Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр (22-бөлім)

Қобыланды · С. Ділманов нұсқасы · 3 мин оқу

Сайым қорқып сөйлейді:
—Дем алайық осы жерде
Бірер күн жатып тоқталып,
Сонан кейін жүреміз
Осы жерден баллар аттанып.
«Мақұл» деді Қобылан
Дем алып сөйлесіп,
Отырды жайлап соңынан.

Жол жүріп талып келген батырлар аттарын жіберіп, дем алып жата берді. Кешке күн батқан соң аттарын арқандап, қарауыл қойып, тыныш ұйқыға кірісті. Сайым қарауылда тұрған екі жігітке: «Көл жағына баса қарап сақ болыңдар, ұйықтап отырып қалмандар, мұндай иесіз, елсіз суда болмайтын мақұлықтан болмауды өте сақтану керек. Өзім де ұйықтамай қарауылдайын, Қобылан ат соғып шаршап келген, ұйықтасын, мұны ешқайсың оятпаңдар, қандай қиыншылық кездессе де ешбір оятпаңдар»,—деп жай жігіттерге хабарлады. Жеке шатыр тігіп, Қобылан еш нәрседен хабарсыз ұйықтап қалды. Таң алдында су толқып көтеріліп сарыл, күріл дыбыс білінді. Қарауылда жүрген жігіттердің тізесінен су келді. Көлдің алабынан асып, тұман басып қараңғы дыбыс күшейді. Аттар кісінеп, арқанын үзіп, төзбеді.

Сайым көлге қарай кете берді. Жігіттерге: «Саспаңдар, қашпаңдар да әзірленіп тұрыңдар, бұл көлде қауіпті жәндік бар шығар, өзім барайын, Қобыландыны оятпаңдар, тыныштық сақтап тұрың». Көлден айдаһар шығып, құйрығын сабай бастады.

Батыр Сайым саспады,
Жыланнан қорқып қашпады.
Жалынын шашып бұл жылан
Лебімен тартып Сайымды
Жамандығын бастады.
Құртқаның айтқан жыланы
Осы екен деп Ерсайым
Суырып алып қылышын
Қадам ұрып барады.
Тау менен тас жерді шөп
Лебінен күйіп жанады.
«Иә Құдай», деп Ерсайым
Пірлеріне сиынып,
Жыланмен ұрыс салады.
Будақ-будақ бу шығып,
Көлден шалып су шығып
Арқанда тұрған тұлпарлар
Шыдай алмай қан сиіп,
Қиындық үлкен болады.
Қырық жігіт те төзе алмай,
Құдайына сиынып,
Тездетіп ерлер киініп
Төзе алмады лебіне.
Бара алмады Сайымның
Көмек бере өзіне.
Ұйығып жүріп қырық жігіт
Қобылан жатқан шатырдың
Соқтықты келіп өзіне.
Аяғын басып кетеді,
Шатырдан да өтеді.
Оянып кетті Қобылан
Дүбірімен бұлардың.
—Не болды,—деп, жігіттер?
Шатырдан басын шығарды.
Қыдырхан сонда сөйлейді:
—Састық, батыр, біз,—деді,
Жатырсыз ұйықтап сіз,—деді.
Шапшаң киін жылдам,—деп
Судан шықты бір пәле
Сайым жатыр ұрысып,
Көзіңді салып көр,—деді.
Ұрысып Сайым жүреді
Жыланмен алысып,
Алқымнан қолды салыпты
Алысуменен Ерсайым
Күн шыққанша зарықты.
Бар қаруды шабалмай
Екі қолын босатпай
Ер көңілі жабықты.
Құйрығын суға сабаса
Бұрқыратып борандай.
Сайымдықтан төзіп жүр,
Шыдатар емес болмаса,
Бұдан бөтен адамды.
Қобылан көзі көреді,
Киінуге шама жоқ,
Қылыш алып қолына
Жүгіре берді деп еді,
Сайым көрді сонадан
Қобыланның келгенін.
Киінбей батыр би ғапыл
Мұнша асығып жүргенін.
—Жан Қобылан, қарағым,
Асығып жүрген нең,—деді.
Ойнатып жүрген ағаң жоқ,
Жыланның түрін көр,—деді.
Кейін қайтып қосқа бар,
Киініп келші сен,—деді.
Кейін қайтты Қобылан
Сайымның тілін алады,
Қосқа қайтып барады.
Шатырға кірді Қобылан
Шапшаңдатып киінді.
Әлде қайтып кетет деп
Батырдың іші күйінді.
Қобылан бүйтіп жатқанда
Батыр Сайым ақырды.
Көтеріп алып жыланды
Былғалап жерге ұрады.
Алты құлаш ақ семсер
Кеудесінен салады.
Басын кесіп жыланның
Лақтырып тастады.
Есінен қалмас ерлердің
Сол жыланнан сасқаны.
Ашушы деп жігіттер
Қобыланнан сұрады.
Есінен шығып қашқаны
Сайымның шығып алдынан
Ортаға ерлер алады.
Сақтады деп бір Құдай
Бәрі шулап тұрады.
Аузын желге толтырып,
Маңдайдан терін сыпырып,
Батыр демін алады.
Демін алып тынғансын,
Шақырып алып қасына
Қобыландыдай жолдасын.
—Әр дайымда, қарағым,
Ер сасқанда сабыр қыл.
Асығыстық қылмашы
Бір адамнан кем емес,
Жігітсің туған өз басың.
Кереметтен құр емес,
Құртқа сынды жолдасың.
Жолымыз болат, шырағым,
Айтқаны, сірә, көп еді.
Осы күйге төзсең
Жылан шығар деп еді.
Жыланды алсаң тарықпай,
Айтқаным бәрі анық деп.
Асылық болып жүрмесін
Көрерсіз аман бәріміз,
Деп еді қайтып халықты.
Иншалла сау болсақ,
Мақсұт болып қайтамыз
Талқан қылып алыпты.
Осыны айтты Ерсайым
Қобыланменен күйіне
Енші алысар жер келді.
Кел, батырлар, өзіңе
Қол билігін алыңыз
Шошып кетті Қобылан:
—Сен тұрғанда, Сайеке,
Қол менен жолды билеген
Мен алғаным нем,—деді.
Өзің биле, өзің ал,
Мен соңынан еремін,
Сіз айтқанға көнемін.
Кешігіппін, Сайеке,
Қосқа тезек теремін.

Тағы оқыңыз