Қобыланды батыр (29-бөлім)
Қобыланды · С. Ділманов нұсқасы · 3 мин оқу
Сайеке, енді өзің біл қайтем десең,
Ат басын мен тарталман бұл жорықтан.
Шамданып ер Қобылан кетті тұрып,
Сөйледі қырық жігітке мойнын бұрып.
Құдай бір не де болса жазды өзі,
Жабысса жауды көрмей ердің көзі.
Құтылмас қашқанменен бұл адамзат,
Құрылған ажал бейнет болса тезі.
Сендерді зорламаймын соңыма ер деп,
Пәлеге мұндай тұрман қарсы жүр деп.
Тәуекел не де болса етем өзім,
Қырық күндік азық берің тез даярлап,
Жүремін енді ілгері мен аяңдап.
Айтты да осы сөзді батыр өзі,
Басына бір төбенің кетті шығып,
Қарады төңірекке шығып өзі.
Кеткен соң ер Қобылан, ер кеңесті
Адамның айтқан тілін бұл алмайды,
Маңдайын бағыттаса бұра алмайды,
Отырды қайран қалып Сайым өзі.
Жасқанып қырық жігіттің отырғанын
Сөйледі сонда Сайым көріп көзі:
—Жасыма, ей, жігіттер, құр тоқталып,
Жолдастық міндетімді атқаралық,
Адамға ажал біреу әзалдағы,
Бір шығып елмен жұрттан қорқып қайтсақ,
Дұшпанға сонда таба болам-дағы.
Қайтпаған бастан бағы жаңа талап,
Қобылан қайтпас мұнан кетті құлап.
Жігіттер, өздерің біл не қылсаң да,
Бір барам Қобыланмен не болсам да
Құдайдан бір жаратқан жәрдем сұрап.
Қобылан сырттан үйге келді кіріп,
Ер жүзін тітіркеді бұлар көріп.
Алмамбет әңгіме айтты тағы отырып,
Батырдың келген кейіп көңілін бөліп.
Шырағым, өздерің біл ендігісін,
Сендермен тілек бірге жоқ-ты күшім.
Шойынкөт келіп қалар, сақ болыңдар,
Қарауыл берік болсын қойған кісің.
Шойынкөт қалай болар келсе өзі,
Көрерміз сонан кейін бір сөйлесіп.
Бірыңғай бұл залымның болсын өзі—
Залымға қылыш өтпейді тәні қатты,
Тәуекел етің, батыр, не де болса,
Жеті жыл осы тауда күтіп жатты.
Қолында тоқсан батпан шоқпары бар,
Құлатат қарын төксе тау мен тасты.
Күтініп ерлер жатты қарауылдап,
Бір күнде соқты дауыл күн дауылдап.
Борады тас бұршақтай домаланып,
Суылдап тауда терек соғып жерге
Шыдамай аттар тұрды екпініне,
Не болды деп, бір састы бұлар өзі.
Ұйқыда жатыр Сайым, Қобыландар,
Әншейін күн дауылы деп бір ойлап.
Айдаған қырық ешкісін шал да жетті,
Жолына Қобыланның салған епті.
Оятып Ерсайымды:—Тұр шапшаң,—деп,
Көзінің әлгі шал жасын төкті.
Жатпаңдар, тұрың, балам, шапшаң киін,
Жау келет, ыждиғаттап енді жиын.
Дәу келді жақын жерге ел жақындап,
Хабар бер Қобыландай батыр ерге.
Көрмен деп кетіп едім қатты ренжіп,
Қыдырбай еңбегінен келдім қорқып.
Жан жолдас бабасы едім жастан ерген,
Ол шіркін мені дұшпан айтсам көрген.
Танымай қалған шығар өзгергесін,
Көрмеген жау жерінде кез келген соң.
Хабар бер тезден барып алар атын,
Алдынан шықсын жаудың келе жатыр.
Құдайға жалбарынып көрің, балдар,
Дәм шығар иә бейнетпен осы ажал,
Өлемін деп ойламаңдар мұны есіңе ал.
Айтты да ғайып болды көздерінен,
Жаңағы келіп тұрған бұл ғаріп шал.
Сайым орнынан тұрып жігіттерді тездетіп аттарын алдырып, Қобыландыны оятты. Батыр, жау жақындап қалды, тұр басыңды көтер. Қобылан орнынан түре келіп, тездеп жау құралын киіне бастады. Сайым:—Мен барайын сен жайлап келе жатарсың,—деп, атына мінді. Қобылан: «Тоқтай тұр, сенің жауың қандай жау, маған түсіндірші»,—деді. Сайым тұрып: «Тау бақташы—Дәу,—деді.—Осы дауыл соның дауылы келе жатқан екпіні,—деді.—Жақындап қалған бұлар». Қобылан: «Олай болса, аттарыңнан түсіңдер, мен көріп жау десем, бір-ақ адам ба, олай болса, мен өзім-ақ барам»,—деп Қобылан торы атты дұрыстап өз қолынан ерттеді.