осы. Сонда Құртқаның түсіне Илия сұлу он төрт жасар Қобыланға ғашық болып, Құртқаның түсіне кіреді. Уәдесін түсінде берді. Бұның себебі, Қобыланға ғашық болып, екі жылдан бері жер үстінен іздеп, шын хабарын білмей тарығып, ауру болған ғашықтық дертіменен бір күні Құртқаның түсіне кіріп, екеуі сыр айтып сөйлеседі. Құртқа қыздың сөзінен жеңіліп, Қобыландыны жібермекші болған. Бұл қыздың тұрған жері Қасарман Қаратауының арғы жағында. Бұл күнде сол жерге Барса-келмес деп атақ берген екен. Себебі, таудан асып жан бара алмаған жалғыз-ақ есік бар. Таудан асуға еш мүмкіншілігі жоқ. Жеті атасынан бері жаушылық көрмеген, ешкім таудан асып бара алмай және есікті бұза алмай, қырық сан Қырымның қанша батырлары болса да таудан асып, есікті бұзып өте алмаған. Ең ақыры Қарасай-Қази барып, есікті бұза алмай, бұлардан бұрын бірнеше батырлар барып қайтқан екен. Тесікті бұза алмай, Қази таудан сал құлатып төте жол салған бірнеше батыр жолдасы мен Қараүлектей қарт мамасы. Бұл Орақ-Мамайдың шешесі сол күнде тірі екен, түсіне кіріп: «Балам, қайта алмайсың,—деген,—Мұса, Айса, Жаңбыршы, өз атаң Мамай, Орақ, Ахмет, Телағыс арғы аталарың да бұл таудан өте алмаған. Бекерге әуре болмай қайт,»—деп қайырған екен. Жолының алыстығы үш айлық жол екен. Шөл, өткел бермес дария, қиыншылық екен. Бұдан Құртқаның да хабары бар екен, қыз да жасырмай түгел айтып, бұл жайды түсіндірген қыз сөзінен ұтылып, бір тәуекел деп жіберем деп уәде қылады. Қысқартып айтқанда, бұл сөздің басы Құртқа мен қыздың түсіндегі сөйлесуімен басталады. Халық аузында көне сөз, қария адамдардың айтуынша, көрген, білген бұл жағдайды білетін ешкім жоқ, бұл бір айтылған ертегі.