Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр (5-бөлім)

Қобыланды · Мергенбай нұсқасы · 3 мин оқу

Әлқисса, Қараман батыр Қазанды алуға бара жатқандығын айтқан жері:

—Мен—Сейілдің ұлы Қараман,
Қазанға кетіп барамын,
Жүрмеймісің, құрдасым,
Қолға бастық қыламын.
Замандасым, мұңдасым,
Заманың бірге сырласым,
Жылы бірге жылдасым,
Жасы бірге құрдасым,
Қазанның салған шәріне
Сапар тартып, жол шектім,
Жүрмеймісің, жолбарысым?
Қобыланды сынды-ай батырым,
Жасыңнан артық ақылың.
Жұлдызың туған жоғары
Білемін, Қобылан, данасың!
Дұға тиген ер едің,
Кезіңе келген дұшпанның,
Білемін, Қобылан, оңбасын!
Қазан деген кәпірге
Сапар қылып, жол шектім,
Жүрмейсің бе, құрдасым,
Осы қылған сапарға
Кетемін ертіп сені деп,
Әдейі келдім, жолбарысым!

Сонда Қобыланды сөйлейді,
Әзіл айтып іледі,
Езу тартып күледі:
—Мінетін атым қолында,
Барар-бармас жолымды,
Хабар салып алайын,
Үйдегі Құртқам біледі,
Жан серік атым қолында.
Алты жыл болды баққалы,
Түндікпенен күн беріп,
Түтікпенен су беріп.
Бағымды бастан алмасын,
Алды-артымды шалмасын,
Қияметтік жолдасым,
Үйдегі Құртқам біледі—
Менің де барар-бармасым.

Бұл сөзді айтып Қобылан
Шатырға қайтып келеді,
Келіп сөйлей береді:
—Мынау келген көп қосын
Сейілдің ұлы Қараман
Қазанға қылған жол,—дейді.
Алып келгін Бурылды,
«Жүр» деп отыр бұл,—дейді,
Барамын бірге мен,—дейді.
Мұны естіп Естеміс
Сұрағалы Құртқадан,
Сол арада жөнеді
Құртқадан хабар алмаққа.

Базарда бар ақ мата,
Ойнақтайды жас бота,
Бұл сөзімде жоқ қата.
Қобыландының жанынан
Естеміс шыққан ел жата.
Тоқтарбайдың жанында
Құртқаның тіккен отауға
Естеміс келді таң ата.
Таң сарғайып атқанда,
Шолпаның жұлдыз батқанда,
Ақ отаудың ішінде
Құртқажан ұйықтап жатқанда,
Естеміс келіп сөз қатты,
Күн шыққан жоқ таң атты,
Дауыстап тыстан сөйледі:
—Үйдемісің, Қыз Құртқа,
Түздемісің, Қыз Құртқа,
Әйел болдың амал жоқ,
Егер де еркек болғанда,
Болар ең жұртқа бір тұтқа.
Мінген атым қызыл-ды,
Іс тағдырға сызылды,
Жол қылмаққа дұшманға
Батырдың көңілі бұзылды.
Мінуге керек қазанат,
Беліне керек шарболат,
Денеге керек жалаңқат,
Жаппарға жан аманат.
Жалғыз емес Қобыланды
Қияттан шықты қолқанат.
Батырдың мініп шабуға,
Асыл туған, Құртқажан,
Жарамай ма, жарай ма,
Алты жыл баққан Бурыл ат?
Сонда сұлу қыз Құртқа
Қылаң етіп, қылт етіп,
Сылаң етіп, сылт етіп,
Төбеде шоғы бұлт етіп,
Алтынды тоны жылт етіп,
Саулы інгендей ыңқылдап,
Күшігендей сұңқылдап,
Сөйлеген сөзі сымпылдап,
Сүмбіледей жылтылдап,
Буыны түсіп былқылдап,
Алтын қалпақ дулыға,
Шекесінде жарқылдап.
Мақпал төсек мамықтан,
Алтын иек, ақ тамақ,
Көтеріп басын сөйледі
Естеміс құлға былқылдап:
Екі саулық, бір қозы—
Берер едім қырқарға,
Дүние кеңде адамзат
Жан тояр ма іңкәрға.
Жұмсады ма сіздерді
Үйдегі Бурыл тұлпарға?
Дұғай сәлем дегейсің,
Тұлпарына жұмсаған,
Жұрт иесі сұңқарға.
Және де сәлем дегейсің,
Қарамандай құрдасқа,
Заманы бірге сырласқа,
Жылы бірге жылдасқа,
Жауы бірге мұңдасқа.
Атының күні толмай тұр,
Зор салмасын жолбарысқа.
Мінемін көшке көк қасқа,
Саламын қамшы жанбасқа,
Бөрі де қастық қылмайды
Жанындағы жолдасқа!
Мереке менен той басқа,
Ешкі менен қой басқа,
Шайтан менен жын басқа,
Бәйбіше менен күң басқа,
Туған ұл мен құл басқа,
Жұмсады ма сіздерді
Біздей нашар жолдасқа?!
Жолдасына жұмсаған
Бас құрмандық дегейсің,
Қараспан тауын жайлаған
Халық иесі жолбарысқа!
Әуелі Құдай алмасын,
Алды-артымды шалмасын,
Тілімді алса сұлтаным,
Бұл сапарға бармасын,
Бұл олжадан алмасын.
Көп жылады дегейсің
Үйдегі нашар жолдасың!
Асқар тауда белдік бар,
Жасағанда кеңдік бар,
Азда қанша теңдік бар,
Құрдаста қанша елдік бар?
Сұлтаныма сәлем де,
Тілімді алса бармасын,
Біз байлаған Бурылда
Қырық үш күндік кемдік бар.

Қобыланды

Барлығы: 307 жыр

Тағы оқыңыз