Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр (3-бөлім)

Қобыланды · Мергенбай нұсқасы · 2 мин оқу

Қара Көжек ал сонда,
Батырдың сөзін есітіп,
Елге шапты жосылтып,
Бұрқыратып тозаңын,
Желге қарсы есілтіп,
Жылқыға жау тигендей
Елдің шетін шошытып,
Байға жетіп келеді,
Қарала атты көсілтіп.
Келіп сөйлей береді:
Қобыланды батыр жіберді,
Ағама дұғай сәлем деп.
Келінін алып келемін,
Қырық нарға артқан қазына
Бәрін де соған беремін,
Көрімдігін берсін деп,
Келінін келіп көрсін деп,
Бұл сөзіме сенсін деп.
Көрімдігі Құртқаның
Көкала бие жылқыда,
Інім десе берсін деп,
Қобыланды мені жіберді.
Береді деп биені
Үзбей отыр күдерді.
Көжектің сөзін есітіп,
Сәлімбай бай сөйледі:
Пұл жібердім қалаға,
Бұзау, баспақ, танаға,
Арнап едім балаға,
Бір тайдың несін сұрайды,
Әкете бермей далада.
Бір тай түгіл, Қобыланнан
Жалғыз жаным садаға.
Қалағанымды алдым деп,
Мақтанып барсын алдына
Тоқтар сынды-ай ағаға.

Байдың сөзін есітіп,
Қарала атты көсілтіп,
Қайта шапты балаға.
Қалағаныңды берді,—деп,
Шыбын жанын құрбан қып,
Қара Көжек арада.
Баладан болып садаға,
Ұстап беріп биені,
Жад қылады Иені.
Қарны жерге тиеді,
Құртқа сұлу күймеден
Қарғып түсіп, биені
Маңдайынан сүйеді.
Көшіне тіркеп жөнеді,
Көкала бие шұрқырап,
Көбігі шығып бұрқырап,
Емшегі бұлақ иеді
Айы-күні жетіп тұр.
Тууы тұлпар қиын боп,
Жүруге халі бітіп тұр.
Ішінде тұлпар тулайды,
Биенің тіні бітіп тұр.
Қасына адам жолатпай,
Құртқа жалғыз күтіп тұр.
Көкала бие төңбекшіп,
Домаланып сұлады.
Тұншығып тұлпар қалар деп,
Құртқаның жаны шығады.
Тонын жарып тұлпардың
Құлынға тыныс қылады.
Сонда жатып құлындап,
Бурыл тұлпар туады.
Тұяғын жерге тигізбей,
Үстіндегі шешініп,
Құртқа сынды сұлуың
Алтын тонға орады.
Аузын үріп сыпырып,
Маңдайынан иіскеп,
Шүкір қып Хаққа тұрады.
Аршын басты Бурылы,
Қабырғада қанаты,
Сұлтанының жан аты.
Күн түсірмей көзіне,
Жел тигізбей өзіне,
Үстіне шатыр тіккізді.
Құртқа сынды сұлуың
Айтса сөзін өткізді.
Көп нөкерін жүгіртіп,
Не керегін жеткізді.
Еру болып сол жерде,
Қырық күнгеше Бурылға
Қулықтың сүтін емізді.
Жана қырық күн біткенше,
Қысырдың сүтін емізді.
Сексен күні біткесін,
Тоқсан күні жеткесін,
Армасын деп, талмасын,
Маңқа, құлық болмасын,—деп,
Жеміне қосып, қыз Құртқа,
Қызыл дәрі жегізді.
Бурылға қыз Құртқа,
Түндікпенен күн берді,
Түтікпенен су берді,
Дәрілеген жем берді.
Құртқа сынды сұлуың
«Отауды жығып тиет»,—деп,
Қобыландыға дем берді.
Алтыннан жабу оюлап,
Бурылға қыз Құртқа
Құлағын тігіп қиюлап,
Балағына түсірді.
Отауды жығып көшірді,
Бурылын құндақтап,
Дүйсенбі күні бесінде,
Биені тіркеп көшіне,
Елі түсіп есіне.
Асқар төбе бел еді,
Белден көшкен ел еді,
Көшті тартып келеді.
Бірнеше күн дегенде
Тоқтарбайдың жанына
Отауды әкеп тігеді.

Әлқисса, Қобыланды батыр әкесі Тоқтарбайдың жанына отауын тігіп жатып әкесіне келіп:

—Мен кеткелі жылқыдан біраз айлар болды. Сонан бері тоқсан құл мен малдан хабар бар ма?—деп сұрады.

—Жоқ, шырағым, құлдан да, малдан да хабар жоқ,—деді. Құйған шайдан ішпей, ашытқан балдан ішіп, мен малдың хабарын біліп келейін,—деп жүріп кетті.

Қобыланды

Барлығы: 307 жыр

Тағы оқыңыз