Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр (50-бөлім)

Қобыланды · С. Ділманов нұсқасы · 3 мин оқу

Қасарма бес жүз бедеу мен алпыс нарды әзірлетіп, нарлардың үстін кигізіп, масатымен қаптаған зәрмен шалдырып, екі ақ отауды асыл жібек гауһар тастан алпыс нарға бастырып, жүк арттырды. Жан көрмеген асылдан бес жүз бедеуді әкеліп, матамай бос тастады. Себебі күрең шолақ бір биені Қыдырханның қолына берді. Осыдан айрылмасаң бес жүзі еш қайда кетпейді, ере береді; қасиеті осы сәскеде батырларды аттандырып жатқанда қырық қыз нөкерімен Қасарманың алам деп жүрген ғашығы, ханның қызы Қанбике сұлу бұл келіп қалды. Бұл келген соң үш күн ерлерді тоқтатып кідіртті, ойынкүлкі мереке болды. Үш күннен кейін батырлар аттанып жүріп кетті. Қасарма Алмамбетпен кеңесіп, Қасармаға таудан өткізіп бірнеше жолдастарыңмен таудан шығарып сал деп міндет етіп, Алмамбет батырлармен қош айтысып шығарып салып, батасын беріп қалды. Қанбике сұлу дым болмаса қыздармен бірге болып таудан шығарып салам деп бұлармен бірге кетті. Қасарма да қарсы болған жоқ. Батырлар арада бірнеше күн жүріп тауға келді. Таудан өтіп тасбұлақтың басында бірнеше күн дем алып, күліп ойнағаннан кейін Қасарма кейін қайтпақ болды. Қасарманың қоштасып кейін қайтқаны:

Сайым менен Қобылан,
Біраз жерге шығарып
Еріп келдім соңынан.
Естеріңнен шығарма,
Елдеріңе барған соң
Ақыреттік дос болдық.
Әзелде Алла жазғансын,
Ара шалғай ел қашық.
Достықтан кетпен адасып,
Қиыншылық күн келсе,
Қол берерміз жалғасып.
Келер жазға барармын,
Жазса Алла бір нәсіп.
Илияжан, Қалипа,
Қайғырмаңдар, қарағым.
Жат жұрттыққа жаралған
Адам едің әуелден,
Сен екеуің ақ сұңқар.
Екеуі шын қосылды,
Қияда жүрген кез келіп.
Құдай бір де, Құран шын,
Кетпес көңіл өзгеріп.

Қобылан сонда сөйледі:
—Қасармадай жан досым,
Көргенше қайта аман бол!
Бір-біреуді ұмытсақ,
Бола ма ойлау ондай жол.
Қол беруден мен қашпан
Қолыңды бер антым сол.
Бие бауда күтемін,
Қалдырмаңдар Ханшаны
Алып кел бірге келінді.
Кетейін деп жатқанда
Асығыста көрінді.
Құртқаменен таныссын,
Достарына табыссын.
Қасарма мен Қобылан
Құшақтасып екеуі
Сүйісіп ерлер тұрады.
Бірін-бірі қия алмай
Сайым келіп айырды.
Ерлікке емес лайық,
Амандықпен Құдайым
Қауыштырсын сұралық.
Қасарма, салшы құлағың,
Аз ғана күн бір болды
Бізбенен бірге тұрағым.
Тірі жүрсең жалғанда,
Ұмытпастай дос болдық,
Шықпасын естен, қарағым.
Жарым жазға келгенде
Қобылан ертіп бір барар,
Келмей кетпе, қарағым.
Кемпір мен шалға сәлем айт,
Аман жүрсем соғармын.
Мен де болдым баласы
Біз болып салып көзіңді,
Соларға тура қарашы.
Ойлағанда жалғызын
Құритын шығар шарасы.
Көрмесе саған тынбаған
Тілеген жалғыз баласы.
Қат бұйрығы болған соң
Амалсыз қалды артында,
Алданатын кімі бар.
Осы араны, қарағым,
Тапсырам саған есіңе ал.
Дүниеден сау жүрсем,
Жылына келіп соғармын,
Батасын алып тұрармын,
Мен болып ханның қолын ал.

Қыздардың қоштасқаны

Илия қош айтысты ағасына,
Мекендеп бастан өскен саласына.
Болғансын Хақ бұйрығы амал бар ма,
Шыдамай қыз тулады шарасына.
Төзе алмай аттан түсті ер Қасарма,
Туыстан тек екеуі шыдасын ба
«Қарағым, жылама!» деп айта алмады,
Бассын деп мауқын ерлер қайтармады.
Қалаған деп жалғыз ағам енді өзің,
Жар болсын жаратқан Хақ, жаным аға.
Ісіне Хақтың жазған бар ма шама,
Жеңгеммен бір жыл ойнап күле алмадым
Көңіліме осы үлкен болды жара.
Жылына бір келмесең разы емеспін,
Мен едім тілекшіңіз соңында жана.
Жеңгемді ала келің тастап кетпей,
Құдайым тілегімді берген жанмын.
Жан жеңгем іздеп келді өзім кетпей
Алдай көр Алмамбет пен Ханшаны.
Қалипа бір жыл туған құрдас еді,
Дәм жазып меніменен кетті шетке.
Жан аға, көңіліңде бар мұдда болса,
Кешірің өтінемін бізге кекті.

Қобыланды

Барлығы: 307 жыр

Тағы оқыңыз