Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр (46-бөлім)

Қобыланды · С. Ділманов нұсқасы · 3 мин оқу

Қаладағы ұрыс басылғаннан кейін батырлар демін алып шаһарының ішіндегі қырғыннан қаза тапқан адамдардың өліктерін жинап, шаһар ішін толық тазартып болғаннан кейін, ерлер басын қосып кеңесіп шаһар халқына Сынамбай молдадан үйретіп сол шаһарға жеті жерден мешіт салдырды.

Қобылан, ер Қасарма, батыр Сайым
Сейілге күнде шығат құрал дайын.
Қасында сансыз ерген жолдасымен
Танытты тау менен тас, көлдің жайын.
Аралап аң атады таудан ерлер,
Көтеріп көңілдерін жүрді ерлер.
Салдырып жеті мешіт жеті жерден
Жұмылды ықыласпен тамам елдер.
Молда да дамыл таппай дін үйретіп,
Халыққа уағыз айтып халын сөйлер.
Батырлар кеңеседі тағы бір күн:
—Алмамбет ханды алдырып той жасалық.
Келгелі бес-алты айдың жүзі болды,
Кейінге қайту мақұл болар енді.
Хат жазып Алмамбетке Қобылан ер,
Қасарма, батыр Сайым бұлармен бір.
Жағдайды бастан-аяқ түсіндіріп:
«Келіңіз тегісімен кешікпеңіз,
Тойымыз сізді күтіп отыр ханым.
Қалипа ханшаменен бұл қалмасын,
Тыныштық болды жайлы ер арасын.
Қалдырма жанға серік жолдасыңды,
Жігіттер ер көңілді келсін тағын.
Хан сайлап халық өзгереді бұрынғыдай
Келіңіз ыждихаттап енді мұнда».
Жіберді Шыныбек пен Қыдыр ханды
Қасына ертіп жолдас елден алды.
Жүз кісі шақыруда аттанысып
Жол тартып Алмамбетке кетіп қалды,
Арада бірнеше күн бұлар қонып,
Еліне Алмамбеттің жетіп барды.
Топпенен барсақ бізден шошиды деп
Алдынан екі жігіт хабар салды.
Қуантып Алмамбет пен Ханшаны,
Саны жоқ бұл екеуі сүйінші алды.
Торығып жатыр екен Алмамбет хан
Шықпаған кеудесінен құр шыбын жан.
Кеткелі екі ай, он үш күн болыпты,
Сарғайып запырандай жүз солыпты.
Есітіп қуанышты толды ханым
Басына қайта келіп өткен бағың.
«Жар бол» деп орынан түрегелді
Қуатты мұсылманның әруағы.
Қыдырхан Шыныбекпен көрді көзі,
Көрісті жылап тұрып бұларға өзі.
Саулығын Қобылан мен батыр Сайым
Есітіп орнығады көңілі өзі.
«Сол Алып шын өлді ме, айтшы маған,
Қайталап түсінейін айтшы маған».

Алмамбет қуанғаннан қараша халқына хабар салып, екі күнде жиналып жүріп болды. Күн-түн қатып сансыз ауыр қолмен Алмамбет хан келіп жетті, алдынан құрметпен Қасарма қарсы шығып күтіп алуға даярланды. Қобылан Сайым бұларға келе жатарсың деп кідірмей алдынан жүріп кетті. Жақындап келіп аттарын тастап жаяулап, батырлар қол қусырып ханға сәлем берді.

Алмамбет:

—Аманбысың, балаларым,
Сендерден хабар ала алмай,
Шаққа төзді жандарым.
Аман-есен жүрмісің,
Қобылан, Сайым қарағым?!
Қайыры болғай артының
Алыптың бұзып алыпсыз
Жан бұзбаған қорасын.
Өсе берсін бақтарың,
Халық үшін туған құралың.
Бұл жалғанның жүзінде
Адамға болмас деуші едім.
Ауатын күні келгенде
О, дәулет екен, шырағым.
Жерде жатпас тыныштап
Шойын менен қара тас.
Қоса көмбей өзіне
Желікпен ерткен жоқ еді.
Қорқытып ертті халықты
Қорлық беріп өзіне.
Әркімге де бір зауал
Деген сөзі бұрынғы
Рас екен өзі де.
Қасарма әділ жан болар
Дүниеге қызықпас,
Парасатты паң болар.
Алыппенен бір туды
Дегенменен Қасарма
Бір адамның баласы.
Қарап тұрсаң әр түрлі
Дос болыпсың онымен,
Халықтың тұтқа ерімен.
Айтқанынан қайтпайтын
Сондықтан аты Қасарма
Алыптың қойған аты еді.
Айтқанына көнбеген
Халыққа зәбір бердің деп,
Қарсы шығып алдына
Айтушы едің көлденең.
Аққа зауал жоқ деген
Қалыпты аман Қасарма.
Алғыс алған ер еді,
Қайырлы болсын, шырағым,
Қобылан, Сайым қос балам,
Жәрдем болған Алладан.
Ел жақта да көп шығар
Сіздерді аман келсін деп
Күндіз-түні зарлаған.
Жақын жерде отырып
Сөзім дұрыс, көңілім ақ,
Келіп хабар ала алмай,
Сендерге көмек бере алмай,
Жылаудан басқа не болсын,
Қолымнан келген күшім сол.
Айтқанымнан қайтпаймын,
Жалғыз қызым Қалипа
Жолдарыңа арнаған.
Төрт түлік жатқан малымды,
Кеудедегі жанымды
Атамаған қалмаған.
Бүгін ажал жетсе де,
Өкінбеймін Алладан.
Немді аяп бұдан қалайын
Қобылан жалғыз баладан.
Ақ батамды берейін
Қолдарың жай, балдарым,
Біз тілекші артыңда
Кемпір менен шалдарың.
Бола берсін, шырағым,
Жорытқан сайын жолдарың.
Мұнша қырғын соғыста
Шығын болмай тұрар ма.
Шайыт болған сегіз ер
Иманы болсын жолдасы.
Ойламаңдар, балларым,
Топырақ жазған жер шығар.
Жақсы жалғыз біреудің
Қадірлі сондай жан шығар.
Уайымнан түк өнбейт,
Ойыңнан, балам, сен шығар.
Өкініпсің тұрмапсың,
Сайымның тілін алмапсың.
Қателік, балам, ол жерің
Оныменен амандық
Табыла бермес жігітке.
Сынаған адам сезбей ме
Жарамайды, шырағым.
Астана сенен дәм етет
Қобылан деген үмітке.
Көп тілеуі көл деген
Көрінді балам көзіңе
Аз күн болсын дәм татып
Жатып шықтың кілітке.

Қобыланды

Барлығы: 307 жыр

Тағы оқыңыз