Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр (8-бөлім)

Қобыланды · Мергенбай нұсқасы · 2 мин оқу

Бірге туып, бірге өскен,
Кіндігімді бір кескен,
Қарға жүнді қаттасым,
Үйрек жүнді оттасым,
Бірге туған тектесім,
Қысылған жерде демдесім,
Желі толған түйең бар,
Қора толған қойың бар,
Оны кімге тапсырдың?!
Тоғай толған жылқыңды
Көкежан, кімге тапсырдың?
Тоқсанда атаң Тоқтар шал,
Алпыста шешең Аналық,
Ақ көке, кімге тапсырдың?
Ұзын арқау, кең тұсау
Өзіңмен бірге туысқан,
Тай-құлындай тебіскен,
Бірге туып, бірге өскен,
Кіндігімді бір кескен,
Көкежан! деп жылаған
Мен сорды кімге тапсырдың?
Бұл дүниеде мұңдасың,
Ақыреттік жолдасың,
Төсекте жатса сырласың,
Құдай қосқан қосағың,
Көктімнің қызы Құртқаны—
Жеңешемді кімге тапсырдың?
Жүрегі сөзге тұтанып,
Қобылекең сонда тарықты,
Батыр сөзге толықсып
Көп ойлады халықты.
Қарлығаш дауысы шыққан соң,
Қобыландыдай батырың
Ақ найзаға сүйеніп,
Төмен қарап қамықты.
Қайта айналып қаз қонар,
Ұя салған жеріне,
Әркім ойнап күледі
Өз қатары теңімен.
Көзден аққан қара жас,
Қаны, жасы аралас.
Ақ найзаға сүйеніп,
Қарлығашқа көрсетпей
Жасын сүртті жеңімен.
Сонда Қобылан сөйлейді
Сөйлегенде бүй дейді:
Тауда болар тарғыл тас,
Тарықса, шығар көзден жас,
Тар қолтықтан оқ тисе,
Шығады сүйеп қарындас.
Қарындасың болмаса
Жауда қалар ғазиз бас.
Арқаңды жапқан қолаң шаш,
Айналайын, Қарлығаш,
Айтқан сөзге құлақ ас!
Мен кешігіп келмесем,
Сіздер де бол тілеулес.
Сендерді мұнда жылатпас
Қараспан тауын жайлаған
Қалың Қыпшақ қарындас!
Қарлығаш, сенен айналдым,
Ағызба, қалқам, көзден жас!
Жасыңды тыйшы көзіңнен.
Сай сүйегім сырқырар,
Жан көке! деген сөзіңнен!
Бір сүйгізші, шырағым,
Жаудыраған көзіңнен.
Атадан тақ баламын,
Жауға кетіп барамын.
Жасым үлкен ағамын,
Әлде қандай боламын?!
Әйел де болсаң бір тудың
Нашарсынып нетейін?!
Мойныңды бұршы, шырағым,
Көкең сүйсін бетіңнен,
Армансыз болып кетейін.
Қарындасым, Қарлыжан,
Тоғай толған жылқымды
Жасанған жауға тапсырдым.
Желі толған түйемді
Сарысуға тапсырдым
Қорам толған ақты қой—
Аш бөріге тапсырдым,
Азу тісі болаттай
Жас бөріге тапсырдым.
Тоқсанға келген әкемді
Құдіретке тапсырдым.
Алпысқа келген анамды
Мұхаммедке тапсырдым.
Шырағым, сені, Қарлығаш,
Шаш ханымға тапсырдым.
Қосақ жарым қыз Құртқаны
Бибі Батимаға тапсырдым.
Сендер төртеу, мен—жалғыз,
Орман ағаш ортаңда,
Құрақтайын жас бұта,
Айналайын, Қарлығаш,
Көкеңді кімге тапсырдың?

Қарындасы сөйлейді:
Бұл жібердім базардың
Бояғы менен бөзіне.
Салса жылқы тоқтайды
Арқаның бөрікөзіне.
Құлақ сал, көке, сөзіме,
Осы барған сапардан
Жан көкем есен келгенше,
Ел-жұртын есен көргенше,
Он сегіз мың әлемге
Патша болған, Хақ Жаппар,
Тек тапсырдым өзіңе!
Жан көкем есен келгенше,
Елі-жұртын көргенше,
Қобыланымды тапсырдым
Бір жаратқан Құдайға.

Қарлығаш және сөйлейді:
Басымнан дүние өткендей
Көрінбесең көзіме.
Құлақ сал, көке, сөзіме,
Көкем есен келгенше,
Ата-анасын көргенше,
Қалқамбысың?—дегенше,
Мен көкемді тапсырдым
Он сегіз мың ғаламның
Падишасы өзіңе.
Қараспан тауын жайлаған
Біздің қалың көп қыпшақ,
Көкемнің оңғар сапарын,
Жасаған Құдай, беріп бақ.
Алды-артыңда сүйеу жоқ,
Атадан, көке, тудың тақ,
Сіз тұрғанда көңілім шат.

Қобыланды

Барлығы: 307 жыр

Тағы оқыңыз