Қобыланды батыр (42-бөлім)
Қобыланды · С. Ділманов нұсқасы · 3 мин оқу
Қобылан:
—Рас па,—деді,—Алыбым,
Азайған шығар қалығың.
Біткен шығар жеріңнің
Қанменен аққан жарығы.
Қасарманы не етесің,
Алла тізгін оңғарса,
Сен залымсың имансыз
Жаһаннамға кетесің.
Сендей талай менменсіп
Лебімен қазан пісірген.
Менің атым Қобылан,
Тағынан шаншып түсірген.
Басыларсың, Алыбым,
От жанып көңілің ісінген,
Мұсылман кәпір болған.
Орындалмай келе жатқан
Сен едің жалғыз арманым.
Беріктікке жан сақтап
Өзімнен бөтен жан жоқ деп
Ешкімді көзге ілмедің.
Алдыңа келді енді Алып
Алмамбеттей қанша.
Орынсыз зәбір бергенің
Есімнен менің қалар ма.
Алты жасар күнімде
Айдалада кездесіп
Өлтірем деп сүйгенің,
Сол кек үшін келгенім
Алшағыр мен Бабақан
Бар сенгенің Көбікті
Естіп пе едің егенін.
Білмей тұрсың, сен Алып,
Шамыңның жаққан сөнгенін.
Таусылғаның емес пе
Майданға өзің келгенің.
Халқың көріп түңілер
Жемтігіңді итің жеп
Салбыратып басыңды
Бәйтерекке келгенде
Астындағы ақ тобық
Алла қосса менікі.
Асылдық болмас бұл сөзім
Құдай деген ер едім.
Исламның ері үшін,
Халқымның байтақ қаны үшін
Сарарқадан келемін.
Етек кесіп жең болмас,
Ежелгі дұшпан ел болмас.
Өшпеді деп тауыңнан
Мақтанасың Қырымды
Өтіп келген мен едім,
Жер қобасы сен едің.
Нағып тұрсың сен шыдап,
Ұрысам десең кел деді.
Алып:
Ашуланып долданды,
Қобыландай батырға
Аңсыз тұрған кезінде
Толқытып найза бұл салды.
Қобылан шапшаң ер еді,
Найзасын тәнге тигізбей
Балтамен қағып жіберді.
Найзасы сынып Алыптың
Аспанға ұшып барады.
Екеуі келіп ұрысты,
Қарсыласып қағысып.
Түрлі амалын қылысты,
Найза қылыш жұмсады.
Қарудан пайда бола алмай
Екеуі біраз жүреді.
Екі жақта тұрған жан
Ұрысын көріп бұлардың
Қайран болып тұрады,
Найза сынса, жаңалап
Жеткізіп тұрды бұлар да.
Біраз заман жүрген соң,
Алып қарап батырға:
—Е, Қобылан балам, дейт,
Дұшпан да болсаң күшің тең.
Қолға алған қаруым
Түк қылалмат саған да,
Сүйегің болат шыны екен,
Өзіммен теңгел сен екен.
Қарудан болмайт еш пайда,
Жерге түсіп қаралық,
Белгі етіп жерді сызалық.
Арқан байлап белдесіп,
Тартысып сөйтіп қаралық.
Өткізіп тартып сызықтан
Күші жетіп кім алса,
Бағынып соған тұралық,
Көресің қалай сен?—деді.
Қашатұғын ер емес,
«Мақұл» деді Қобылан,
Аттан түсе қалады,
Айғай салды хан Алып
Артында қалған халқына.
Тоқсан құлаш тор арқан,
Тоғыз қабат сол арқан
Алғызып алып салады.
Жерді сызып қамданып,
Белдеріне байланып,
Екеуі барып тұрады.
Сонда Алып сөйледі:
—Ер Қобылан сен,—деді,
Әуелгі кезек менікі,
Соңғы кезек сенікі.
Мақұл десең ақырып,
Берік болып тұр,—деді.
Ер Қобылан есітіп
Буырқанды, бұрсанды,
Бөкседен жерге енді енді
Батыр кіріп барады.
Су өгіздей өкіріп,
Тауда жүрген арқардай.
Тартты алып секіріп
Қозғалталмат қарында.
Қалды ма деп шамданып,
Соншама дұшпан бекініп.
Кәрілік жеңіп кетті ме
Алпыс үшке келгенде.
Бақырғандай баланы
Тартып жерден ала алмай
Дәуренім бастан өтті ма.
Осыны айтып хан Алып
Нар бурадай бақырды.
Күшін жинап бойына,
Батырды тартып қарады.
Суырды жерден шыдатпай
Түтіккен екен сонда Алып
Тоқтатпастан батырды
Сызыққа алып барады.
Жалғыз табан бір сүйем
Жақындады сызыққа.
Қамданға шатағын алып
Қожекең жетіп қалыпты.
Етегінен берік ұстап,
Қобыландының Алыпты:
—Састым, балам, мен,—деді.
Жетпегенде тездетіп
Кетіп едің сен,—деді.
Салмағыңды сала бер
Не қылар дейсің кәпірші.
Сасқан екен Қобылан
Тәубеге келді соңынан.
Шалсынып батыр жүргенде
Шалдықтыра жаздады
Намысты беріп қолынан.
Тартты Алып ақырып
Арқанды үзіп барады.
Екпінімен тоқтамай
Етпетінен құлады.
Қайтадан тұрып хан Алып,
Тағы да арқан алдырды.
Белдеріне байланып
Ақырысып тұрады.
Кезегін алып Қобылан
Арқанды тартып қарады.
Бір тартқанда ала алмай
Екінші тартты шамданып.
Күшін жинап бойға алып,
Екі адым жерге қозғалтты.
Одан артық ала алмай
Батыр қайран болады.
Кезекті Алып тағы алып,
Мықты бол, деді, Қобылан,
Қате кеттім деп жүрме
Дауыңды салып соңынан.
Қобылан жерге салмағын
Ашуланып салып тұр.
Бабасы да жабысып,
Арқаннан келіп алып тұр.
Қанша Алып тартса да
Қаратаудай салмағы
Қобыланның болып тұр.
Балағынан тер құйып,
Қаһарланып кәрі Алып,
Үш тартып арқан үзеді.
Қозғалталмат орнынан
Сосын-ақ күдер үзеді.
Қабағын тастай түйініп
Атына барып мінеді.
Бұ несі деп Қобылан
Аңқаулықпен тұрады.