Қобыланды батыр (8-бөлім)
Қобыланды · С. Ділманов нұсқасы · 5 мин оқу
Құртқаның толғауы:
—Жарқыным, жалған сөйлеме,
Білмейтұғын сырыңды
Жатсам да үйде мен деме.
Екі жылдан бері қарай
Ұйқыңды бөліп тыныштай,
Тіліңді алған сол неме.
Бастағы айтқан сертіңнен
Асалмай жүрген сен едің.
Мұсылман кәпір екі ұлтан
Сені сүйген мен едім.
Білдірсе Құдай жаңылман
Алдама, жаным, білемін,
Қате айтып көрген жоқ едің,
Жасырғанға күлемін.
Сыр жасырма, жолдасым,
Жолыңда өлсем арман жоқ.
Жалғыз-ақ менде кемістік—
Әлі күнге бала болған жоқ.
Ана менен атаңның
Көңілінде арман көп.
Көбікті қызы Қарлыға—
Бұл келгелі жеті жыл,
Бұдан да бала болған жоқ.
Құдайлық сырым айтайын,
Батырым, бермен мойның бұр.
Тоқсан қатын алсаң да,
Екеумізде тарлық жоқ.
Сақтама ішке айтпай сыр,
Он төрт жасар жас бала
Илия сұлу бұл екен,
Алыптың жалғыз қызы екен.
Сүйгеніне берем дер
Әкесінің сертті сөзі екен.
Екі жылдан бері қарай
Ғашық болып бір саған,
Қайғы басып жүр екен.
Арманым жоқ, Құдая,
Қосылсам саған дер екен.
Қасарма деген ағасы
Он сегіз жасар жас бала
Халықтан асқан ер екен.
Қасарманың Қаратау
Атағына арнаған.
Жаннан қауіп қылмаған
Барсала ханның баласы.
Заманында Алыптың
Шендескен жаны тарыққан,
Даңқы озып халықтан,
Жеті хандық байтақ ел—
Қалмақ, дию аралас
Көптігінен болған мас.
Жау көрмеген қашаннан,
Қаратаудай қорғаны
Ешкім онан асалмас.
Қырымнан шыққан саңылақ
Барған екен сол маңға,
Асалмай таудан тарыққан.
Билігі асқан хан Мыса—
Өз нағашың кешегі,
Орақ пен Мамай әкесі,
Сол Мыса екен тескен су тауы.
Қасындағы жолдасы—
Айса менен Жаңбыршы,
Ақшаның ұлы Зарлық бар,
Дұшпанға салған тарықты.
Жолдастарыменен Бөкен бар
Қырым деген халықтан.
Қайсысын айтып тауысам,
Мен батырмын деген бар.
Қайтқан екен бөгеліп,
Алынбасын жүрегің.
Қабыл болар иншалла
Бұл сапарда тілегің.
Қанды Орақ пенен Ахмет
Барған екен ер ағасы,
Бұлар да қайтқан өте алмай,
Мақсатына жете алмай.
Орақтан туған қос батыр—
Қарасай-Қази ер еді,
Бұл сенмен қаттар үзеді.
Өткен жылдың ішінде
Таудан әрі өте алмай
Бөгеліп қайтты деп еді.
Таудан төте жол салып
Тас құлатқан ер Ғазы
Асамын деп көлденең,
Жер ортаға барғанда
Қараүлектей анасы,
Шайқы Бұрқыт бабасы
Баруға ерік бермеген.
Ат артып, тон тозып
Тарығып қайтты деп еді.
Аттанам деп сол жерге
Қарасай-Қази қос берен
Қамданып жүрген кез еді.
Әзелде жазған ырыздық
Айдаған жерден Тәңірім
Қайда да болса тереді.
Жасқанба, батыр, сөзінен
Бәленше бәлен дегенменен,
Тәуекел етсең кім артық,
Ойланып қарашы өзіңнен.
Кессең, тақсыр, міне, бас,
Асалмай зарлап отырмын.
Илияға берген уағдам—
Түндегі айтқан сөзімнен.
Осыны айтып тоқтады,
Қобылан басын шайқап қалды тоқтап,
Көрсетіп демін ішке енді сақтап.
Құртқаның батырдың ойланғанын біліп, қайрат беріп айтқаны:
—Көңілім дария, сөз бұлақ,
Естігесін хабарын.
Жасыдың ба, жан шырақ,
Болған істі көп ойлап.
Уайымнан пайда жоқ,
Тәуекел етсең болмай ма.
Жас кезіңнен бері қарай
Кездесіп жүрсің талайға.
Жалғызбын деп жасқанып,
Сәуін етсең күлмей ме.
Қазақ пенен ноғайға
Оңына Алла кетірсе,
Ұзақ келер оңайға.
Батыр ма екен деуші едім,
Жасқанғаның нең деді.
Болат ба екен деуші едім,
Суаруы табылған
Жасық болған нең деді.
Ойлаған жерден шығар деп,
Есітсе соған құмар деп,
Егескен жауын алар деп,
Сынасып жауын саспас деп,
Екі аяқты, бір басты
Баласынан адамның
Нағып кейін қалар деп.
Ойлаушы едім, батырым,
Жасып мұнша жасқанып,
Тоқталып қалған нең деді.
Бірі басшы, бірі қосшы,
Қасына жолдас еретін
Бұл маңайдан табылар,
Біраз жатқан ел деді.
Аға мен іні туған жоқ
Өзіңнен бөтен сенетін.
Тәуекел ет Аллаға,
Ажал жетсе ер жігіт,
Қайда да болса өлетін.
Жасыма, мырзам, жасқанып,
Қалдың неге тоқталып?!
Алла сапар оңғарса,
Келерсің аман атқарып.
Әрдайымда жүргенде
Жаңылма, жаным, жадыңа ал
Көкшауыл Бүркіт бабаңды.
Жаңылдырып кетпесін,
Мен сілтеймін, жан төрем,
Қиындық болмас жерлерді,
Жамандықты көрінген.
Жасырып қалман өзіңнен,
Жасқанба, батыр, бас көтер.
Жәрдемді жігіт жолдасты
Ертемін тауып ізіңнен,
Барамын деген сөзіңді айт.
Өтірікші болмайын
Илия сұлу мұңдыға.
Зарығып жүрген ғаріп жас,
Бір сен үшін тарығып,
Көзінен аққан қанды жас.
Барғың келіп тұрса да,
Өтінсін Құртқа дедің бе?!
Орынсыз жерге оқ атып,
Құртқа жөнсіз жалынбас.
Құдай берсе бір нәрсе,
Көремін деп ойлаймын,
Тілегі қабыл болса жас.
Ойланып, батыр, айтсайшы,
Құдай бір де, Құран шын,
Айтқанымның бәрі рас.
Бұл жалғанның жүзінде
Тани алмай қалмасам,
Илиядай жан болмас.
Зарландырмай тұрсайшы,
Ертеңді күнді кеш қылмай.
Зарланып жүрген байғұстың
Еңбегі күйер еш болып.
Ойна да, батыр, жата бер
Қамдатайын керегін.
Үміт еткен жеріме
Тездетіп хабар беремін.
Тұлпардан туған торыны
Бақтырайын баптатып.
Найзаны болат өзгертсем,
Шеберлерге саптатып.
Батырың төзе алмады, тұрды сонда:
—Әй Құртқа, ақыл айтың арбап маған,
Тілеймін әрдайымда бір Алладан.
Өтініп бір адамнан сәуеліңде,
Салмақты салғаның ба енді маған,
Қырық жігіт қасыма ерген тек саны бар—
Бірі жоқ қол беретін сасса маған.
Тәуекел не де болса еттім деді,
Қосатын адамыңды айтшы маған деді.
Күледі сонда Құртқа езу тартып:
—Бола ма иә болмай ма кім біліпті.
Болмайды ол сырымды ілгері айтып,
Досыңыз—ақыреттік белгілі адам
Қас ойлап жамандығы болмас саған.
Жалғызым, сен қойсаң енді өзіме
Келгенде көрсетермін сонда саған.
Болат деп Ер Қобылан тұрып кетті,
Бұл жолдың керектерін міндет етті.
Барам деп кемпір-шалға сәлем бере
Баруға орда жаққа жүріп кетті.
Ақзарбап Қыдырбаймен қарсы алады,
Жалғызын көріп көзі сағынғаннан
Екеуі ортаға алып сөз сұрады:
—Қарағым, күнде-күнде келмейсің деп,
Біздерде сенен бөтен не ермек бар,
Жағдайын ата-анаңның білмейсін деп.
Жалғызым, жанын кезген болдың адам,
Қорқамын кездеседі қандай заман,
Құдайдан тілейтұғын тілегім жоқ,
Сен жүрсең көз алдымда болды аман.