Қобыланды батыр (19-бөлім)
Қобыланды · С. Ділманов нұсқасы · 4 мин оқу
Қобылан жүретін күні әке-шешесінің қасына келіп көңілдерін көтеріп, алдарқатып отырды. Таң атты, деп Құртқа мен Қарлыға торша атты ерттеп, батырдың құрал-сайманын алып таң біліне Қыдырбайдың ордасының қасына келіп, «жүретін мезгіл болды» деп Құртқа батырға хабарлады. Қобылан орнынан тұрып, ата-анасына жүрем деп бата сұрады. Сондағы Қыдырбайдың баласына берген батасы.
Сонда айтқаны:
—Батамды, балам, берейін,
Жасым жетіп келгенде
Сағынып көрген, жалғызым,
Жаратқан Хақтан аман-сау
Келуіңді тілеймін.
Өзің жалғыз, өзің жас
Алысқа кетіп барасың,
Әлде қандай боласың,
Баламның Алла бағын аш.
Тілектес еді сыртыңнан
Дін мұсылман қарындас.
Құдайдан тілеп алған соң
Елеулі сұлтан ер қылып,
Білегі жуан ер қылып,
Бергесін Алла тілегім
Бар ма деуім жарамас.
Жазғаны Хақтың бар шығар
Зарығып жүрген мұңды үшін.
Қарағым, кетіп барасың,
Жолдас қылдың қасыңа
Бозмұнай ұлы Сайымды.
Теңіңді тауып ерткесін
Жамаймын тағы уайым.
Тірі жүрсең, жалғызым
Көрерсін күннің талайын.
Шайқы Бүркіт бабама
Қамқор едің балама,
Тәңірдің берген ен дәулет—
Адалдан жиған малыма
Садақаға арнадым.
Аман-сау келіп көргенше
Жол иесі Қамбар тапсырдым,
Жалғыздан бөтен кім бар
Зарланып Алла тілейін.
Көз жасымды көрер ме,
Артында қалып барамыз,
Кемпір мен шал, жас балдар.
Жасаған сен жар болып
Бұл мұңымды есіңе ал.
Ау, Ақзарбап, отырма,
Жалғызыңның аузына
Балдан тәтті тәттісін
Мамаңды бер ақ сүтің
Емсін балаң егіліп.
Босқа отырсың, сен шіркін,
Көзіңнің жасы төгіліп.
Білдірсе Құдай білермін
Аман келет жалғызым,
Шынарым тұр көрініп.
Мамасын берді анасы
Емді жатып қойнында
Жас баладай Қобылан.
Алпыс екі тамыры
Кемпірдің иіп сүт шықты,
Ер мейірімі қанады.
Бетінен сүйіп Ақзарбап:
—Жыламаймын, жалғызым,
Жолың болсын, бар,—деді.
Есіңнен шығып жүрмесін
Кемпір менен шал,—деді.
Өз қолынан батырды
Қыдырбай, Зарбап мінгізіп,
Қош айтысып қалады.
Шал-кемпірменен амандасып жүріп қарындасы Қарлығаш есінен шығып, амандаспай ұмытып жүре береді. Қарлығаш көкелеп соңынан жүгіреді. Қарлығаштың даусын естіп, батыр тұра қалады. Құртқа амандасып келерсің, келгесін бізге сендер соқтырмай алып барасың деп, келген бетінде ашумен бізге зәбір берер деп, Қарлыға мен Құртқа ілгері жүріп кетті. Батырға тапсырды: «Бізге өкпелетіп жүрме, кінәнің өзіңнен болғанын айтып бізге тапсырып кет»,—деді. Қарлығаштың көкесімен қоштасып айтқан толғауы:
—Көкежан, соқпай кеткенің,
Өкпем күйіп соңынан,
Жан көке, қуып жеткенім.
Жазығым бар ма өзіңе,
Жалғызыңа қайрылмай
Мұнша, көке, неткенің.
Мен жолыңа құрбан ылағың
Қарағым деген сөзіңді
Есіткен қашан құлағым.
Кетеді деп есітіп
Қалмады сабыр тұрағым.
Шырылдаған дауысым,
Көке, естіп кідірдің
Сенің-ақ жалғыз құлағың.
Екі бірдей залымның
Дұшпандығын көрдің бе,
Қарындасың қалды деп
Есіңе алмай ортаға
Неге алып барады.
Төбе шашын жұлармын,
Ренжіме, жан көке,
Қой көтіне салармын,
Зәбірімді Құртқадан
Тірі жүрсем алармын.
Жеке туған аға едің,
Тілекші көке мен едім.
Бір жанымды пида етіп
Тілегің тілеп жүр едім.
Құртқа білмес не бар ет
Сол себепті көрермін.
Сен келгенше, жан көке,
Қорлыққа неғып көнермін.
Осыны айтып жылады
Қобылан батыр егіліп.
Қарлығашты көтеріп
Алдына алып жылады.
—Қарағым, жалғыз бауырым,
Мен жоқ болсам сен қожа,
Елсіз деме ауылың.
Жеңгеңнен болған кінә жоқ,
Ата-анамның зарымен
Есімді танып барамын.
Зәбірлеме оларды
Өлтірсең де көнеді,
Айдауыңа жүреді.
Ашуыңды бас, жалғызым,
Көкең саған сенеді.
Еркелетіп өсірген
Өлгенде кетпес есіңнен
Бауырым, жалғыз сен едің.
Сенен бөтен кімім бар
Тапсырамын, шырағым,
Елің менен жұртыңды,
Осы айтқанды есіңе ал.
Қарлыға менен екеуің
Қатар жүрсең жан батпас.
Ал қара көк шын тұлпар—
Торша аттың інісі
Биыл шықты төрт жасқа,
Жер астында бағулы.
Жеңешең саған баптаған
Сол атыңды мініп ал.
Ел шетіне жау келсе,
Қарлығаменен бірге бар.
Жөнсіз жерге сілтемес
Жеңгеңнің Құртқа тілін ал,
Сақтаса Құдай келермін,
Қош, аман бол, қарағым,
Жылама көзің жасын тый.
Сансыз жатқан жылқыңды
Жетісінде арала.
Бала емессің, шырағым,
Бұл сөзімді шамала.
Күнде соғып тұрғайсың,
Атаң менен анаңа.
Жазуы болар Алланың
Айтқаны адал бола ма.
Сапар шығып жол тарттым
Барса келмес жеріне.
Айтып болдым, қарағым,
Мен сөзімді өзіңе.
Әуел Құдай тапсырдым
Екінші сенің өзіңе
Иесіз қалған ел-жұртты
Аздырып алма ізімнен.
Санаң болса, жаңылма
Осы айтқан сөзімнен.
Көкеңде жалғыз арман бар—
Табалмадым жалғанда
Өзіңмен қатар теңінді.
Өз қолымнан бермедім,
Қызығыңды көрмедім.
Ат терлігін кептірмей,
Алысқа қолды сермедім.
Бір тәуекел Аллаға,
Бұл емес жалғыз көргенім.
Қош есен бол, қарағым,
Мақұл болар жүргенім.
Қарлыға қайтар қазір-ақ,
Құртқа жүрер азырақ
Менімен бірге ілгері.