Қобыланды батыр (16-бөлім)
Қобыланды · С. Ділманов нұсқасы · 2 мин оқу
Сонда Құртқа сөйледі:
—Жолың болсын, жан аға,
Келгеніңді есітіп
Алдыңнан шығып тұр едік.
Дәм шашылып шет елге
Бөлек жүрген ел едік.
Сіз ауылдан шыққан соң,
Қауышпаққа аман-сау
Жаратқан Хақтан тіледік.
Батыр да қазір келеді,
Жалғыздың жайы өзіңде.
Белгілі ғой, жан аға,
Ері тегіс жете ме.
Арқаның алпыс салаға
Бір шаруамен айналып
Қалған шығар кідіріп.
Келер уәде деді аға,
Ата мен енем дені сау,
Жалғызың үйде тұралмайт.
Жалғыз ауыл болғасын,
Айдалада қалмақ жау.
Аюбике Айшамен
Балалар жүр ме аман-сау?
Осыны айтып тұрғанда
Астына мінген тор шолақ
Қыл жіппен мінген ноқталап,
Астына салып қом тұлақ,
Тор шолақ шабан жүрмейді,
Сабаумен келет сабалап,
Жалаң аяқ, жалаң бас,
Басына тартқан орамал
Жігіттер көріп күледі.
«Мынау қалай адам?» деп
Тамаша қылып көреді.
Қобыланды Ерсайым
Тани қалды көргеннен.
Ер көңілі босады
Мына түрмен жүргенге.
Жігіттерге кейіді
Танымай тұрып күлгенге.
—Жігіттерім, күлме,—деп,—
Бұл келе жатқан Қобылан.
Білмейтұғын жағдайын
Ақымақ адам мен бе деп.
Аттарың түйіп тастаңдар,
Шешіңіз қару-жарақты
Қол қусырып тұрық дет.
Осыны айтып Ерсайым
Аттан түсе қалады.
«Сағындым,—деп,—жалғызым»,
Алдынан кетіп барады.
Қобылан менен екеуі
Құшақтасып көрісті.
Ақыреттік достығын
Сол жерде халық білісті.
Иба қылып жігіттер,
Қол қусырып алдынан
Жігіттер келіп көрісті.
Амандасып тұрады,
«Жол болсын» деп Қобылан
Батырларға қарады.
Сонда сөйледі Ерсайым:
—Ау Қобылан, қарағым,
Арамыз шалғай алыста
Болып жүр ғой тұрағым.
Мұншама көңілің басылып
Жасыдың нағып, шырағым?
Өздеріңдей шын достың
Тілегіне қосылып.
Мен де бірге сұрадым
Жеті жылдан бері қарай
Бір-біреуді көрмедің,
Амандықты білмедің,
Жалғыздықтың жабасы
Ол жағдайды білмейтін
Адам емес мен деді.
Ол жолыңнан қысылма
Енді, жаным, сен деді.
Қарлыға, Құртқа, Қарлығаш
Алдымнан шығып тұрғасын
Разы болдым мен деді.
Мұнша түрің түсіріп,
Налып келдің досым деп.
Бірігіп тілек тілейік
Қарлыға, Құртқа, қолың жай,
Ақ батамды берейін.
Қайырмаған жан едім,
Қашаннан Алла мерейім,
Батасын Сайым береді.
Әумин деп қолын жайып
Қобылан, Құртқа, Қарлыға
Тілекті тілеп тұрады.
Бір перзенттің кемдігі
Көзден жасын төгеді.
Тоқтау айтып Ерсайым,
Бұлардың көңілін бөледі.
Ат сабылтып түн қатқан,
Мезгілсіз жерден дәм татқан,
Ұйқы бөліп түс қашып
Салғып ерлер келеді.
Күн ысып шөлдеп тұрғанын
Қобылан батыр біледі.
Жүріңдер енді қонақ деп
Әлден бастап жүреді.
Барыңыз деп ілгері
Қарлыға, Құртқа, Қарлығаш—
Бұларға сылтау бар еді.
Үшеуі кетті ілгері
Тамаша қылды жігіттер
Бөлек екен адамнан
Үшеуінің түрлері.
Бере ме адам қандай жан,
Көзі ұялып тынғандай,
Үшеуінің жүрісі
Бір адамнан туғандай.
Қарлығаш қой кішісі,
Құртқа мұның қайсы екен,
Таныса алмай келеді,
Нысанбай сонда сөйледі.
Бозжорға атты Құртқа деп,
Даңқы шыққан жұртқа деп.
Жау қарағын асынған
Көбікті қызы Қарлыға
Тұлғасы бөлек адамнан.
Балдырғандай жас бала—
Қарындасы Қарлығаш.
Қаз мойынды күреңмен,
Жау жарағын асынған
Қобыланменен бір туған.