Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр (52-бөлім)

Қобыланды · С. Ділманов нұсқасы · 3 мин оқу

Шығын бар сегіз адам жолдасынан,
Бәле жоқ бәрі де аулақ ер басынан.
Қыдырбай сонда ақырды Досқараға,
Алдырттым сені арнап бұл араға.
Сенбейсің қанша айтсам да атамасам,
Алдайтын сені, жаным, мен бала ма.
Қораңа қой салайын бұған нансаң,
Көшерлік түйе берем бие қосып,
Төрт түлік малдан берем саған қосып.
Баламнан бүгін хабар анық келсе,
Айтқаның қате болмай көзім көрші.
Қыдырбай хақың жемес қара балаң,
Аузыңнан аман деген айналайын,
Жалғыздан аяп қалар не жаным бар,
Балыңды қарай берші мен қояйын.
Қарлығаш Қарлығамен қырда жүрген,
Күн-түні аттан түспеді қарауылдан.
Дұшпан көп қауіп етеді көзін сүзген,
Екеуі қарауылда жүруші еді,
Ауылға жетісінде келуші еді.
Есіне түсіп кетсе ер Қобылан,
Қысылып көзің жасын төгуші еді.
Басында Тұманшының тұрды бұлар,
Көз салып төңірекке сонда қарар.
Қарлыға жақындады Қарлығашқа:
—Барады көзім тартып жүрек лүпілдеп,
Қарағым, бұл не болар айтшы басқа.
Қарлығаш бұ да айтты:
—Болады бір қуаныш, әй Қарлыға,
Менің де шыдатпай тұр жүрек ойнап.
Қайтайық кел екеуміз ауыл жаққа,
Ұрысар атам көрсе біздер барсақ,
Кідіріп бізазырақ мұнда тұрсақ.
Мезгілсіз қайтып барсақ шошып кетер,
Тұрайық осы арада сабыр қылып.
Екеуі осыменен тұрды тоқтап,
Ақша бұлт бытыраңқы кетті қаптап.
Қарлығаш Қарлығаға:—Қара,—деді,
Көкемнің бұлты жоқ па тұрған ойнап.
Жүрегің қуанғандай болды ойнап,
Қарашы ауыл жаққа не бар екен?
Қарлыға көзін салып қарай берді,
Үстінде ақ орданың тұрған ойнап,
Батырдың жай бұлтын сонда көрді.
—Көкеңнің бұлты келді, Құдай берді,
Жүр тез,—деп Қарлыға атының басын бұрды.
Қарлығаш бұлтты көріп танды есін,
Қорыққан қуанғанмен бірдей екен.
Көз жасын екеуі де төкті жылап,
«Иә, Құдай, бергеніңе мың шүкір» деп,
Ат қойды енді екеуі елге қарап.
Жақындап келсе ауылға,
Алдынан бір шал шықты не деп сұрап,
Қарлығаш:—Құдай берді, ата,—деді,
Көкемнің бұлты келді үстімізге,
Жоқ шығар енді ешбір қатер,—деді.
Шал байғұс қуанғаннан жылай берді;
—Қарағым, отауда отыр ата-анаң,
Қуантшы шапшаң барып енді жылдам.
Қарлыға иба қылып кейін қалды,
Қуанған бір жағында Қарлығаның,
Айырмай екі көзін бұлтқа салды.
Ағылтып қара көкті қыз Қарлығаш,
Алдына ақ отаудың жетіп барды.
Домалап аттан түсіп үйге кіріп,
«Сүйінші беріңіз» деп айғай салды.
—Көкемнің бұлты келді көрмедің бе,
Жеңеше, сыртқа шық,—деп жұлмалады.
Аққұртқа сасқанынан кебіс кимей,
Сүрініп, иә Құдай, деп бұл барады.
Кемпір-шал домаланып сыртқа шықты,
Қарағым бұлты қайда көрсетші деп,
Құртқадан кемпір мен шал жол сұрады.
Көрсетті сонда Құртқа ердің бұлтын,
Орданың тұтып тұрған тұтас сыртын.
Қыдырбай бұлтты көріп қалды талып,
Кісенің мойнына алды салып.

Қыдырбайдың толғауы:

—Айналсам жалғыз болмай ма,
Төбеге келген бұлтыңнан.
Көк тұйғыным келдің бе,
Жау қарасын көргенде
Жарақсыз шауып ұмтылған.
Бір мен емес көп халық
Тілектес жалғыз сыртыңнан.
Бүгін өлсем арман жоқ,
Қайғыдан басып қамықтым
Жеті айдан бері қызыл шоқ.
Тілеп алған жалғызым,
Көріп өлсем деп едім.
Осы кеткен сапарың
Қауіпті жолдың бірі едің,
Енді Аллаға арман жоқ.
Айналайын Құртқажан,
Анықтап бұлтты қарашы.
Бөтен бұлт болмасын.
Естен танып жүргенде
Жаңылыс болып қалмасын.
Балам ғой деп, қарағым,
Сенен де кейде көремін,
Көңіліңе алмашы.
Анық қара бұлтқа,
Сырласың ғой, жолдасың.

Қобыланды

Барлығы: 307 жыр

Тағы оқыңыз