Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр (37-бөлім)

Қобыланды · С. Ділманов нұсқасы · 3 мин оқу

Қасарма қайран қалды бұл сөзіне,
Қызбенен бітім қылмас жоқ түріне.
Мақұсты бізді құртып жеңбек екен,
Мұнымен жөн сөйлесіп болмас өзі.
Ойланып жан-жағына тұрды қарап,
Батырдың аты менен өзін сынап.
Оқ тартып қару менен ұрыс қылсам,
Қалар деп Илияжан тағы жылап.
Ойланып ер Қасарма тағы да айтты:
—Қобылан, көнемісің мына сөзге,
Кемің жоқ сипат тұлға нұр түсінде
Себеппен сені айдаған қарындасым,
Құлады саған тағы ықыласым.
Қарусыз күресейік кел екеуміз,
Қарудан жазым болсақ қапа қылар,
Күні жетсе кім аяйды ерді құмар.
Жығылып-жығысқанды серт қылайық,
Сеніменен достасуға болдым құмар.
Ойымнан тас та болса түспеуші еді,
Әркімде өз көңіліндей ойлағанда
Өзіңнен адам артық демеуші еді.
Илия қарындасым сыр жасырмай
Мен ғашық Қобыланға болдым, аға,
Қоссайшы екеумізді сен деуші еді,
Құсамен қайғыланып күнде жылап.
Жалғыздың көңілін қимай жылаған соң
Шақырам осы күзге мен деуші едім.
Көңілімнен Илияның кетпейді сөзі,
Ғашықтық қайғы түскен байғұсқа өзі.
Илияның жалғыз ауыз сөзі үшін
Айтамын шын көңілімнен батыр өзі.
Жасқанып тау шағылмай бітім қылмайт,
Алыпты жалғыз ағам тентек өзі.
Қобылан, мақұл десең достық сөзім,
Өлімге қимай тұрмын сені өзім.
Сырыма шын айтқанда нанбасаңыз,
Не дейін бұдан артық саған өзім.

Қобылан мақұл көрді айтқан сөзін,
Қимай тұр Қасарманы бұ да өзі.
Атынан жерге түсіп екі батыр
Күреске ыңғайланды енді өздері.
Сайым да жақындап тұр бұл қасында
Екеуі салды күрес қыр басында.
Көтеріп бірін-бірі алып жерден
Буратты топырақты оң мен солға.
Сан шұқыр болып кетті жүрген жері,
Таң қалды көрген жанның мұның өзі.
Алып та тұрды көзін жеті салып,
Шақ келген Қасармаға қандай жан деп,
Қайғырат қайтеді деп есін танып.
Бір-бірін лақтырат аямастан,
От шығат тиіп кетсе қара тастан.
Сол күні күніменен күресті ерлер,
Тынбастан түніменен жүрді тағы.
Шаршайтын адам емес бұлар тіпті,
Дүбірі бір күншілік жерге жетті.
Күн шықты көтеріліп ұясынан
Ерсайым тілеп тұрды бір Құдайдан,
Кәпірдің сүріндірме баласынан.
Талқан болат екі батыр жүрген жері,
Демім қалмат көк сауыттың жағасынан.
Тілейді жәрдем батыр енді ішінен
Жәрдемгер дем сүйеуші бабасынан.
Торлады көкше бұлт тағы келіп,
Бабасы Шайқы Бүркіт жуық келіп,
Ерсайым бұлтты көріп көңілі толды.
Батырға сонда ақырды жуық келіп:
Ей батыр, не қылғаның мұнша жүріп,
Төзе алмай келдім жақын бойым еріп.
Қобылан күлді сонда саспа, Сайым,
Абырой берсін өзі бір Құдайым.
Шамданып сүйек қызар қамшыменен
Бір ұршы жауырыныма енді Сайым.
Шақырып ұрандады батыр сонда,
Күші бар Ерсайымның екі қолда.
Шылбырын алып жиырып, қамшыны алып үйіріп,
Арқаға салып қалды қимылдатып.
Жиынып ердің қолы қатты енді,
Жай ұрса да батырдың арқасына батты енді.
Күшін жинап, қолын көтеріп жерден алды,
Айналдырып қаңбақтай былғап жерге ұрады,
Суырып алды қылышты шабайын деп.
Қасарма сонда күледі,
Батырға тіктеп қарады
Жарайсың, достым, ер деді,
Уағдадан жаңылып
Жұмсаған қару нең деді.
Өлтірем десең өзің кел,
Айтысқан сөзден жаңылып
Кетің батыр сен деді.
Жығылды батыр сөзінен,
Орнынан тұрып шақырды.
Ерсайымның өзінде
Жеті батыр жалғаса
Бірге келді ізінде.
Қасарманы байлады,
Қосқа апарып тастады.
Жігіттер алып жөнеді,
Жіберме деп сүйегін
Әскерге алып бұйырды.
Қаптады әскер қалың қол
Шапшаңдап мініп атына
Қобыланды алады.
Сайымменен екеуі
Тізе қосып ұрысты.
Араға түсіп кернеді,
Жігіттерге жібермей
Батырлар қылыш сермеді.
Қайырды жауды ақырып,
Қойға тиген бөрідей,
Қуды кейін жапырып.
Екеуінің дауысы
Жерді жарып барады,
Аямай ұрыс салады.
Ерлердің көріп қызығын
Әлімбет қатты тарықты.
Қасарма батып жанына
Көздің жасын тия алмай
Қалмаңыз енді бірің деп.
Осы жерге екеуін
Тірідей байлап келді деп.
Жұмсады батыр палуан
Түңілгендей іс болды,
Көрген адам жанынан.
Қобылан салды ұрысты
Бет алдына шыдамай,
Жау табаны жылысты.
Суырып алды алмасын,
Жат етіп батыр Алласын.
Әшейінде бүктелген,
Шын тұлпарға жүктелген.
Сермегенде қырық құлаш,
Кескен жері жым-жалас.
Сермемесе бір құлаш
Шойынкөттің көргенін
Өтірік емес қылды рас.
Қамаладан қалыңды
Қақ барып батыр шабады.
Алып тұрып жиектен
Мұнарадан қарады.
Ердің көріп ұрысын
Іші оттай жанады.
Халыққа салды зарлықты
Қасында тұрған Алып хан.

Тағы оқыңыз