Қобыланды батыр (41-бөлім)
Қобыланды · С. Ділманов нұсқасы · 2 мин оқу
Амандасып ерменен
Қобыланның жатқанын:
—Ер Қобылан қайда?—деп
Сайымнан сонда сұрады.
Сайым сонда айтады:
—Әне жатыр батыр,—деп,
Аз кісіге көп шығын
Сегіз батыр жоқ болды.
Уайымдап соларды,
Келген соң естіп жатыр,—деп.
Сайымменен екеуі
Қасына ердің барады.
Сонда сөйлет Қасарма:
—Ажалды жан қайда өлмейт
Тірі жүрсе жалғанда
Ердің басы не көрмейт.
Өткен іске өкініп,
Батыр, мұнша қайғырма!
Басыңды көтер сен,—деді,
Ел-жұртымды қыдырып,
Байлаулы жаттым жеті күн
Ажалым менің жоқ шығар.
Құдай қосса досым деп
Ерлігіңе сенгенім.
Ұрысқалы жеті күн
Бүгін қайтып келгенің.
Мен де өзіңдей ер едім
Екі аяқты бір басты
Жанға болман дер едім.
Бағым тайып басымнан,
Халқымның кетіп қасынан,
Қол-аяғым байланып,
Шұқырға түсіп қалғаным.
Көтермейтін жан бар ма
Рас болса Қобылан
Алланың басқа салғанын.
Байланып мұнда келген соң
Молдадан нысан үйрендім.
Ақтың жолын анықтап,
Құдай бір де, Құран шын,
Білдім кәмал мен танып,
Мұхаммедтің дініне
Ықылас қойдым шын нанып.
Достық қайда көңілің,
Көрісейік Қобылан
Енді екеуміз қолды алып.
Қобылан:
Көтеріп басын алады,
Құшақтасып көрісіп
Амандасып тұрады.
—Ақыреттік доспын,—деп
Қатемді өт,—деп сұрады.
Аз ғана күн жәбірге
Кездестірдім, Қасарма,
Көңіліңде қалып жүрмесін
Күнәмді кеш деп өтінем.
Әл шықпай шаршадым,
Ойға алған ісімнің
Шығармын қашан шетіне.
Айналдырған қырық кісі
Сегізі өліп қалған соң
Аз жара болмай өзіме
Жатыр едім қайғыланып.
Елге аман барайын
Күн болса ертең не дермін,
Атасы мен анасы
Алдымнан шығып жыласа.
Жасымнан жауға шыққан
Жаралы болған жоқ едім
Жаудан қалып жолдасым.
Қаса жаман қорғайды
Қысылған жерде өз басын.
Қалғаны аман болса да
Шүкір етем Аллаға.
Айтқан сөзің дұп-дұрыс
Құтылмайт пенде жазғаннан.
Күнәмді кешсең мен риза.
Шұқырға түсіп қалғанға
Достым дедім Қасарма.
Екі болмас сөзімнен
Не десең де ерермін
Осы сапар ізіңнен.
Жеті күн мәулет сұрады
Алып ағаң өзіңнен.
Мәулетін беріп қайырдым
Дос пенен қастың арасын.
Батыр, айтқан сөзіңнен
Ықыласың танылды,
Айрылды сөзіңнен.
Қасарма батыр кеңесіп,
Қобылан, Сайым үшеуі
Жатты ерлер тынығып.
Ертеңгі күн барады,
Жеті жігіт бөлініп
Сегізін өлген табады.
Арулады ақ жуып
Бұйырған жері осы деп,
Намазын оқып қояды.
Аттарын ердің баптады,
Мұқалған қару найзасын.
Күдігін құрып ер Әбжан
Кеміс жерін таптады.
Батырлар дем алып, жеті күн сол арада жатты. Қасарма батырдан түрлі жағдайдың барын түсініп, көңілдерін көтеріп, ойнап-күліп жата берсін.
Хан Алып та арланып тағы шықты
Жиынып бар қаруын алды бойға.
Тағы да майдан асты жекпе-жектеп,
Майданға өзі кірді жеке келіп.
Қобылан:
Батыр да әзірленді мұны көріп,
Жігіттер қарауылда хабар беріп.
Тобылғы жеңді торы атты
Алла деп ерін салады.
Бес қаруын байланып,
Алыпқа кетіп барады.
Тапсырдым деп Құдайға
Батыр Сайым қалады.
Майданда тұрған Алыптың
Қасына барып Қобылан.
Барса Алып тұр екен
Найзасын жерге таянып.
Күйінгеннен төзе алмай
Көзі жасқа боялып.
—Қаңғырып келіп, қазағым,
Ел бүлдірген нең,—деді.
Елемей қалып әуелде
Қапы қалдым мен,—деді.
Қасарман, нағылдың
Айтшы соны сен,—деді.