Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр (31-бөлім)

Қобыланды · С. Ділманов нұсқасы · 2 мин оқу

Шойынкөт:

—Қой, Қобылан емессің
Ат қосшы сен шығар
Хабарын біліп кел деген,
Кім екенін көр деген.
Қобыланды батырды
Қосыңа бар да тез жібер,
Обалыңа қалмайын,
Жаның олжа өзіңе.

Қобылан:

—Нанбасаң, шіркін, сөзіме,
Қобылан екей келмейді
Жан екен деп өзіңе.
Мені алсаң, келеді Қобылан.
Әр не келсе қылып көр
Енді маған қолыңнан.
Нанбасаң саған не дейін,
Ат басындай құланың,
Жұдырықтай алтыннан
Таразысын тартқанда
Бола ма ауыр салмағы.
Мен—Қобылан, шын нансаң,
Ілінген жерден жарылғай,
Болаттан соққан қарқарың,
Қобылан болса қормадың.
Жолдан қалу жөні жоқ,
Өнерің болса шығарың,
Тарқар сонда құмарың.

Шойынкөт:

—Қобылан деген даңқың зор,
Арқадағы қалмақтың
Қысқа күнде қырық шапқан,
Дабысың ауыр, даңқың зор.
Көзім көріп нанғаным,
Не Қобылан шын болсаң.
Ол елден адам тумадың,
Тек өзің деп нанбаймын.
Шойын менен қара тас,
Есігімді бұзғаның.
Бұзғанда өзім болмауым,
Көңілдегі арманым.
Мен болғанда сен иттің,
Көрер ем тауды бұзғаның.
Мен қола көкірек Шойынкөт,
Оңайын десең жолап өт.
Тоқсан екі қоңырау,
Бір бойыма тағынған.
Жеті хандық бұл халық
Бір өзіме бағынған.
Жасқанбай сөйлеп тұрасың,
Неткен жансың қағынған.
Тәуекел етсең төз деді,
Бір ұрғаннан қалмайсың.
Обалыңа қалармын,
Астыңдағы торы атты,
Түрі бөлек мал екен,
Жаныңа олжа бер деді.

Шойынкөт сонда сөйледі:
—Өз обалың өзіңе,
Әуелгі кезек менікі,
Соңғы кезек сенікі,
Кезегімді бер,—деді.
Ұрамын, батыр, берік бол,
Қабыл еттім деп жүрме,
Қалқаныңды ки,—деді.
Ер Құдайға сиынды,
Қалқанын киіп басына
Пірлерінен сұрады,
Қарсыма-қарсы тұрады.
Атаңәлет дінсіз ит
Тоқсан батпан шоқпармен
Ақырып келіп ұрады.
Тоғыз қабат қалқаны
Бет-бетіне тарады.
Ұруына шыдамай
Қалқан сынып дал болды.
Айналасы болды шоқ,
Сонда да батыр шыдады.
Екі қары салдырап,
Дүмпуімен шоқпардың
Аздап есін танады,
Күнді мұнар шалады.
Жерді тұман алып тұр,
Пірлер беріп медетті,
Шойынкөт естен танып тұр.
Талықсыған баланы
Дәудің көзі көрер деп,
Пірлер келіп бағып тұр.
Етпетінен толқыса,
Екпін торы ат сүйейді.
Шалқасымен құласа,
Шынтағымен тірейді.
Көлденеңге толқыса,
Қанатымен қағады
Адамнан есті жануар
Толарсақтан жерге еніп.
Ерді сонша бағады
Көк шаулы Бүркіт бабасы
«Балам, аш,—деп,—көзіңді»,
Қанатпен қағып қарады.
Есін жинап ер алып,
Амандыққа қуанып,
Дәуге қарсы барады.
Тұман кетті ашылып,
Мұнар кетті басылып.
Ердің көріп аманын,
Кейінде тұрған Ерсайым
Алмамбетпен Қаншадан
Сүйінші барып сұрады.
Шойынкөттің алдына
Қобылан қарсы барып тұр,
Ер аманын көрген соң,
Залым есін танып тұр.
Шоқпары кеткен үзіліп,
Сабы қалған қолында
Сағасынан бөлініп.
Шошыды сонда Шойынкөт
Ұрғанынан қалқанға,
Мұндай күшті жоқ шығар
Мына пәни жалғанда.
Осыдан аман-сау қалсам,
Болмас едім арманда,
Ұрымдағы он ұста,
Қырымдағы қырық ұста
Аман барсам, қырармын,
Бастарыңды алармын.
Сағасын шикі пісіріп,
Тарқатпадым құмарым.
Осыны айтып Шойынкөт,
—Жарадың, батыр, ер,—деді.
Кезегіңді ала бер,
Қатын емен мен,—деді.

Тағы оқыңыз