Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр (6-бөлім)

Қобыланды · Мергенбай нұсқасы · 2 мин оқу

Мұны естіп Естеміс
Кейін шауып жөнелді,
Жауабына кенелді,
Айтқанының бәрін де
Қобыландыдай батырға
Бұлжытпай айтып келеді.
Мынау сөзді есітіп,
Қобыланды барды құрдасқа,
Жүремін деген жолдасқа
Сонда тұрып сөйледі:
Әуелеп ұшқан қалбаймын,
Жаманның тілін алмаймын,
Хақ бұйырған сапардан
Жан құрдасым, қалмаймын,
Асыл достым, сөкпеңіз,
Бұл сапарға бармаймын,
Бұл олжадан алмаймын,
Саған да сәлем көп айтқан,
Құрдасым көңілің қалмасын,
Өтініш қылып зарлаймын.
Асқар төбе бел деген,
Ақ бармақпен жемдеген,
Ауырса желмен емдеген,
Өзінен басқа мінбеген,
Өзінен басқа білмеген,
Бағып тұрған баласын,
Күтіп тұрған анасы,
Өзі әйелдің данасы,
Тұлпар туған Бурылдың
Қырық үш күні кем деген.

Қараман сонда сөйлейді:
Бұл барғаннан барсақ біз,
Қазандағы сұлудың
Қалың тобын жарсақ біз,
Құйын да перен салсақ біз.
Біз Қазанды өлтіріп,
Қаласын бұзып алсақ біз,
Еркек болып не етеміз,
Әр талапқа шығарда
Қатынға ақыл салсақ біз,
Қатынның тілін алсақ біз.
Есіктің алды ебене,
Ерлер киер кебене,
Кеткен кісі келе ме,
Алғанын тәңірім бере ме?
Әр тарапқа шығарда
Қатынға ақыл салған соң,
Асыл туған Қобыланды
Қатынның тілін алған соң,
Неше батыр болса да,
Басында билік жоқ адам,
Арыстаным Қобыланды,
Қатын емей немене?!
Қараман бұл сөзді айтқансын,
Қобыландыдай батырдың
Тері тамып иектен,
Түгі шығып білектен,
Оқ тиді ғой жүректен.
Үш ай тоқсан болғанда,
Құтылар қошқар күйектен.
Ордалы құлан ойнаса,
Малақай болар үйектен.
Неше бір құрдас айтса да,
Қараманның бұл сөзі
Өтіп бір кетті сүйектен.
Сөз сүйектен өткен соң
Тобышақ атқа ер салды,
Ақ алмасқа қол салды.
Қамшы салды сауырға,
Екпіні ұқсап дауылға.
Тобылғы меңді торы атпен
Қобыланды шапты ауылға.
Қатуланып қаттанып,
Буырқанып, бұрсанып,
Мұздай темір құрсанып,
Қабағынан қар жауып,
Кірпігіне мұз тоңып.
Әр жақ пенен бер жаққа,
Найзасын ұштап бармаққа,
Аттанбаққа қалмаққа.
Құдай жолы шалмаққа.
Батыр кейіп келеді,
Еш жазығы жоқ еді,
Бұлаңдаған Құртқаның
Сөзге сынық қылдың деп,
Егер шықса алдынан,
Басын кесіп алмаққа.
Дарбазалы есікті,
Пайғамбар Құда несіпті.
Үйде отырған қыз Құртқа
Дүбірін аттың есітті.
Екпіні қатты кім болсын,
Сұлтаным дағы десіпті.
Түре келіп бұлаңдап,
Ашып көрді есікті.
Тастай беріп есікті,
Көргеннен соң қамықты.
Құс төсекті мамық-ты,
Кім төсейді анықты.
Көтере алмас кедейлер
Жылына салған салықты.
Шыдай алмай қыз Құртқа
Және де ашты жабыпты,
Жабықтан көзін салыпты,
Салса ерді таныпты,
Таныса ерді жазықты.
Түсі суық көрінді
Ерге болған секілді
Бір сөзбенен жазықты.
Құртқадайын сұлуың
Төмен қарап жер шұқып,
Өксіп жылап қамықты.
Енді Құртқа сасады,
Бетінен қаны қашады,
Оң етегін басады,
Сасқан емей немене,
Аш күзендей бүгілді,
Құртқа жаннан түңілді,
Төрге қарай жүгірді.
Шыдай алмай Қыз Құртқа
Отыра алмай тағы да
Есікке қарай жүгірді.
Сасып жүріп жөн тауып,
Ақылменен ой тауып,
Түтікпенен су берген,
Түндікпенен күн көрген,
Ақырда тұрған Бурылды
Шығарып ептеп алады.
Мойнына арқан салады,
Шылбырынан жетелеп,
Бурыл атты қыз Құртқа
Қобыландының алдынан
Қобыландыдай бөрінің
Бұлаңдаңдаған сұлудың,
Алдынан кетіп барады.

Қобыланды

Барлығы: 307 жыр

Тағы оқыңыз