Қобыланды батыр (25-бөлім)
Қобыланды · С. Ділманов нұсқасы · 3 мин оқу
Ар жағына көз салса,
Қаптаған қалың мал екен.
Көзі көрді бұларды
Барамын деп ертең
Түнде жүріп болмас деп,
Жолы қиын жер екен.
Осыны айтып Қобылан
Атының ерін алады,
Арқан тағып аунатып.
Атын жайлап болған соң
Намазын оқып қалады.
Оқып болып намазын
Зікір айтып Аллаға
Отырады жас бала,
Өзі жалғыз болған соң
Көңілді отыр жасыған.
Тау жағалап тоқтамай
Бір кәрі шал келеді.
Қырық ешкісін айдаған
Жанына торсық байлаған
Асасы бар қолында
Өзі Хақтың жолында
Ақ сақалды кәрі адам
Барасын қайда балам деп
Батырдың жөнін сұрады.
Жөнін айтпай Қобылан
Мұнда сиқыр көп деуші ет
Соның бірі болар деп
Сынап келіп сұраған
Айтпаймын деді жөнімді
Сен сықылды шалдарға
Ешкінді бақ та жүре бер
Келдің бе мені алдарға
Сендей жанға сенбеймін
Тоқтамай жылдам кет деді.
Көп кідірсең бұл жерде
Өлтіремін мен деді
Оныменен қоймайды
Суырып оғын алады
Садаққа қолды салады.
Шын қаһарын көрген соң
Ғайып болып барады
Қайран болды Қобылан
Айыра алмай қалады
Апырау қақта қылдым деп
Көңілге күпті болады.
Қобылан пірін танымай жөнін айтпай қалды. Сол күні сол жерге қонып, үлкен уайымға қалып, бұл шалдың не екенін білмей, пірім болса қате қылдым деп, үлкен налып жатты. Ойуайымнан кім екеніне сенбей таң да атты. Таң атқан соң намазын оқып, я Алла деп торы атқа ер салып мініп алып жалғыз аяқ жолмен жүруге ойланды. Тағы да ой түсті, бұл тау иесіз емес шығар кім бар, кім жоқ әбден қарап көрейін деп о жақ бұ жағына шығып батыр қарады. Қараса тауда бір үлкен үңгір бар, бір адамның жатқан орны бар, асулы қазан, жиналған құралы көрінеді. Қой мұның аржағында адам бар шығар деп аттан түсіп ішіне кіріп аралады. Адамның орны бар өзі жоқ, ат ерттеген жеріне келді, байқап тұрса басқан табанның орны Қобыланның табанынан екі есе үлкен, Қобылан қайран қалып, бұл нендей үлкен адам деп атқа мініп ізіне түсті. Қалың тоғай арасымен, жолға тарта берді.
Бұл жолы жаңағы жатқан судың арғы бетіндегі елге келді. Қобылан суға келіп тұрып қалды. Жан-жағына қарап тұрса, судың арғы бетінде қырық қыз суға түсіп шағала ойнасып жүрген мұны көрді. Бір қыз пәуеска арбаға сүйеніп тұр. Түр сипаты ана қыздардан бөлек, Қобылан қыздан сөз тартайын деп судың өткелін сұрады.
Қобыланның айтқаны:
—Ар жақта тұрған, құдаша,
Іздегенім тамаша.
Өткелі қайда суыңның
Жөн сілтеңіз ұнаса.
Сонда сұлу сөйледі:
—Ар жақта тұрған, жолаушы,
Өткелін судың біле алман.
Жөніңді айтшы әуелі,
Көрмеген жансың бұл маңнан.
Түрің бөлек көрінеді,
Қай жерлерден келесің.
Өз жөніңді айтпасаң,
Өткелін судың айталман.
Қобылан:
—Ар жақта тұрған сұлу қыз,
Ажарың айдай көрінген,
Көргесін көңілім бөлінген.
Керек болса жөніміз,
Жасырмайын өзіңнен.
Мен алыс жердің адамы,
Шалғай жатыр бұл жерден
Еліміздің табаны.
Шаршап келем ат соғып,
Өткен соң судан айтамын,
Өткелің сілте, шырағым!
Қыз:
—Жасырма, батыр, сырыңды,
Айтпасаң да білемін
Кім екенің өзім де,
Жардан ұшып өлсең де.
Сен жасырдың мен айтпан,
Көрініп тұрған сырыңды.