Қобыланды батыр (2-бөлім)
Қобыланды · Мергенбай нұсқасы · 3 мин оқу
Жұртын жиып той қылып,
Аққа белін шешіпті.
Пайғамбар құда несіпті,
Құртқа сынды-ай сұлуды
Қобыландыдай батырға
Берейін деп жатқанын
Қырық бес кез Қызыл ер
Хабарын мұның есітті.
«Меніменен күресіп,
Жықса алар,—десіпті,—
Аты-тонын олжалап,
Аман қайтса жарар,»—деп,
Өзінше желдей есіпті.
Бетіне жан қаратпай,
Көңілі әбден өсіпті.
Бұл сөзді естіп Қобылан:
Артымда жау қалдырман,
Берсе Құдай несіпті,—
[Деп] мініп ап атына,
Қызыл ерге келеді,
Келіп те сөйлей береді:
Қобыланды келді, шықсын,—деп,
Дауыстап хабар береді.
Шықпағасын Қызыл ер
Жүгіріп үйге енеді.
Төсекте жатып Қызыл ер
Қобыландыны көреді.
«Аяғымменен күрес»—деп,
Бір аяғын береді.
Алпыс құлаш ала арқан
Қызыл ердің ілулі
Босағада тұр еді.
Іліп алып аяққа,
Мініп алып торы атқа,
Дүрілдетіп жөнелді,
Қызыл ерді сүйретті,
Сүйреткі қылып үйретті.
Ішінде шеңгел, тікенге
Өкпе, бауырын түйретті.
Тақымға салып сүйретіп,
Қабырғасын күйретті.
Менсінбеген дұшпанды
Ақылын тауып үйретті.
Көкбөрі қылып дұшпанын,
Тау мен тасты күңірентті.
Қорлықпенен өлсін деп,
Қызыл ерді еңіретті,
Тасқа соғып боршалап
Кеудесінен жан кетті.
Аламыз деп айырып,
Екі бірдей баласы
Соңынан қуып бұл жетті.
Қаратай менен Қаранас
Көздерінен ағып жас,
Жасы-қаны аралас,
Қобыландыға жүгіртіп,
Келе салды найзасын,
Алды-артына қарамас.
Қобыланды қарсы ұмтылды,
Жеке шауып екеуін
Жермен-жексен қылды тас,
Домаланды жерге бас.
Үшеуін бірдей өлтіріп,
Қобыланды сынды-ай бала жас
Істі орнына келтіріп,
Құртқаға келіп сөйледі,
Көңілі ердің желпініп.
Сұлтаным не қылды екен?—деп,
Құртқа сұлу жүгіріп,
Алдынан шыққан ентігіп,
Көктімге хабар береді.
Дұшманынан құтылып,
Көңілдері жайланды.
Жөнелтуге Құртқаны
Көктім Аймақ ойланды.
Алтынмен ішін безеген,
Сырты күміс ақ отау
Келістіріп түзеген,
Арттыруға сайланды.
Қырық түйе қазына,
Қырық құл мен қырық күң
Қосып берді қызына.
Ел-жұртымен қоштасқан
Құртқа сынды-ай сұлудың
Жұрт таң қалды назына—
Сөйлеген сөзі базына.
Көктім Аймақ көрісіп,
Көлден ұшқан қаңқылдап
Қоңыр ала қазына,
.................... жазына.
Ертеңгі шолпан батқанда,
Сарғайып таң атқанда,
Жөнелтуге Құртқаны
Жүгін артып жатқанда,
Қобыланды бала келеді,
Көктімге сәлем береді:
Еншісін бөліп Құртқаға,
Бәрін де беріп жатырсың,
Бергенің маған не?—дейді.
Көктім Аймақ атасы:
Шырағым, балам, кел!—дейді,
Бергенім саған біл,—дейді,
Төбеңде тұрған төрт бұлт,
Еншің, балам, сол,—дейді.
Жаз болса, шығар күн жақтан,
Қыс болса, шығар жел жақтан,
Жау келсе, түсер жау жақтан.
Шырағым, балам, шын,—дейді,
Тапсырдым сені соған,—деп,
Енді атыңа мін,—дейді.
Атасыменен қоштасып,
Құртқаны алып ұзатып,
Елге қарай жөнелді.
Кәміл пірлер жебеді,
Ісі жөнге келеді.
Мінген аты ала-ды,
Қылшық жүнді қара-ды.
Қобыландыдай батырың
Көшті тартып барады.
Бірнеше күн жол жүріп,
Аз ғана емес мол жүріп,
Өткен күнді санады.
Бір күндері болғанда,
Қара жолдың үстінен
Қалың жылқы жарылып
Екі жақта қалады.
Құртқа сынды сұлуың
Күймеден басын шығарып,
Жылқыға көзін салады.
Ортасында жылқының
Көкала бие жусап тұр,
Құртқаның көзі шалады.
Тоқтатып қойып күймесін,
Ағытып тастап түймесін,
Шақырып алып: «Сұлтан»,—деп,
Қобыландыдай баланы,
Биені көріп сынады.
Мынау жатқан көп жылқы
Кімдікі?—деп сұрады.
Сонау тұрған биені
Мені берсең де алғыл,—деп,
Батырға әмір қылады.
Батыр Қобылан күледі,
Әзіл айтып іледі:
Басымды оққа байлаған,
Сені берсем, қыз Құртқа,
Бір елдің малын алармын,—деп,
Езу тартып күледі.
Осы жатқан көп жылқы
Немере туған ағамыз—
Сәлімбай байдың жылқысы.
Жанындай мені көреді,
Не сұрасам береді.
Тағы Құртқа сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
Құлақ салып сөзіме
Бері таман кел,—дейді,
Тобылғы меңді торы атың
Жауға мініп шабуға
Жарамайды бұл,—дейді,
Жан серік атың, сұлтаным,
Көкала бие ішінде
Көк бурыл құлын бар,
Дұшмандардың пейілі тар,
Жан серік атың сол,—дейді,
Бұл сөзімді біл,—дейді.
Құртқаның сөзін сынарсың,
Жылқысы болса ағаңның,
Ала көр бірақ сен,—дейді.
Құртқаның сөзін есітіп,
Қондырып көшін сол жерге,
Енді атына мінеді,
Ойлау жерден орғытып,
Тегіс жерден сырғытып,
Аяңдамай желеді.
Сәлімбай байдың тоқсан құл
Қара Көжек бастығы,
Сәлем беріп келеді.
Келіп сөйлей береді:
Асқар төбе белсің,—деп,
Қатар көшкен елсің,—деп,
Ағамызға сәлем де,
Келінін алып келемін,
Көрімдігін берсін,—деп,
Қырық нарға артқан қазына
Бәрін де келіп алсын,—деп.
Бұл сөзіме нансын,—деп,
Көрімдігі Құртқаның—
Көкала бие жылқыда
Інім десе берсін,—деп,
Бұл сөзіме сенсін,—деп.